Әлеумет

Байзақтықтар газбен де, ауызсумен де 100 пайыз қамтылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылы халықты 100 пайыз таза ауызсумен қамтуды тапсырған болатын. Сол кезден бері өңірімізде Президент тапсырмасына сәйкес қарқынды жұмыстар жүргізілді. Соның арқасында биыл меженің орындалуына шақ тұр.

Мысалы, осы жылы облыс бойынша 13,9 миллиард теңгеге 24 ауылдық елді мекенде және 9 тұрғын алқапта ауызсу нысандарының құрылысын жүргізу қолға алыныпты. Қазіргі уақытта 19 елді мекенде және 5 тұрғын алқапта нысандар пайдалануға берілсе, екі ауылда жұмыстар 90 пайызға аяқталған. Ал 3 елді мекен мен 4 тұрғын алқапта нысандарды қабылдау-тапсыру рәсімдері жүргізіліп жатқан көрінеді. Оның ішінде биыл Байзақ ауданында жаңадан 3 ауызсу имаратын салуға және құбырлар тартуға республикалық, облыстық, аудандық бюджеттен қажетті қаражат бөлініп, тиісті жұмыстар өз деңгейінде атқарылған. Бұл туралы мәліметке біз Байзақ ауданының Сазтерек ауылдық округі, Жаңасаз ауылында жаңадан салынған ауызсу нысанының ел игілігіне берілуі барысында қанықтық.

Аталған нысанның ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Олжас Баққараев бүгінде аудандағы барлық елді мекен таза ауызсумен қамтылғанын тілге тиек етті.

Ауылдық округ әкімі Жұмабек Шайхиевтің айтуынша, округке Абай, Жаңасаз, Ақтөбе елді мекендері қарайды. Биыл 435 миллион теңге қарастырылып, соның арқасында жаңасаздықтардың мәселесі шешімін тапқан екен. Құрылыс жұмысы ақпан айында қолға алынғанымен, республикалық бюджеттен бөлінетін қаржының кешігуіне байланысты арада біраз кідіріс болған көрінеді.

«Игіліктің ерте кеші жоқ», мұндағы 51 түтін, 287 тұрғын сапалы ауызсуға қол жеткізгеніне қуанышты.

Айта кету керек, аталған су нысанын салу барысында механизатор, жұмысшы секілді бас-аяғы 60 адам жұмыс істеген екен. Қазіргі таңда ауыл іргесінде салынған осы су нысаны арқылы үш адам тұрақты жұмыспен қамтылса, оларға айына 112 мың теңге еңбекақы төленетін көрінеді. Бастысы осындай жобалардың арқасында жаңасаздықтар толықтай инфрақұрылымға қол жеткізіп отыр.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ