Кітаптан кұнды қазына жоқ
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен қолға алынған «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы өз мәресіне жетіп, руханият әлемінде жарқын із қалдырды.
«Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы – өңірдің мәдени тынысын кеңейтіп, кітапқа деген қоғамдық қызығушылықты жаңа деңгейге көтерді. Мектептер мен жоғары оқу орындарында оқу мәдениетін қалыптастыруға басымдық берілді. Қазақ әдебиетінің жауһарлары кеңінен насихатталды. Бұл жоба кітапты тек ақпарат көзі емес, рухани серік ретінде оқырмандармен қауыштырып, әдеби талғамды шыңдауға мүмкіндік туды. Ата-ана мен бала арасындағы рухани байланыс кітап арқылы нығая түскені көңіл қуантады.
Облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың ұйымдастыруымен өткен жиынды Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, «Ғұмыр-Дария» газетінің бас директоры, «Құрмет» орденінің иегері Жаңабай Миллионов ашып, жоба жайлы жылы лебізін білдірді.
Жоба аясында жыл бойы «Ел болып оқимыз», «Жазушымен бір күн», «Кітапхана – мәдениет ордасы», «Ойыма ой қосқан шығарма», «Кітап мұхитындағы аралдар», «Жастар – кітап әлемінде», «Кітап оқы, талқыла, суретте», «Өміріме әсер еткен бір кітап», «Отбасымызбен бірге оқимыз», «Жазғы демалыс кітаппен бірге», «Жүздек жүйрік» сынды түрлі тағылымы мен тәлімі мол іс-шаралар ұйымдастырылды. Жарқын жобалар жүзеге асырылды.
Атап өтсек, «Үздік автор» номинациясымен Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ақын, журналист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғайни Әлімбекқызы, облыстық «Аq jоl» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт және аталған басылымның жауапты хатшысы Нұржан Қадірәлі марапатталды.
«Ең үздік ауылдық кітапхана – 2025» облыстық байқауының бас жүлдесі Жамбыл ауданы, Қаракемер ауылдық кітапханасына бұйырса, I орынды Т.Рысқұлов ауданы, Ақыртөбе ауылдық кітапханасы, II орынды Байзақ ауданы, Үлгілі ауылдық кітапханасы, III орынды Сарысу ауданы, Ақтоғай ауылдық кітапханасы иеленді.
Сондай-ақ Бауыржан Момышұлының өмірі мен ерлігіне арналған «Тау тұлға, дара тұлға – Бауыржан» атты облыстық шығармашылық байқауының жеңімпаздары да сый-сияпатқа ие болды. Үздік оқырмандарға да құрмет көрсетілді.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ