Ауыл шаруашылығы

Фермерлерге көмек көрсетіледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осы тапсырманы орындау және қолдау шараларын жетілдіру бойынша жүйелі жұмыстың аясында биыл «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау 1 қазанда басталды. Бүгінгі таңда жалпы сомасы 149,6 миллиард теңгені құрайтын 1 мыңнан аса ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерінің тізімі жасақталды.

Ерте қаржыландыру аграрлық сала өкілдеріне келер жылғы ауылшаруашылығы маусымына тиімді дайындалуға, жанар-жағармайды тиімді бағамен алуға, тыңайтқыш сатып алуға, ауылшаруашылығы техникасын жөндеуге және қажетті тұқым қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осы кезеңде қаржылық ресурстарға қолжетімділік – егіс науқанын табысты өткізудің негізгі шарттарының бірі.

Бағдарлама бойынша жылдық 5 пайызбен жеңілдікпен сыйақы мөлшерлемесі көзделген. Бөлінген қаражатты егіс жұмыстарына дайындыққа, жинау жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ маусымдық шығындарды өтеуге бағыттауға болады. Кепілмен қамтамасыз ету мәселесінде қиындықтары бар ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер үшін кепілдік беру мүмкіндігі қарастырылған. Қарыз сомасының 85 пайызына дейін «Даму» қорының кепілдігімен қамтамасыз етіледі. Қаржыландыру Аграрлық несие корпорациясының филиалдық желісі және еліміздегі серіктес қаржы институттары арқылы жүзеге асырылады.

Аграрлық несие корпорациясы іске асырып отырған кешенді тәсіл аймақтарға қарамастан фермерлерге қолдаудың қолжетімділігін және жеделдігін қамтамасыз етеді. Бұл аграрлық сектордың тұрақтылығын арттыруға және маусымдық дала жұмыстарын уақытылы жүргізуге ықпал етеді.

Сымбат ҚУАНЫШ