«Қылмыстың салдарымен емес, себебімен күресу қажет»
Биыл өңіріміздің құқық қорғау саласында қоғам назарын аудартқан даулы жағдайлар аз болған жоқ. Соған қарамастан, полиция қызметінде оң өзгерістер мен нақты нәтижелер де бар. Осыған орай біз облыстық полиция департаментінің басшысы Қайсар Сұлтанбаевпен сұхбаттастық. Қызметіне кіріскеніне көп уақыт өтпесе де, айтары салмақты басшы жыл қорытындыларына тоқталып, атқарылған жұмыстар мен жүзеге асқан шараларды саралап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
– Қайсар Әбілекұлы, ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденов 2025 жылды «Профилактика жылы: полиция Заң мен Тәртіп күзетінде» деп жариялағаны белгілі. Мемлекет басшысы да биыл «Заң мен тәртіп» қағидатына баса назар аудару керектігін айтып, қандай дәрежедегі болсын қылмыстың орын алмауына, адам құқығы тапталмауына айрықша көңіл бөлді. Алғашқы сұрағымызды осыдан бастасақ. Жүктелген міндеттер аясында биыл облыста қандай ілкімді істер жүзеге асырылды?
– Өздеріңіз білетіндей, облыстық полиция департаментінің басшылығына қазан айында тағайындалдым. Сол сәттен бастап ең алдымен профилактика мәселелеріне назар аудардым. Ең өзекті мәселелердің бірі – жасөспірімдер арасындағы қылмыс, буллинг, бірін-бірі ұрып-соғу, ақша бопсалау және басқа да келеңсіз жағдайлар. Екінші маңызды бағыт – интернет-алаяқтық. Аталған қылмыс түрі бойынша облыс көлемінде өсім бар екені белгілі. Үшінші бағыт – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Өңіріміздегі ахуалды зерделей келе, біз дәл осы үш мәселені басым бағыт ретінде айқындадық. Талдау көрсеткендей, қылмыстардың басым бөлігі түнгі уақытта жасалады. Осыған байланысты облыс көлемінде барлық күш жұмылдырылып, нүктелі орындарға профилактикалық іс-шаралар жүргізіле бастады. Соның нәтижесінде 3 мыңнан астам пышақ, кастет және басқа да суық қарулар тәркіленді. Қарулардың көбі жасөспірімдер мен кәмелетке толмағандардың өздерімен алып жүруінен анықталды. Мектептер бойынша да жұмыстар күшейтілді. Әрбір білім беру ұйымына ювеналдық полиция инспекторлары, учаскелік полиция қызметкерлері және жедел уәкілдер бекітіліп, олардың тізімі қайта жаңартылды. Осы шаралардың нәтижесінде бүгінгі таңда 13 қылмыстық іс қозғалды. Аталған істер тергеліп, сотқа жолданатын болады. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында түнгі рейдтер ұйымдастырылды. Әсіресе Тараз қаласында түнгі сағат 12-ден 1-ге дейін және одан кейін ойын-сауық орындарына – кафе, ресторан, караоке клубтарға бақылау күшейтілді. Соның арқасында көшеде және қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстардың саны едәуір азайды. Атап айтқанда, 11 айдың қорытындысы бойынша қоғамдық орындардағы қылмыс 24,4 пайызға, ал көшедегі қылмыстар 16,9 пайызға төмендеді. Сонымен қатар бұрын сотталған және арнайы есепте тұрған тұлғалар тарапынан жасалатын қылмыстарға да ерекше көңіл бөлінді. Учаскелік полиция инспекторларының профилактикалық жұмыстарының нәтижесінде бұл санаттағы қылмыстар 8 пайызға азайды.
Профилактикалық жұмыстар барысында кейбір қызметкерлер тарапынан формальді көзқарас болғаны байқалды. Осыған байланысты барлық аудандарға арнайы топтар жіберіліп, кемшіліктер анықталды. Қараша айында облыс көлемінде учаскелік және ювеналдық полиция инспекторлары, аудандық полиция басшылары қатысқан кеңейтілген жиын өткізілді. Онда барлық кемшіліктер слайдтар арқылы ашық көрсетіліп, бұл тексерулердің жалғасатыны ескертілді. Кейбір учаскелік полиция пункттерінің қараусыз қалғаны, ал мектептер мен колледждерде полиция қызметкерлерінің профилактикалық жұмысты формальді түрде ғана жүргізгені анықталды. Бұл жағдайлар ашық мойындалып, жұмысты жандандыру шаралары қолға алынды.
– Облыста орын алған жасөспірімдер қылмысына қатысты ауыр оқиғалар, оқушылар арасындағы жантүршігерлік деректер қоғамды алаңдатып отыр. Өзекті өртейтін қайғылы жағдайлардан кейін, құқық қорғау органдары «қылмысқа бейім» жасөспірімдермен қандай нақты жұмыс жүргізе бастады?
– Атқарылды, өтті деген жұмыстардың бәрі де бізде – құқықбұзушылықтың салдарымен күресу ғана. Сондықтан қылмыстың себептерін түп-тамырымен жоюға әрекет ету қажет. «Қылмыскер» атанған адамдардың ешбірі жаман қасиетпен туылған жоқ, бәрі бір отбасының баласы, олар да бір кездері жас болды, мектепте оқыды. Тәрбиенің бастауы – отбасы. Ал, тұлғаның қалыптасуына ықпал ететін негізгі фактордың бірі – мектептегі тәрбие. Егер оқу ордасында бағыт-бағдар дұрыс берілсе, қылмыстың алдын алуға болады. Бұл жерде мұғалімдер, ата-аналар, учаскелік және ювеналдық полиция инспекторлары бірлесіп жұмыс істеуі керек. Бала мінезі бұзылып бара жатса, оны дер кезінде түзету – баршамыздың ортақ міндетіміз. Сонда маскүнемдік те, нашақорлық та, басқа да әлеуметтік дерттер азаяды. Дейтұрғанмен отбасы мен мектеп міндетті деп өзімізден жауапкершілікті итеріп отырған жоқпыз. Жасөспірімдерге қатысты қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында профилактикалық жұмыстар күшейтілген. Қазіргі таңда облысымызда 522 мектеп, 42 колледж бар. Барлық мектептер мен колледждерге полиция қызметкерлері қайта бекітілді. «Қауіпсіз мектеп», «Түнгі қала» іс-шаралары аясында құқықтық түсіндіру, рейдтер, әлеуметтік-психологиялық талдау жұмыстары атқарылуда. Нәтижесінде 32 адам буллинг үшін жауапқа тартылса, тәуекел тобындағы 223 оқушы анықталып, олармен арнайы жұмыс жүргізілді.
– Полиция қызметкерлері облыс әкімдігінің білім басқармасымен және ата-аналық жауапкершілікті орындамай жүрген отбасылармен қалай үйлесімді жұмыс істеп отыр? Негізгі мақсат – жазалау емес, баланы қалыпты ортаға қайтару екені түсінікті. Бұл бағытта нақты қандай шаралар қолға алынды?
– Өрендермен жұмыс жүргізу оңай емес, бірақ барынша жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықты болдырмау мақсатындағы қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатырмыз. Мәселен полиция қызметкерлері жүргізіліп жатқан «Жасөспірім» іс-шарасы барысында жайсыз отбасылар мен тәуекел тобындағы балалар бақылауға алынып, әлеуметтік қолдау көрсетілуде. Облыста 230 отбасы мен 559 жасөспірім есепке алынып, қазіргі таңда 288 отбасы мен 423 жасөспірім полицияның бақылауында. 23 жасөспірім арнайы мектепке орналастырылды, тиісті қадағалау жасамаған, міндетіне немқұрайлы қараған 66 ата-ана құқығынан айырылып отыр. Түзу жолға бағыттау мақсатында 395 бала спорттық және мәдени үйірмелерге тартылды. «Ашық есік күні» арқылы балалардың полиция жұмысына қызығушылығын арттыру және құқықтық сана қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Өгей ата-анамен тұратын балалар бар отбасылар күнделікті бақылауға алынып, учаскелік инспекторлар мен ювеналдық полиция қызметкерлері әлеуметтік педагогтармен бірге профилактикалық тексерулер жүргізуде. Сол секілді зорлық-зомбылықтың алдын алу және құқықбұзушылықтың алғашқы белгілерін ерте анықтау мақсатында балалармен жеке сұхбаттар өткізіліп, тұрмыстық жағдайы зерделеніп тұрады.
– Талап ету үшін ең әуелі қажетті қолдауды да көрсете білу керек. Қазіргі кадр тапшылығы жағдайында бір инспектордың 2–3 мектепке жауапты болуы олардың жұмыс тиімділігіне әсер етіп отырғанынан хабардармыз. Осы мәселені шешу үшін қандай қоғамдық немесе мемлекеттік қолдау тетіктері қарастырылып жатыр? 2026 жылы ювеналдық инспекторлар санын арттыру жоспарда бар ма?
– Қай сала болса да жұмыстың кемшіліксіз жүйелі атқарылуы, сапалы жүргізілуі кадрға тікелей байланысты. Құқық қорғау қызметінде де дәл солай. Өкінішке қарай қазіргі уақытта ювеналдық полиция инспекторларының саны жеткіліксіз, жалақысы ең төмен, кәсіби дайындығы әркелкі. Олай дейтінім, полиция департаментіндегі 150-ден астам инспектордың жартысы – әйелдер, олардың біразы декреттік демалыста. Қалғандарына бірнеше адамның жұмысы жүктелген. Мұндай жағдайда сапалы профилактика жүргізу қиын. Сондықтан осы мамандарды материалдық-техникалық қамтамасыз ету маңызға ие болып отыр. Мысалы өңіріміздегі тұрғындардың көпшілігі ауылды жерде өмір сүреді. Елді мекендерде бір ювеналдық полиция қызметкеріне орта есеппен бес-алты мектеп бекітіледі. Осынша мектепті қамтып, қауіпсіздік жұмыстарын сапалы жүргізу үшін қызметкерде қажетті жағдай мен құрал-жабдық болуы тиіс. Ең алдымен оған барлық дерекқорлар мен ақпараттық базалар енгізілген планшет қажет. Екіншіден, қызмет барысында қауіпсіздік пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін бейнетіркегіш болуы тиіс. Үшіншіден, бірнеше мектепке уақтылы барып, толыққанды жұмыс істеу үшін автокөлік керек.
Сапалы жұмысты талап етпес бұрын, ең алдымен, қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартып алу қажет. Сонда ғана мен қарамағымдағы мамандардың кәсіптік міндеттеріне сын айтуға құқылымын. Қызметке тағайындалған сәтте ең алдымен осы ювеналды полиция қызметкерлерінің жағдайын назарыма алып, облыс әкімімен кездескен болатынмын. Келіссөз нәтижесінде 2026 жылдан бастап ювеналдық полиция инспекторларының жалақысы екі есе өсіп, учаскелік полиция деңгейіне теңестірілуге қол жеткіздік. Жаңа жылдан бастап жаңа ғана тілге тиек еткен мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табатын болады. Мәселен 170-ке жуық жаңа автокөлік алынатын болса, басым бөлігі ауылдық жерлердегі ювеналдық инспекторларға пайдалануға беріледі.

Ювеналдық полиция қызметкерлерінің өздерінде дайындық негізінен жаман емес, алайда ұзақ уақыт бойы мотивация мен стимулдың болмауы жұмыстың сапасына әсер етіп келді. Қазіргі таңда бұл мәселе шешімін тауып отыр, мотивация да, стимул да бар. Енді әрбір қызметкер, егер ары қарай осы салада жұмыс істеуге ниеті мен талабы болса, өзін көрсете алады. Менің негізгі көзқарасым – алдағы уақытта ювеналдық полиция қатарына университеттерді немесе Ішкі істер министрлігінің ведомстволық жоғары оқу орындарын жаңа ғана бітіріп келген жас қызметкерлерді көбірек тағайындау қажет. Себебі жас қызметкерлер мектеп пен колледж қабырғасындағы жасөспірімдермен тезірек тіл табысады. Олар замандас болғандықтан, араларында табиғи психологиялық байланыс орнайды, бір-бірін жеңіл түсінеді, ортақ әңгімелері мен қызығушылықтары болады. Мұндай жағдайда сенім қалыптасып, қарым-қатынас әлдеқайда тез жолға қойылады. Ювеналдық полиция қызметкері мен жасөспірім арасындағы моральдық-психологиялық контакт өте маңызды. Осындай байланыс болған кезде ғана қызметкер баланың ортасындағы жағдайды, туындап жатқан мәселелерді тереңірек әрі жылдамырақ ұғына алады. Сондықтан жастармен жұмыс істеу үшін жас, заманауи ойлайтын қызметкерлерді көбірек тарту дұрыс деп есептеймін. Ең маңыздысы ювеналды полиция қызметкерінің педагогикалық, психологиялық білімі болғаны жөн.
– Жалпы алғанда, облыстық полиция департаментінің шешуді қажет ететін негізгі проблемалары қандай? Қызметтік автопарк, техника, учаскелік пункттердің ғимараттары мен тұрмыстық жағдайы бойынша қажеттілік бар ма? Бұл факторлар қызметкерлердің жұмыс мотивациясына қаншалықты әсер етеді?
– Облыстық полиция департаменті материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Қазіргі таңда аудандық полиция бөлімдерінің учаскелік полиция пункттеріне 252 бірлік автокөлік бекітілген, қызметтік автокөлікпен қамтамасыз ету деңгейі 94,7 пайызды, нысанды киіммен қамтамасыз ету 100 пайызды құрайды. Барлық 10 аудан бойынша ауылдық елдімекендердегі 235 учаскелік инспекторға тұрғын үй төлемдері жүргізілуде. Кейбір учаскелік полиция пункттері жөндеуді қажет етеді, бұл бағытта аудан әкімдіктерімен жұмыстар атқарылуда.
– Интернет-алаяқтықтың өсуі жалпы қылмыс көрсеткішін күрт арттырғаны мәлім. Онлайн-қылмыстардың күрделі схемаларымен күресу үшін қандай ресурстар мен технологиялар қолданылуда?
– Шындығында да, қараша айының қорытындысы бойынша облыста жалпы қылмыс санының аздап өскені байқалады, алайда аса ауыр қылмыстар, оның ішінде адам өлтіру деректері азайған. Қылмыстың өсуіне негізінен интернет-алаяқтық себеп болып отыр, әсіресе ауылдық жерлерде тұрғындардың сенгіштігін пайдалану жиі кездеседі. Осыған байланысты полиция халықпен түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, «полиция – халықтың қамқоршысы» қағидатын алға қоюда, аудандарда кездесулер өткізіліп, әлеуметтік желілерде интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған бейнероликтер кеңінен таратылуда. Сонымен қатар Ішкі істер министрлігі құрамында киберқылмысқа қарсы арнайы департамент пен өңірлік бөлімшелер жұмыс істеп, заманауи ақпараттық жүйелер арқылы 3 800-ден астам алаяқтық сайт бұғатталды, «CyberShekteuTaraz» Telegram-боты, Ұлттық Банктің Антифрод-орталығы, байланыс операторлары және «Cyberpol» тобы арқылы күмәнді шоттар мен SIM-box құрылғылары анықталуда. Сондай-ақ таяуда ғана біздің қызметкерлер Алматы қаласында іздеуде жүрген екі интернет-алаяқты ұстағанын айрықша атап өтуге болады. Олардың бірнеше жүздеген қылмысқа қатысы бар екені анықталып, қазір тергеу амалдары жүргізілуде.
– Шу алқабындағы қарасораның жағдайы жыл сайын тұрақты сын-тегеурін күйінде қалып отыр. Есірткі қылмысымен күресте алқаптарды жою жеткіліксіз екені белгілі. Осы салаға жауапты ұйымдасқан қылмыстық топтарды әшкерелеу, олардың өңдеу және өткізу тізбегін бұзу бағытында қандай шаралар қолға алынып жатыр?
– Бұрынғы Кеңес Одағы заманында «Шу» деген сөзді естісе, халық елең ете қалатын. Сондықтан қарасора соңғы онжылдыққа ғана тән мәселе емес. Биылдың өзінде 500-ге жуық құқықбұзушылық анықталып, заңсыз айналымнан 9 тонна 221 килограмм түрлі есірткі заттары тәркіленді. Шу алқабынан есірткі тасымалдаудың 18 арнасы әшкереленіп, 20 адам ұсталды. Нәтижесінде 295 килограмм марихуана мен 151 килограмм гашиш алынды. Сонымен қатар «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 6 417 гектар аумақта өсіп тұрған қарасора орылып, жалпы салмағы шамамен 3 919 тонна, яғни 4 мың тоннаға жуық есірткі тектес өсімдік жойылды.
Менің ойымша, бүгінгі таңда басты мәселе тек қарасора емес синтетикалық есірткілер болып отыр. Себебі синтетикалық есірткілер адам ағзасына өте ауыр зиян келтіреді. Оған бір рет тәуелді болған адам тез үйреніп, кейін одан емделіп шығу өте қиынға соғады. Сондықтан да синтетикалық есірткіні әкеліп жатқан, дайындайтын немесе оны халық арасында, әсіресе жасөспірімдер арасында таратумен айналысатын тұлғалармен күресті барынша күшейтуіміз қажет. Жуырда ғана 1 килограмм синтетикалық есірткі, атап айтқанда ірі көлемдегі мефедрон тәркіленді. Өте үлкен мөлшер. Бір килограммның өзінен қаншама доза шығатынын ескере отырып, осындай ауыр қылмыстарды анықтау бағытындағы жұмыстарды жандандыра түсу керек.
Ал қарасора мәселесіне қайта оралсақ, қазіргі таңда ол тек Шу алқабымен ғана шектеліп отырған жоқ. Қарасора өсетін аумақтар біртіндеп басқа өңірлерге де ауысып жатыр. Атап айтқанда, Меркі, Тұрар Рысқұлов және Байзақ аудандарында қарасораның таралуы жиілеп отыр. Мысалы, Тұрар Рысқұлов ауданында кейбір алқаптардың көлемі Шу өңірінен де асып түседі. Осыған байланысты қазіргі таңда Шу аймағында орналасқан арнайы құрылымдарды кезең-кезеңімен Меркі, Байзақ, Тұрар Рысқұлов аудандарына, сондай-ақ Қордай ауданына да бөліп орналастыру жоспарланып отыр. Бұл сол өңірлерде есірткіге қарсы күресті тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
– Жақында сіздің басшылығыңызбен құқықтық түсіндіру жұмысына бағытталған «Заң мен тәртіп» керуені іске қосылған болатын. Бұл керуеннің негізгі жетістіктері қандай? Облыстың қай аймақтарында оның жұмысы ерекше нәтижелі болды? Тек жалпы профилактика емес, нақты қандай мәселелер мен құқықбұзушылықтар сол жерлерде анықталып, жедел шешілді?
– Халықтың құқықтық сауатын арттырудың ең нәтижелі жолы – тікелей, бетпе-бет түсіндіру. Себебі азаматтармен көзбе-көз кездесіп, қарапайым әрі түсінікті тілде сөйлесу полицияға сенім қалыптастырады. Осы мақсатта полиция, прокуратура, тергеу, есірткі қылмысына қарсы күрес, ювеналдық полиция, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, сондай-ақ психологтар мен заңгерлерден құралған мобильдік керуен тобы құрылды. Аталған топ арнайы аудандарға жіберіліп, тұрғындармен тікелей кездесулер өткізді. Кездесу барысында азаматтардың сұрақтарына нақты жауаптар беріліп, кейбір құқықбұзушылықтар сол жерде тіркеліп, тиісті шаралар қабылданды. Бүгінгі күнге дейін мобильдік керуен облыстың 3 ауданында Шу, Қордай, Меркіде жұмыс жүргізді. Онда жастармен, студенттермен, жоғары сынып оқушыларымен, мектеп пен колледж директорларымен, педагогтармен, психологтармен және ата-аналар комитеттерінің мүшелерімен ашық пікір алмасу алаңдары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, керуен аясында 10 мыңнан астам тұрғын полиция, прокуратура, заңгерлер мен психологтардың кеңесіне жүгінді. Атап айтқанда, Қордай ауданының Масаншы ауылында өткен қабылдауға келушілер саны көп болды. Тұрғындар құқықтық және әлеуметтік кепілдіктер, жер мәселелері, әкімшілік рәсімдер, интернет-алаяқтық, ұрлық, түрлі құқықбұзушылықтар мен тұрмыстық мәселелер бойынша нақты кеңестер алды. Көптеген сұрақтар сол жерде заң аясында шешімін тапты. Жалпы, бұл бастама халық тарапынан оң бағаланып, нақты сұранысқа ие екені байқалды. Сондықтан аталған мобильдік керуен жұмысы алдағы жылы да жалғасын табады.
Осы тұста айтып өтер бір жайт, халық пен полиция арасындағы алшақтық бір күнде пайда болған жоқ. Сондықтан оны бір сәтте өзгерту мүмкін емес, оған уақыт қажет. Сенімді қалпына келтірудің ең басты жолы – әрбір полиция қызметкерінің өз міндетін адал әрі жауапкершілікпен атқаруы. Полиция халықтың мәселесіне шын мәнінде көңіл бөлген кезде ғана қоғамда сенім қалыптаса бастайды. Егер қызмет формальді түрде, тек қағаз жүзінде атқарылса, халықтың сенім білдіруі қиын. Сол себепті ең алдымен кадрлармен жұмыс істеу қажет. Дейтұрғанмен бізде өз ісін шын сүйетін, антына адал, тапсырманы бір айтқанда орындап, жанын салып жұмыс істейтін қызметкерлер аз емес.
– Сөзіңізге дәлел болсын, құқық қорғау саласында антына адалдығымен көзге түсіп, халықтың сенімінен шыға білген бір-екі мамандардың атын атап өтсеңіз.
– Алдымен ойыма Жамбыл ауданының Гродеково ауылында қызмет атқарып жүрген учаскелік полиция инспекторы Азиз Пайзиев оралады. Жуырда оның адал еңбегі мен қызметіне деген жауапкершілігін ескеріп, өзім бастамашы болып, министрдің бұйрығымен подполковник арнаулы шенін алуына мұрындық болдым. Қазіргі таңда ол әлі де учаскелік полиция қызметкері ретінде жұмыс істеп жүр, алайда алдағы уақытта оның қызметін жоғарылату жөнінде нақты жоспарымыз бар. Сонымен қатар, қаладағы бұрын жергілікті полиция қызметі деп аталған, қазір қоғамдық қауіпсіздік басқармасы деп аталатын құрылымда қызмет етіп жүрген бірқатар жігіттердің кәсіби деңгейін көріп, оларды аудан басшылығы деңгейіндегі лауазымдарға, соның ішінде орынбасар қызметтерге тағайындау жоспарда бар. Жас болса да, жұмысқа жанып тұрған, болашағынан үміт күттіретін офицерлердің бірі – қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Әлішер Қалышев. Осындай өз ісіне берілген, елге қызмет етуді басты мақсат санайтын азаматтар бізде көп. Елім деп, халқым деп адал еңбек етіп жүрген қызметкерлерді қолдау басты ұстанымымыз.
– Жолдардың ақауы бойынша анықталған деректерге қарамастан, адам жарақатымен аяқталатын жол-көлік оқиғалары азаймай тұр. Жол кемшіліктерін жою туралы нұсқамаларды орындамағаны үшін қанша лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды? Сондай-ақ мас күйінде жасалатын қылмыстар саны өсіп келе жатқаны байқалады. Полиция бұл үрдіске қалай қарсы күрес жүргізбек? Қазіргі шаралар жеткілікті ме, әлде күшейтілген жаңа тетіктер қажет пе?
– Қазіргі кезде тұрғындар арасында «жол апаттары өсіп кетті» деген хабарламалар тарап, халықты дүрліктіруде. Алайда іс жүзінде жол апаттарының саны күрт өскен жоқ. Мұндағы мәселе есепке алу тәртібінде жасалған өзгерістермен байланысты туындап отыр. Бұрын жол апатында қайтыс болған адамды есепке алу ережесіна сай, жол апатынан кейінгі 30 күн ішінде қайтыс болса ғана бұл апаттан қаза тапты деп есептелетін. Жаңа ережеге сәйкес, бұл мерзім 30 күннен 12 айға ұзартылды. Яғни, жол апатынан кейін бір жыл ішінде қайтыс болған адам да апаттан қаза тапқан болып есептеледі. Сонымен қатар жарақат алғандарды есепке алу тәртібі де өзгерді. Бұрын жеңіл жарақаттар ғана тіркелетін болса, қазір сараптама нәтижесіне қарай жарақаттар жеңіл, орташа және ауыр болып үш топқа бөлініп, есепке барлық жарақат алғандар кіретін болды. Мысалы, жүргізуші отбасымен келе жатып жол апатына ұшырап, өзі иығын сындырып, әйелі мен екі баласына жеңіл жарақат келген жағдайда, бұрынғы есеп бойынша тек жүргізуші тіркелетін. Ал жаңа ережеге сәйкес, әйел мен екі бала да есепке енеді. Осы өзгеріс статистикада жол апаттарының санының «жасанды өсуіне» әкеледі, бірақ бұл нақты апаттардың көбеюі емес, тек есепке алу тәртібінің жаңаруымен байланысты.
Биылғы он бір айдың қорытындысымен өткен жылмен салыстырғанда жол апатынан қаза тапқандар саны 53 адамға азайды. Алайда біздің мақсат – көрсеткішті азайту емес, нөлге жеткізу. Жолда бірде-бір адам қаза таппауы керек. мен әрбір қызметкеріме: «Егер сен қызмет ететін аумақта адам қаза болса, демек біз оның қауіпсіздігін толық қамтамасыз ете алмадық» деп жауапкершілікті еске салып отырамын. Атқарылған жұмыстарға тоқталсам, біздің қызметкерлер жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жол-көлік апаттарының алдын алу мақсатында тексерістер жүргізді. Нәтижесінде жол ұйымдарының басшыларына 2 956 жазбаша нұсқама берілді. Автокөлік жолдарын қанағаттанарлықсыз қызмет көрсету және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етпеу бойынша облыс бойынша 386 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, техникалық ақауы бар көліктерді желіге шығарғаны үшін 86 автопарк басшысы жауапқа тартылды. Мас күйінде жасалатын қылмыстар өткен жылмен салыстырғанда 23 пайызға төмендеді, ал алкогольді қоғамдық орындарда тұтынған 5 609 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сол секілді 399 маскүнем және 143 нашақор профилактикалық есепке қойылып, 81 адам мәжбүрлі емдеуге жіберілді.
– Енді ресмиліктен ойысып, еркін сауалға кезек берсек. Бұл қызметке қалай келдіңіз? Генерал шенінің артында ел біле бермейтін қандай еңбек жатыр? Негізгі жұмыс принципіңіз бен ұстанымыңыз қандай?
– Мен Жуалы ауданы, бұрынғы Кременевка, қазіргі Шақпақата ауылының тумасымын. 1968 жылы қарапайым шаруа отбасында дүниеге келдім. Отбасымызда алты бала үш ұл, үш қыз өстік. Соның үлкенімін. Әкем өмір бойы малшаруашылығында еңбек етті, анам совхозда сауыншы болды, қырманда жұмыс істеді. Оқуға түсу үшін Ресейге барып, жоғары әскери училищеде бес жыл білім алдым. Оны тәмамдаған соң Алматыға келіп, еңбек жолымды бастадым. Бүгінгі таңда шен таққаныма қырық жылға жуықтапты. Соның жиырма жылын полковник шенінде өткердім. Жалпы, отыз бес жыл ішінде Қазақстанның алты өңірінде қызмет атқардым. Соңғы қызметім – Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы болды. Кейін министрдің шешімімен туған өңіріме жіберілдім. «Еліңе барып, еңбегіңді сіңір» деген сеніммен келдім. Осы қызметте облыс қауіпсіздігін күшейтіп, тәртіпті нығайтуға бар күшімді салғым келеді. Қалай болары уақыттың еншісінде, бірақ ниет те, әрекет те бар.
Отбасылымын, төрт ұлым бар, төрт немерем өсіп келеді. Аллаға шүкір, бала күнгі арман-мақсаттарымның көбіне жеттім деп ойлаймын. Ендігі басты мақсатым – еліме, халқыма пайда тигізу. Адамның артында дүние емес, ісі мен абыройы қалады. Қазақта «Әкенің дүниесі – балаға қырық күндік, жақсы аты мен абыройы – балаға қырық жылдық азық» деген әдемі сөз бар ғой. Осы даналыққа сай өмір сүремін. Балаларым ертең қысылмай, әкесінің атынан ұялмай жүруі үшін әр ісімді адалынан атқаруға тырысамын.
– Алдағы жылға қандай бағыттарға басымдық бересіз? Жоспарларыңызға қысқаша тоқталсаңыз.
– Бірінші кезекте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастырамыз. Әсіресе профилактикаға, оның ішінде жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға басымдық береміз. Екінші басымдық – отбасылық зорлық-зомбылықпен күреске беріледі. Өкінішке қарай, оңтүстік өңірлерде «әйел таяқ жеуі қалыпты» деген ескі менталитет әлі де бар. Осы көзқарасты түбегейлі өзгертуіміз керек. Үшінші бағыт – арақсыз ауылдардың санын көбейту. Қазір Қазақстан бойынша 500 астам ауыл ішімдіктен толық бас тартқан. Солтүстік өңірлерде бұл тәжірибе жақсы дамыған, Қарағанды облысында жүзге жуық, Ақмола облысында елуге тарта ауыл бар. Ал өңірімізде әзірге жиырма сегіз ғана елді мекен зиянды судан түбегейлі бас тартқан.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Ақтоты ЖАҢАБАЙ