Кәсіпкерлерге қолдау көрсетіле береді
Өңір экономикасының дамуы кәсіпкерлік ортаның ахуалымен де тікелей байланысты. Бұл ретте облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірдегі шағын және орта бизнестің мүддесін қорғау, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау бағытындағы жұмыстарды жүйелі жүргізіп келеді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басты міндеттерінің бірі – кәсіпкерлерге қолайлы, іскерлік орта қалыптастырып, мемлекеттік органдармен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету және бизнестің тұрақты дамуына жағдай жасау.
МҮЛІКТІК ҚҰҚЫҚТАР ҚОРҒАЛУДА
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаевтың айтуынша, осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша облыстық кәсіпкерлер палатасына бизнесті қорғау желісі арқылы 78 өтініш түскен. Оның ішінде 10 өтініш бүгінгі күнге дейін оң шешімін тапса, 15 өтініш бойынша кәсіпкерлерге түсіндіру хаттары жолданыпты. Қалған 53 өтінішке қатысты тиісті мемлекеттік органдарға сұраныс хаттар жіберілген екен.
Түскен өтініштердің 22-сі жер қатынастары саласына тиесілі болса, мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша 11, білім беру бағытында 10, ауылшаруашылығы секторында 4 өтініш тіркелген. Қорғалған мүліктік құқықтардың жалпы сомасы 2,8 миллиард теңгені құраған. Өткен жылдың есепті кезеңінде қорғалған мүліктік құқықтар бойынша көрсеткіш 1,99 миллиард теңге болған.
Палатаға жергілікті мемлекеттік органдардан сараптамалық қорытынды алу үшін де 112 нормативтік-құқықтық акт жобасы келіп түсіпті. Оның ішінде 58 жобаға ескертусіз оң сараптамалық қорытынды берілген. 22 жоба бойынша ұсыныстар жолданып, 32 нормативтік-құқықтық акт жобасына кәсіпкерлердің мүдделерін қозғамайтындығы туралы жауап беріліпті. Сонымен қатар палата жанында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес биыл 10 отырыс өткізсе, оның ішінде бір кеңес сырттай облыстық прокуратура өкілдерімен Сарысу ауданында ұйымдастырылыпты. Осы кеңестерде 11 мәселе қаралса, сол бойынша 15 ұсыныс жолданған екен. 5 мәселе оң шешімін тауып, 5 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған көрінеді.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мақсатында палата өкілдері 13 сот отырысына қатысыпты. Оның ішінде төртеуі бойынша оң шешім қабылданып, бизнес субъектілерінің құқықтары 201 миллион теңге көлемінде қорғалған. Облыстық прокуратура жанындағы кәсіпкерлерді және шетелдік инвесторлардың құқықтарын қорғау бағытында жұмыс істейтін эксперттік кеңес осы жылы 7 сараптамалық жиын өткізіп, 5 жүйелік бизнес мәселесі шешіліпті. Кәсіпкерлік субъектілердің қызметіндегі 16 тексеру жойылған. Биыл жыл басынан бастап облыстық прокуратура органдарымен тығыз ынтымақтастықта және оперативті түрде прокурорлық актілерді енгізу арқылы да кәсіпкерлердің құқықтары қорғалған екен. Құқығы қорғалған 90 кәсіпкерге қатысты жалпы сома 160 миллион теңгені құраған.
СЕРІКТЕСТІК БАЙЛАНЫСТАР НЫҒАЙТЫЛУДА
Палата директорының сөзіне сүйенсек, осы жылдың 11 айында аталған кеңестерде барлығы 52 отырыс өтіп, 130-дан астам мәселе қаралыпы. Олардың қатарында өңірлік кәсіпкерлікті қолдау жобаларын іске асыру, әр салаға қатысты өзекті түйткілдер, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, Салық кодексіне енгізілетін өзгерістерді талқылау, өңдеу өнеркәсібін қолдау шаралары болған. Сондай-ақ ұлттық индустриялық сертификаттау жүйесі аясында өндіріс пен жұмыспен қамтуды дамыту, қазақстандық тауар өндірушілердің жаңа тізілімін қалыптастыру, агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау және нормативтік-құқықтық актілерге енгізілетін өзгерістер күн тәртібіне шығарылған екен.
Бұдан бөлек, құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алулар, геопарктерді құру және іске қосу, Тараз қаласында балалар мен жасөспірімдер туризм орталығын ашу, облыс әкімдігінің туризм басқармасының жұмысын қайта жандандыру мәселелері қаузалған. Сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымдар мен жекеменшік мектептерді қаржыландыру, жұмысшы мамандықтарын насихаттауға арналған шаралар, «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушы кәсіпкерлерді оқыту және қолдау, халықаралық автомобиль және жүк тасымалы, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мәселелері де кеңінен талқыланған. Сонымен қатар салалық кеңестердің ақпараттық сүйемелдеуі арқылы мемлекеттік органдармен және даму институттарымен бірлесіп, 50-ден астам іс-шара ұйымдастырылыпты. Бұл кездесулерде нормативтік-құқықтық талаптар, корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік мәселелері және мемлекеттік қолдау тетіктері түсіндірілген. Биыл осы бағыттарда бас-аяғы 112 іс-шара өткізіліпті.
2025 жылы палата жанындағы салааралық кеңестер кәсіпкерлерді алаңдатқан мәселелерді көтеріп, оларды шешу бағытында белсенді жұмыс жүргізген. Жыл ішінде кәсіпкерлікке қатысты 134 мәселе қаралса, оның 54-і бойынша бизнес иелеріне түсіндірме берілген, 53 мәселе толық шешімін тапқан. Қалған мәселелер палатаның бақылауында және тиісті жұмыстар жалғасуда.
Сонымен қатар серіктестік байланыстарды нығайтуға ерекше көңіл бөлініпті. Үш салааралық кеңес аясында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылған. Әлеуметтік бағыттағы салааралық кеңес «Басқаша іс-әрекет ет» жобасын іске асыру мақсатында «77 TV» телеарнасы, «Жамбыл облысының азаматтық қоғам ұйымдары» қауымдастығы және палата арасында меморандумға қол қойылыпты. Туризм, сауда және қызмет көрсету салалары бойынша салааралық кеңес «Орда» бизнес-клубымен бірлесіп, сарапшылар мен кәсіпкерлердің ортақ бастамаларға қатысуына жол ашатын меморандум жасады.
Маңызды бағыттардың бірі – арнайы жұмыс топтарының қызметі. Аграрлық сала және тамақ өнеркәсібі жөніндегі кеңес тарапынан 2025 жылғы құрғақшылықтан зардап шеккен фермерлерге қолдау көрсетуге арналған ұсыныстар дайындалыпты. Ал өнеркәсіп саласы бойынша құрылған жұмыс тобы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге, өндірістік жүктемені арттыруға және сотталғандарды жұмыспен қамту көлемін көбейтуге бағытталған іс-шаралар жоспарын дайындаған. Сонымен қатар 2025 жылдың сәуір айында бизнеске жасалатын кедергілерді анықтау және оларды жою жөніндегі кеңес аясында арнайы келісімге қол қойылған. Осы жұмыс барысында түрлі саладағы кәсіпкерлердің алдында кездесетін тосқауылдар анықталып, оларды жоюға нақты ұсыныстар әзірленіпті. Бұдан бөлек, кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған жүйелі қолдауды қамтамасыз ету үшін бизнеске кедергілер картасы жасалған көрінеді.
ОҚЫТУ КУРСЫ ОҢ НӘТИЖЕ БЕРУДЕ
Жұмысшы мамандықтары жылы аясында негізгі іс-шараларды жүзеге асыру шеңберінде облыс әкімінің штабы құрылып, осыған орай аймақтық жоспар бекітіліпті. Жоспар 6 бағыт бойынша 123 іс-шараны қамтыса, оның 25 іс-шарасында палата қосалқы орындаушы қызметін атқарған. Сонымен қатар палатаның қолдауымен өңірлік 27 кәсіпорын мен 350-ден астам мектеп оқушысы «Дублер күні» акциясына қатысып, жұмыс орындарында, мысалы тоқыма цехында, өндірісте және сервистік аймақтарда тәжірибе жинақтаған. Палата жұмыс берушілердің мансаптық кездесулерге қатысуын да қамтамасыз етіпті. Жұмысқа орналастыру орталықтарымен бірлесіп 69 іс-шара өткізілсе, ол бойынша 6 381 оқушы қамтылыпты. Оның ішінде 4 288-і 9-11 сынып оқушылары болса, 2093-і колледж студенттері екен.
Айткүл Қуандыққызының есімі облыс, қала берді өзге өңірлерге де кеңінен таныс. Саңырауқұлақ өсірумен айналысатын оның кәсібі туралы уақытында біздің газетімізде де көлемді мақала жарияланған болатын.
Жалпы бүгінде курс түлектері гранттарға өтініш беру және өндірісте инновациялық технологияларды енгізу үшін ғылыми қолдауға ие болып жатқаны шындық. Бұл өз кезегінде облыста ауыл кәсіпкерлігін дамытуда жаңа мүмкіндіктерге жол ашып жатқанын көрсетеді.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ