Қоғам

Қауіпсіз орта қалыптастыру – ортақ міндет

Қазіргі таңда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық бүкіл әлемде кең таралған әлеуметтік қатердің бірі болып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, жыл сайын жарты миллионнан аса адам зорлық-зомбылық салдарынан көз жұмады екен.

Мұндай оқиғалар әсіресе жастар мен балалардың психикалық және физикалық денсаулығына зиянын тигізіп, қоғамның тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Қазақстанда да бұл мәселе отбасылық-демографиялық саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналды. Ел бойынша әрбір үшінші әйелдің зорлық-зомбылықтан зардап шегуі жағдайды терең талдауды және алдын алу шараларын жүйелі түрде күшейтуді талап етеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зорлық-зомбылықтың деңгейін төмендету үшін заңнаманы жетілдіру, жауапкершілікті қатаңдату және патрульдік қызметтің бақылауын арттыру қажеттігін атап өтті. Бұл – отбасылық тәртіпті нығайтуға және қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдар. Облысымызда да осы мәселемен жүйелі түрде жұмыс жүргізілуде. Тараз қаласында және Қордай ауданында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталықтары қызмет етеді. Сондай-ақ облыстың барлық аудандарында отбасын қолдау орталықтары жұмыс істейді. Олардың қызметін «Анаға тағзым» облыстық отбасылық даму орталығы үйлестіреді. Бұл тұрғындарға кеңес беру, қолдау көрсету, дағдарыстан шығару және профилактикалық жұмыстар жүргізуде маңызды рөл атқаруда.

Өңірде «Отбасының цифрлық картасы» деректеріне сәйкес 338,9 мың отбасы бар, оның 87,5 мыңы әлеуметтік осал санатқа жатады. Осындай отбасылармен мақсатты жұмыс жүргізу үшін облыстың барлық өңірлерінде мобильді топтар құрылған. Бұл топтардың құрамына білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларының қызметкерлері, полиция, пробация қызметі, әкімдік өкілдері, ішкі істер органдары енеді. Олар кешенді түрде жұмыс жүргізіп, отбасыларды дер кезінде анықтап, қажетті көмек көрсетіп келеді.

Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелеріне тоқталып өтті. Ол тұрмыстық зорлық-зомбылықтың әлеуметтік салдарына, оның отбасы тұрақтылығына тигізетін әсеріне және қазіргі уақытта өңірде жүзеге асырылып жатқан алдын алу шараларының тиімділігі туралы ақпарат берді.

Бүгінде облыста жалпы 11 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Оның үшеуі – Байзақ, Жуалы және Талас аудандарында орналасқан. Биылғы 6 айда бұл орталықтарға тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар 32 отбасы, оның ішінде 82-сі баласымен орналастырылған. Бұл басқа аудандарды да осындай жатын орындармен қамтамасыз ету қажеттігін көрсетеді. Осыған байланысты Тараз, Жамбыл, Меркі, Мойынқұм, Қордай, Т.Рысқұлов, Сарысу, Шу аудандарында бұл мәселе басты назарда тұрса игі.

Жалпы өңірде атқарылып жатқан шаралар бұл жайттың тереңдігін ғана емес, оны жүйелі шешуге деген мемлекеттің нақты ұмтылысын көрсетеді. Зорлық-зомбылыққа қарсы жұмысты күшейту, профилактиканы жетілдіру және қолдау орталықтарының әлеуетін арттыру қоғамның тұрақтылығына тікелей әсер ететін маңызды бағыт. Бүгінде облыста құрылған мобильді топтардың пәрменді жұмысы көптеген отбасыны қиын жағдайдан алып шығып, жедел қолдау көрсетуге мүмкіндік беріп отыр. Әсіресе патрульдік қызметтің белсенділігі артып, пробация органдарының жауапкершілігі күшейгені алдын алу шараларының нәтижелілігін айқындайды.

Отбасын қолдау орталықтары көрсетіп отырған қызмет ауқымы жыл сайын кеңейіп, тұрғындардың сеніміне ие бола бастады. Бұл орталықтар тек дағдарыс жағдайынан шығу жолын ұсынатын орын ғана емес, отбасылық мәдениетті нығайтуға арналған маңызды әлеуметтік институтқа айналды. Жыл басынан бері анықталған жүздеген отбасының ішінен нақты көмек алып, жеке жоспар бойынша оң нәтижеге жеткендері жүйенің тиімділігін дәлелдеп отыр. Зорлық-зомбылықтың алдын алуда білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларының бірлескен жұмысы да үлкен рөл атқаратыны анық.

Тұрмыстық зорлықтың салдарынан уақытша паналауды қажет ететін, мұқтаж ата-аналар мен балалардың қауіпсіздігі бірінші кезекте тұруға тиіс. Сондықтан мамандандырылған орталықтардың санын арттырып, олардың материалдық-техникалық базасын күшейту өңірдің әлеуметтік тұрақтылығына қосылған тікелей үлес болары анық.

Жалпы облыстағы тәжірибе отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресте кешенді тәсілдің тиімді болатынын көрсетуде. Әлеуметтік осал санаттағы 87,5 мың отбасының жағдайын бақылауда ұстау, олардың мәселесін дер кезінде анықтау және нақты көмек көрсету үлкен жауапкершілік. Үйдегі тыныштық қоғамның тыныштығы екенін ұмытпайық. Сондықтан әр отбасыға қамқорлық көрсету, әр баланың қауіпсіз ортада өсуін қамтамасыз ету – баршамыздың ортақ парызымыз. Жүйелі жұмысты одан әрі жетілдіру арқылы ғана біз зорлық-зомбылықсыз, сенімді, берік қоғам құра аламыз.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ