Жаңалықтар

Арақты жеңу бір сәттік шешімнен басталады

Адамның бойына сіңген сайын тек қана зиянын келтіретін удай тараған уыттың қазақ қоғамының тыныс-тіршілігімен астасып кеткені жанға батады. Дастарқанның сәні саналған арақ бүгінде ұлт денсаулығына төнген үнсіз қауіпке айналды.

Біреу жұмыстан шаршағанда арақ ішіп демалғысы келеді. Енді біреу жанына батқан жарасын ішімдік арқылы жазбақшы болады. Алайда бұл ешқандай да ем емес, қайта дертті одан сайын асқындыратын аласапыран. Бойдағы ең ауыр кеселдерді қоздырушы күш. Оны ойлап жатқан ешкім жоқ.

Жалпы маскүнемдік – тек жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның дерті. Ол қасықтап жинаған абыройыңды әп-сәтте айрандай төгіп, еңбегіңді еш етіп, болашағыңа да балта шаба алатын қасіретке ие. Ал ішкілікке салынған жанды қатарға қайта қосу, ішімдігін қойдыру оңайға соқпайды. Себебі арақпен күрес – ең алдымен санаңмен күресіп, өз жүрегіңмен жекпе-жекке шығу. Ал өмірде өз нәпсіңді жеңіп шығудан асқан қиындық, өз ертеңіңе өз қолыңмен балта шабудан асқан қасірет жоқ. Рух әлсіреген жерде берекесіз тірлік белең алып, бейбастық үстемдік құрады.

«Құдай» деген жан сондықтан ащы суды аузына да алмайды. Ислам адамзатты зұлымдықтан, адасудан және барлық жамандық атаулыдан сақтап, заттық һәм рухани бақытқа кенелтіп, адамның жан дүниесі мен қоғамға тыныштық сыйлауды мақсат тұтқан мейірім діні болғандықтан, адамның есін ауыстыратын, ақылын тұмшалайтын ішімдіктерге үзілді-кесілді тыйым салды. Құран кәрімде Алла Тағала: «Уа, иман келтіргендер! Шындығында арақ, құмар ойын, пұттар, көріпкелдік жасайтын жебелер – шайтанның істерінен. Сондықтан да олардан қатты сақтаныңдар, сонда құтыласыңдар! Шындығында шайтан арақ пен құмар ойындар арқылы сендердің араларыңа от салып, дұшпандық пен жеккөрушілік орнатуды, сендерді Алланың зікірінен, намаздан алыстатуды қалайды, сонда да тоқтатпайсыңдар ма?! Аллаға мойынсұныңдар әрі Оның елшісіне мойынсұныңдар, сақтаныңдар! Ал егер кері кетсеңдер, біліңдер, Елшіміздің бар міндеті  анық жеткізу ғана» – деп айтқан.

Сан ғасырдан бері дінін қадірлеп, дәстүрін құрметтеген ата-бабаларымыз ақ дастарқанына адалдан өзгені жолатпаған. Жүсіп Баласағұн бабамыз:

«Шарап ішпей, бәледен жүр қашықта,

Байқа, атанба зинақор да, пасық та.

Сақ бол, шарап, зинақорлық күйгізер,

Олар тонын кедейліктің кигізер, – деп өсиет қалдырған.

Ал болашақты болжап, қандай кезеңге тап боларымызды дәл айтқан кешегі Мөңке бидің мына айтқандары бүгінгі өміріміздің шындығын көрсетіп тұрған жоқ па?

«Ішкенің сары су болады,

Берсең итің ішпейді,

Бірақ адам оған құмар болады.

Қиналғанда шапағаты жоқ

жақының болады,

Ит пен мысықтай ырылдасқан,

Еркек пен қатының болады».

Міне, бүгін осыдан үш жүз жылдай бұрын Мөңке бидің бұл айтқанын жоққа шығара аламыз ба? Жоқ.

Мамандардың айтуынша, араққа тәуелділікті емдеу – бір ғана адамның емес, бірнеше саланың ортақ міндеті. Ең алдымен, нарколог дәрігерлер медициналық тұрғыда көмек көрсетеді. Одан кейін психологтар мен психотерапевтер тәуелділіктің түпкі себебін анықтап, санамен жұмыс істейді. Ал әлеуметтік қызметкерлер адамның қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасайды. Дегенмен ең бастысы адамның өзі өзгеруге дайын болуы керек. Себебі арақтан айықтыру тек дәрімен емес, ерік пен сананың күшімен жүзеге асатын ұзақ жол. Әсіресе отбасының рөлі аса маңызды. Өйткені жақындарының түсінігі мен қолдауы көп нәрсені шешеді.

Адам қандай жағдайда маскүнемдікке салынады? Өзіне ең жақын адамдарының ақылына құлақ аспай, көше кезіп кетіп, араға 3 жыл салып ес жинап, қатарға қайта қосылған Рүстеммен сөйлескен едік.

Жақынынан айырылу, аяқ астынан келген қайғы адам психикасына ауыр соққы болып тиеді. Мұндай кезде адам жаны ауырсынуды басатын ең жеңіл жолды іздейді. Көп жағдайда ол жол арақ болып көрінеді. Себебі ішімдік қайғыны уақытша ұмыттырады, сезімді тұншықтырады, бірақ ешқашан емдемейді.

Бұл оқиғада да солай болды. Қайғыдан қашқан әке араққа тығылды, ал арақ оны өмірден, жауапкершіліктен, ең бастысы баласынан алыстатты. Адам шынайы ауыр сезіммен бетпе-бет келуге дайын болмаған кезде, оны басатын құрал іздейді. Бірақ басылмаған қайғы уақыт өте тәуелділікке, күйреуге алып келеді. Бастысы Рүстем ес жиды, оянды. Ал ояна алмай жүргендер қаншама? Бұл туралы психолог Айару Нұржанқызымен тілдескен едік.

Ертеректе бір ғалымнан «арақтың неліктен арам етілгендігін түсіндіріп беріңізші», – деп өтінгенде, ол кісі мынадай мысал келтірген екен: «Өгізді егіннің қасына әкеп байлап қойса, ол өгіздің ақылы арқанында болады. Арқаны үзілген кезде егінді таптап, құртады. Сол сияқты адам атаулының да ақылы байлаулы болады. Ол ақыл арақ ішкен кезде үзіледі. Арақ ішкен пенде тура сол өгіз сияқты не істеп, не қойып жүретіндігін өзі бақылай алмайды. Ақылдыны санасызға, абыройлы адамды абыройсыздыққа душар етеді. Сол үшін бұл арақ арам етілген», – деп жауап берген екен.

Шынымен де, араққа мас болған адам ақылынан айырылып, өзін игере алмай, күнә мен сауаптың, пайда мен зиянның аражігін ажыратудан қалады. Хакім Абай «Арақ ішкен, мас болған жұрттың бәрі, не пайда, не залалды біле алмай жүр», – деп айтқанындай, арақ атаулының адамзатқа берер ешқандай пайдасы жоқ екендігін әр адам саналы түрде ұғынғаны жөн.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ