Ардагерлерге арналған орталық
Тараз қаласында қарттар мен зейнеткерлерге арналған «Белсенді ұзақ өмір» орталығы салтанатты түрде пайдалануға берілді. Заманауи нысанның ашылу рәсіміне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты.
Әлеуметтік нысан бір мезетте 200 адамға қызмет көрсетуге арналған
Әлеуметтік маңызы бар жоба облыс әкімдігінің қолдауымен, «Samruk-Kazyna Trust» қоры мен демеушілердің қаржысы есебінен іске қосылды.
Өңір басшысы құттықтау сөзінде жаңа орталықтың аға буын өкілдерінің денсаулығын нығайтып, олардың күндерін шаттыққа бөлеп, өмірін белсенді әрі мазмұнды етуге қызмет ететініне сенім білдірді.
Мұнда барлығы 26 қызмет түрі ұсынылады. Дәрігер мен психолог кабинеттері, физиотерапия және массаж бөлмелері, тұзды шахта, йога және би залдары жұмыс істейді. Сондай-ақ үстел теннисі мен бильярдқа арналған арнайы залдар қарастырылған. Бұдан бөлек, ардагерлер қолөнермен шұғылданып, компьютер сыныбында ІТ технологиялардың қыр-сырын меңгере алады.
200 адамға қызмет көрсетуге арналған ғимараттың жалпы ауданы – 1 875 шаршы метр. Орталықта 54 штат бірлігі қарастырылған.
Айта кетейік, бұл – зейнеткерлер тарапынан сұраныстың артуына байланысты Тараз қаласында ашылып отырған екінші орталық.
2023 жылы облыс орталығында 150 орындық «Белсенді ұзақ өмір» орталығы пайдалануға берілген болатын. Кейіннен Меркі ауданында 60 адамға арналған филиалы ашылды. Бүгінгі күнге дейін аталған орталықтарда 2 мыңға жуық зейнеткерге қызмет көрсетілді.
Жамбыл облысында қазіргі таңда 142 мыңнан астам зейнеткер бар. Оның 57 мыңнан астамы Тараз қаласында тұрады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі