Ел ырысы еселенуде
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың қатысуымен брифинг өтті.
Атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы жоспарлармен бөліскен басқарма басшысы алдымен макроэкономикалық көрсеткіштерге егжей-тегжейлі тоқталды.

Осы мақсатта өңірлік тұрақтандыру қорындағы тауарлар нарықтағыдан төмен бағамен тауарлық интервенциялар тетігі арқылы ірі сауда желілері мен әлеуметтік дүкендерге орналастырылыпты. Бұл тәсіл сауда субъектілері арасында бәсекелестік орта қалыптастырып, басқа сауда орындарында бағаның өсуіне жол бермейді.

Келесі кезекте басқарма басшысы базарларды жаңғырту бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Тараз қаласында 3 базарды («Жібек жолы»), «Салтанат», «Якка сарай») жаңғырту қарастырылған екен. Жоспарға сәйкес, «Салтанат» базарында құрылыс жұмыстары 2025 жылдың мамыр айында басталыпты. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 80 пайызы орындалған. Жол картасы бойынша аяқталу мерзімі – 2025 жылдың желтоқсаны.
Ал «Якка сарай» базары бойынша осы жылдың маусымында құрылыс жұмыстары басталып, қажетті тіреулері мен фермалары қойылып жатқан көрінеді. Орындалған жұмыс көлемі – 70 пайыз. Желтоқсан айында құрылыс жұмыстары аяқталады деп күтілуде. Сол секілді «Жібек жолы» базарында құрылыс жұмыстарының 70 пайызы орындалыпты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке инвестиция тарту жүйесін түгел жаңғырту жөніндегі нақты жоспарды қысқа мерзім ішінде әзірлеу міндеттеді.
«Елімізге қомақты инвестиция тарту керек. Қазір дүние жүзінде инвестицияға талас күшейіп барады. Жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет. Қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымды деп айта алмаймын. Қаражаттың көбі шикізат салаларына құйылып жатыр. Жалпы, бұл жаман емес, осындай инвестициялар бізге қажет.
Бірақ қазір алдымызда тұрған міндет – басқа. Бұл – өңдеу саласына көбірек қаражат тарту. Сондықтан Үкімет инвестиция саясатына басқаша көзқараспен қарауы керек. Қажет болса, жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік беруге болады. Сондай-ақ мемлекеттің инвестициясы мен жеке бизнестің ірі бастамаларына бірдей назар аудару қажет.
Ірі инвесторлармен қатар орта және шағын инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеу керек. Қаражаттың қай бағытқа, қандай мақсатпен және қанша көлемде қажет екенін нақты білу қажет. «Инвестицияға тапсырыс» өндірістің сұранысына сай жасалуы керек.
Еліміздегі инвесторлармен қарым-қатынас жүйесі күрделі әрі бытыраңқы. Қағазбастылық көп, түрлі органдардың құзыреттері қайталанады. Ал қазіргі күрделі ахуал кезінде инвестиция тарту – кезек күттірмейтін мәселе, бізге жаңа ұстаным керек. Қалай болса да, инвестиция тарту бойынша барлық үйлестіру жұмысы тікелей Премьер-министрге жүктеледі. Жаңа министрлік құрудың қажеті жоқ» – деді Президент.
Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес бүгінде өңірімізде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Аспандияр Мұраталыұлының келтірген деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың қаңтар-қараша айларының қорытындысы бойынша облысымызға 599 миллиард теңге инвестиция тартылып, 32,3 пайызға артыпты. (2024 жылы – 435,8 миллиард теңге). Инвестициялар құрылымында жеке инвестициялар үлесі 82 пайызды, бюджеттік инвестициялар үлесі 18 пайызды құрайды.
Басқарма басшысының айтуынша, туризм саласында да айтарлықтай табысқа қол жеткізілген. Биылғы 6 айда облысқа 99 852 турист келіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда туристер саны 104,4 пайызға артыпты. 10 айдың қорытындысымен туризм саласына 18,3 миллиард теңге инвестиция тартылыпты. Болжам бойынша жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 20 миллиард теңгеге жетеді деп күтілуде.
Сондай-ақ салада жалпы сомасы 27,3 миллиард теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олардың қатарында «Талбесік» этноауылы, «Hilton» қонақүйі, «Tary» визит орталығы сияқты ірі туристік жобалар бар. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде 350 жаңа жұмыс орны ашылады деп болжануда.
Биылдың өзінде өңірде 9 туристік нысан (жалпы құны – 6 миллиард теңге) ашылған. Жыл соңына дейін заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған тағы 1 туристік нысан ашылады деп жоспарлануда.
Туризм инфрақұрылымын қалыптастыру бағытында жалпы ұзындығы 34,8 шақырымды құрайтын 3 туристік нысанға алып баратын автомобиль жолдарының құрылысын жүргізуге жергілікті бюджеттен 1 миллиард 186 миллион теңге бөлініпті.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ