Қоғам

ЖӘРМЕҢКЕ ЖАРЛЫНЫ БАЙЫТПАЙДЫ, ЖАЛҒЫЗДЫ ЖАРЫТПАЙДЫ

ЖӘРМЕҢКЕ ЖАРЛЫНЫ БАЙЫТПАЙДЫ, ЖАЛҒЫЗДЫ ЖАРЫТПАЙДЫ

Жер-жаһанды жаулаған Covid-19 індеті әлемдік экономикаға зор соққы болып тиді. Әрине дүниені бір тарының қауызына сыйдырып жіберген індеттің салдары елімізді де айналып өтпеді. Әсіресе қымбатшылық қос бүйірден қыспаққа алып, әлі күнге дейін баға «байлауға» көнбей тұр. Басқа-басқа, күнделікті тұтынатын азық-түлік бағаларының қымбаттауы қарапайым халықтың қалтасын қағып, «шықпа жаным, шықпамен» күн көруге мәжбүр етті. Обалы не керек, ел Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдар қымбатшылықтың алдын алу мақсатында түрлі тәсілдер қолданып, еліміздің экономикалық әлеуетін көтеруге барын салып-ақ жатыр. Мәселен еліміздің барлық аймақтарында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін өткізудің жолға қойылғаны осы сөзіміздің айғағы. Алайда апта сайын өткізіліп жатқан жәрмеңкелер қымбатшылыққа тұсау бола ала ма? Міне, мәселе осында.

Бірнеше жетіден бері жылдағы дәстүр бойынша облыс әкімдігі ауыл шаруаш ыл ығы басқармасының ұйымдастыруымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде. Жуырда кезекті мәрте «Grand bazar» сауда кешенінде өткен жәрмеңкеде сабылысқан қала тұрғындарының арасынан біз де табылдық. Жәрмеңкеге ағылып келген халықта қисап жоқ. Себебі сөреге түскен азық-түліктің бағасы нарықтағымен салыстырғанда 10-15 пайызға арзан. Сондықтан да сатып алушылардың көңілі тоқ. Ал сатушылардың жәрмеңкені ұйымдастырушы жауаптыларға деген өкпесі іште ерімес мұзға айналғандай. – Жәрмеңке қала тұрғындарына тиімді шығар. Алайда мал баққан шаруаға салмақ болмаса, тамшыдай да пайдасы жоқ. Қазір жемшөп қымбат. Бір жылқы бордақылаудың өзіне қаншама қаржы кетеді. Мәселен бүгін жәрмеңкеге жылқымызды сойып алып келдік. Таңнан бері бір келісін өткізе алмай тұрмыз. Ал әкімдік өкілдеріне бәрібір. Есектері көпірден өтсе болды. Жәрмеңкеден кейін саған пысқырып та қарамайды, – дейді Жамбыл ауданынан ет алып келген сатушы Шара Қалиева. Басқа да сатушылар жәрмеңкенің шаруа үшін тиімсіз екенін айтып, мұңын шақты. Сатушылардың арыз-шағым, талап-тілегі бір-бірінікімен астасып жатты. – Жәрмеңке үшін кемі бір малымызды сойып алып келіп, бір келісін де өткізе алмай қайтатын күндеріміз болады. Сонда жәрмеңке кімге тиімді? Жалпы жәрмеңке қала тұрғындарына ыңғайлы болуы үшін ашық алаңқайда, халық тығыз қоныстанған бірнеше аумақта өткізілуі керек. Сізге бір ғана мәселемізді айтайық. Біз «Grand bazar» сауда кешенінің ет сатушыларымен бірге тұрамыз. Ал бірнеше жыл бұрын ашылған базарда бағаның қаншалықты қымбат екенін жақсы білесіздер. Біз саудалаған ет нарық бағасынан әлдеқайда төмен болады. Соған қарамастан бас сұғып та қарамайды. Өйткені саналарында «мұнда ет қымбат» деген ой қалыптасып қалған. Даладан, адам аяғы көп жүретін жерден орын берсе сатып алушылардың қарасы көп болатын еді. Жәрмеңкені ұйымдастырушылар «Ет қарайып кетеді» деп, кешеннің ішіндегі бір қуысқа тығып тастаған, – дейді Байзақ ауданынан келген Бағлан Наурызбекова. Сатушылардың жанайқайын жауапты тұлғаларға жеткізіп, пікір алуға тырыстық. – Саудагерлердің даладан орын бермейді деуі дұрыс емес. Шынымен-ақ далада тұрса ет тез қарайып кетеді. Жалпы жәрмеңкеге қатысушы саудагерлер тек белгіленген күні ғана шықпай, күнделікті сатамыз десе де жағдай жасаймыз. Ешқандай шектеу жоқ. Сонда бүгін сата алмай қалған тауарын ертең немесе арғы күні де сатса болады. Сауда кешенінен тегін орын алып береміз, – дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Дулат Оспанов. Ал кешеннің алдында, яғни ашық алаңқайда тұрған сатушылар Тараз қаласына келіп-кетудің өзі оңайға соқпайтынын айтады. Жанармай қымбат, жол ұзақ. Сондықтан сатушылар жол шығыны қарастырылмағанына наразы. – Жәрмеңке тек сатып алушыларға ғана емес, сатушыларға да тиімді болу керек. Халықтың бір тарапы пайдасын көріп, енді бір тарапы зиянын шегіп жатса, не үміт, не қайыр? Сонымен қатар сатушылар өз көлігімен келеді. Бізге көлік мәселесін де шешіп берсе жақсы болар еді. Қазір жанармай бағасы қымбат. Сондықтан алдағы уақытта аудан, облыс әкімдігі тарапынан жол шығынына байланысты жеңілдік қарастырылса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді аты-жөнін атамауымызды өтінген сатушы.  Жалпы жәрмеңкеде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бекіткен баға бойынша пияз 100, картоп 130, қызылша 160, қырыққабат 60, қызанақ 160, күнбағыс майы 800, қант 480, ысталған шұжық 1 800, бұқтырылған шұжық 1500, тауық еті 971, тауық жұмыртқасы 350, бал 2000 теңгеден сатылып жатыр. Қалай болмасын дәл қазіргі жағдайда қысылтаяңнан шығудың ең тиімді жолы жәрмеңке болып тұр. Алдағы уақытта жоғарыдағы сатушылардың ұсынысы ескеріле отырып жәрмеңке тіпті жандана түссе, халыққа пайдасы болмаса, зияны тимейтіні анық. Иә, әркімнің өз шындығы бар. Сатушы тауарын қымбат сатсам дейді, сатып алушы арзан алсам дейтіні заңдылық. Алайда сол сатып алушы мен сатушының арасынан жол тауып, ең бастысы халықтың жағдайын жасауға тырысып жатқан ұйымдастырушылардың ісіне «Бәрекелді» дегеннен басқа айтарымыз жоқ. Ал сіз қалай ойлайсыз құрметті оқырман, жәрмеңке тауарлары арзан ба, қымбат па? Қымбатшылықты жеңудің бұдан басқа қандай жолы бар?

Шапағат ӘБДІР