Ауру ерте сатысында анықталса асқынбайды
Облыстық көпбейінді орталық ауруханада ішек қабыну ауруларының алдын алу, ерте диагностикалау және тиімді емдеу жолдарына арналған өңірлік ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Маңызды іс-шараға Қызылорда және Түркістан облыстарынан келген жетекші гастроэнтерологтар, облыстың тәжірибелі хирургтары, жалпы тәжірибелік дәрігерлер, сондай-ақ медициналық ұйымдардың басшылары мен сала мамандары қатысты.
Конференцияның басты мақсаты – ішек қабыну аурулары, соның ішінде Крон ауруы мен ойық жаралы колитті ерте анықтау, заманауи диагностикалық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану және халықаралық стандарттарға сай емдеу тәсілдерін енгізу арқылы өңірдегі гастроэнтерологиялық көмектің сапасын арттыру болды.
Соңғы жылдары аймақта созылмалы-қабынбалы ішек ауруларының, әсіресе Крон ауруының жиілегені айтылды. Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде облыста Крон ауруымен 42 науқас диспансерлік есепте тұр. Ал 2022 жылы бұл көрсеткіш небәрі 28 пациентті ғана құраған.
Мамандар мұндай өсімді бірнеше факторлармен байланыстырады. Атап айтқанда, халықтың ауру жөніндегі хабардарлығының артуы, диагностикалық әдістердің жетілдірілуі, эндоскопиялық зерттеулердің қолжетімді болуы, сондай-ақ аурудың нақты таралу деңгейінің ұлғаюы осы көрсеткіштердің өсуіне ықпал еткен.
Крон ауруы – ас қорыту жүйесінің кез келген бөлігін зақымдауы мүмкін созылмалы-қабынбалы дерт. Көбінесе ашішек пен тоқішектің қабынуымен көрініс береді. Аурудың нақты себебі әлі толық анықталмағанымен, оның дамуына иммундық жүйенің бұзылыстары, генетикалық бейімділік және қоршаған орта факторлары әсер ететіні белгілі.
Бұл дерт өршу және бәсеңдеу кезеңдерімен сипатталады. Негізгі клиникалық белгілеріне іштің ауыруы, созылмалы іш өту, салмақтың төмендеуі, жалпы әлсіздік, тәбеттің жоғалуы және қаназдық жатады. Уақытында емделмеген жағдайда ауру асқынуларға әкеліп, хирургиялық араласуды қажет етуі мүмкін.
Конференция барысында ішек қабыну ауруларын диагностикалауда қолданылатын заманауи эндоскопиялық әдістер, бейнекапсулалық эндоскопия, КТ (компьютерлік томография) және МРТ-энтерография (магниттік-резонанстық томография) мүмкіндіктері, сондай-ақ қабыну белсенділігін анықтауда биомаркерлердің рөлі жан-жақты талқыланды.
Сонымен қатар күрделі және резистентті жағдайларда биологиялық терапияны қолдану тәжірибесі, оның тиімділігі мен қауіпсіздігі, халықаралық клиникалық хаттамаларды өңірлік тәжірибеге енгізу мәселелері кеңінен қарастырылды.
Іс-шара аясында мамандар өзара тәжірибе алмасып, клиникалық жағдайларды талқылап, өңірде гастроэнтерологиялық көмекті жетілдіруге бағытталған нақты ұсыныстарын ортаға салды. Әсіресе бастапқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде ауруды ерте анықтаудың маңыздылығы және пациенттерді уақытылы мамандандырылған орталықтарға жолдау қажеттігі атап өтілді.
Сонымен қатар конференцияда облысымызда жаңадан ашылған Ішек қабыну аурулары орталығының жұмысы таныстырылды. Бұл орталықта заманауи диагностикалық және емдеу технологиялары қолданылып, аймақ тұрғындарына жоғары технологиялық әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету көзделген. Мамандар аталған орталықтың тәжірибесі басқа өңірлер үшін де үлгі бола алатынын жеткізді.
Жалпы алғанда бұл конференция өңірде созылмалы ішек ауруларымен күрестің жаңа кезеңін бастап, медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға, ғылыми жаңалықтарды тәжірибеге енгізуге және пациенттерге көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын жақсартуға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Облыс әкімдігі денсаулық сақтау
басқармасының баспасөз қызметі