Жемқорлықты жұмыла әрекет етсек қана жеңеміз
Құр сөз, бос жүріспен қоғамды сыбайлас жемқорлықтан арылта алмайтынымыз анық. Бүгінде тамыры терең қоғамдық дертпен күресудің сан түрлі әдісі іске асып жатқанына қарамастан, әзірге түп-тамырына балта шабу әзірге мүмкін болмай тұр. Бұл – ащы да болса шындық.
БЕРГЕНІ МОЛ БІРЛЕСТІК
Негізі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қоғамда үздіксіз жүргізіле беруі керек. Осы тұрғыдан алғанда еліміз бойынша ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беріп, халық арасында ағартушылық сипаттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келе жатқан «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігінің еңбегі ерен.
Бірлестіктің облыстық филиалының төрағасы Қасымхан Төлендиевтің айтуынша, биыл БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Конвенциясына 22 жыл, ал «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігіне 12 жыл толып отыр екен.
Жалпы қоғамдық бірлестік 2013 жылдың 3 желтоқсанында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімовтың бастамасымен құрылған. Одан кейін барлық облыстарда филиалдары ашылып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді жұмыс істейтін ықпалды қоғамдық күшке айналғанын бүгінде көзіміз көріп отыр.
Қоғамға бергені мол бірлестіктің, оның ішінде еліміздің әр өңіріндегі филиалдарының жұмысы нәтижесіз емес. Соның арқасында «ЖАҢАРУ» РҚБ Біріккен Ұлттар Ұйымының азаматтық қоғамдық бөлімінің ВЕБ-сайтына еніпті. Осыдан екі жыл бұрын БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Конвенциясының 20 жылдығына орай Астанада өткен халықаралық конференцияға қатысқан БҰҰ-ның өкілі «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысының» жұмысы туралы жақсы пікір айтқан екен. Осы конференцияға «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мэлс Семғалиев қатысып, өз ой-пікірімен бөлісіп, квазисекторда құрылған комплаенс қызметінің белсенділігін арттыру туралы ұсынымын жеткізген.
Сондай-ақ М.Семғалиев БҰҰ-ның жемқорлық тақырыбында өткен конференция, форумдарында жоба жетекшісі ретінде сөз сөйлеп, тақырып аясында талдау жасаған. Біріккен Ұлттар Ұйымының осы жылғы маусым, қараша айларында Алматы қаласында, Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында өткен форум, конференцияларында «ЖАҢАРУ» РҚБ-ның өткізіп отырған іс-шараларына оң баға беріліп, жемісті жұмыстары басты баяндамада атап өтіліпті.
ОБЛЫСТА ЖҰМЫС ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Қоғамдық бірлестіктің облысымыздағы филиалы 2014 жылдың 14 қаңтарында ашылған екен. Құрамында өңірдің 11 белсенді азаматы болған. Мұндағы қоғамдық кеңес кейіннен «Журналистік клуб» ретінде құрылған. Кеңестің алғашқы мүшелерінің бірқатары бүгінде маңызды салаларда адал қызмет атқарып, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарымызбен қатар, адалдық, әділеттілік және парасаттылық қағидаттарын дәріптеуге зор үлестерін қосуда.

Аталған келісім-меморандумға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен «ЖАҢАРУ» РҚБ төрағасы Мэлс Семғалиевтің арасында 2023 жылдың 24 қарашасында қол қойылыпты. Бұл мемлекет пен қоғам бір күш болып күрескенде ғана сыбайлас жемқорлықты ауыздықтауға болатынын көрсететіні анық.
Жалпы жастардың құқықтық мәдениеті, құқықтық сауаттылығы және олардың қауіпсіздігі мен қоғамдағы тәртібі күрделі мәселе. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында сөйлеген сөзінде «Жастардың құқықтық сауатын арттыру аса маңызды. Сонда әркім өзінің құқығын қорғай біледі және өзгенің құқығын таптамайды» – деп айтқан болатын. «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігінің 2024 жылы іске асырған «Жастардың құқықтық сауаттылығын, құқық қорғау органдарына деген сенімділігін арттыру бойынша іс-шаралар ұйымдастыру» атты жобасы және 2025 жылы қолға алынған «Жастарды құқықтық тәрбиелеу – сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымның негізі» атты жобасы ұтымды іс болғанын өз өңірімізде атқарылған жұмыстардан да байқауға болады.
Жобаларды іске асыру үшін бекітілген кестеге сәйкес нақты, кешенді іс-шаралар ұйымдастырылғанын айта кетуіміз керек. Былтырдан бері Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде және Қазақ ұлттық сушаруашылығы және ирригация университетінде, Құлан агротехникалық жоғары колледжінде, Жамбыл медициналық жоғары колледжінде ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылғаны есте. Бір айта кетерлігі, осы колледжде сыбайлас жемқорлыққа қарсы «ЖАҢАРУ»-дың жастар қанаты – «Жас қыран!» ұйымы құрылған болатын.
БЕЛСЕНДІЛЕР ЕЛЕУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ
Айта кету керек, Қасымхан Төлендиев Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облысы бойынша департаменті жанындағы Тәлімгерлер кеңесі мен Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі ретінде мемлекеттік қызметтің имиджін көтеруге, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормасы мен тәртібі, мемлекеттік органдарға деген сенімін, қызығушылығын арттыруға, сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділік танытуға, халыққа адал қызмет көрсету мәселелеріне барынша атсалысуға тырысып жүр. Содан шығар биыл Мемлекеттік қызмет істері агаенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев қол қойған «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісін 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қолынан алған болатын. Бұл филиал төрағасының көпжылғы мемлекеттік қызмет саласындағы қажырлы еңбегінің жоғары бағаланып отырғанын білдіреді. Әр кездерде «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен мен «Алтын барыс» төсбелгісімен марапатталған. Сонымен қатар Жамбыл облысының, Тұрар Рысқұлов, Шу аудандарының Құрметті азаматы. Облыс әкімдерінің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының, «АМАНАТ» партиясы Төрағасының Алғыс хаттарымен де марапатталған.
Осы орайда Қасымхан Естемесұлынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүргізуде белсенділік танытқандарды филиал қалай бағалап жатқанын сұрадық.
Байқағанымыздай «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы қоғамда адалдық пен жауапкершілік қағидаттарын орнықтыруға сүбелі үлес қосып келеді. Аталған бірлестік өз бастамалары аясында жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған нақты істері арқылы ерекшеленуде. Алдағы уақытта біз сөз еткен филиал мемлекет пен қоғамның өзара сенімін нығайту жолындағы белсенді жұмысын жалғастыра бермек.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ