Жамбыл жаңалықтары

Өңірлерді дамыту – өзекті мәселе

Кеше «AMANAT» партиясының облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының кеңейтілген отырысы өтті. Фракция отырысын партияның облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов ашып, жүргізді. Жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев, облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма және департамент басшылары, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы аудан әкімдері мен мәслихат төрағалары қатысты.

Фракция мүшелері алдымен «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы аясында 2025 жылға жоспарланған көрсеткіштердің орындалу барысын қарады. Бұл мәселе бойынша облыс әкімі Ербол Қарашөкеев баяндама жасап, облыс әкімдігі «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» атты сайлауалды бағдарламасының Жол картасын іске асыру бойынша тиісті жұмыстарды атқарып жатқанын тілге тиек етті.

Аймақта бизнесті дамытуға да барынша басымдық берілуде. Облыстағы екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары арқылы 32,5 мың кәсіпкерге 289,8 миллиард теңге несие беріліпті. Үлестірілген несие қаражатының ішінде мемлекеттік бағдарламалар аясында 52,1 миллиард теңгеге 1 218 жоба іске асырылыпты. Нәтижесінде шағын және орта бизнес субъктілері арқылы шығарылған өнім көлемі 18,1 пайызға ұлғайған екен. Осы жылдың 1 желтоқсанына жұмыс істеп тұрған субъектілер саны 109,9 мыңды құраса, онда жұмыспен қамтылғандар саны 165,4 мың адамға жеткен. Шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы қосылған құны 348,2 миллиард теңгені, жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 22,5 пайызды құраған. Үкіметтің қолдауымен шағын және орта бизнесті дамыту үшін жалпы ауданы 40 мың шаршы метр өндірістік жайлары бар шағын өнеркәсіптік аймақтар құрылып, онда 1,7 миллиард теңгеге 3 жоба жүзеге асырылыпты.

Сонымен қатар халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, инженерлік және көлік инфрақұрылымы, облыс орталығы – Тараз қаласын дамыту, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және туризм салалары жайында да кеңінен әңгімеледі.

Фракция отырысында кезек сұрақ-жауапқа беріліп, депутат Гулам Омаров халыққа үлестірілген жер телімдеріне инфрақұрылым жүргізу межесі қашан толық орындалатынын сұрады.

Бұл мәселе бойынша жауап берген облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаев биыл инфрақұрылымдық жобалардың құрылысына бюджеттен 11,4 миллиард теңге қаржы қаралғанын, оның ішінде тұрғын үй құрылысына 4,5 миллиард теңге бағытталғанын, нәтижесінде 1 130 жер телімін таратуға дайындық жүргізіліп жатқанын сөз етті.

Жиында фракция мүшелері әр сала бойынша түрлі түйткілдерді мәселе ретінде көтеріп, облыс әкіміне халық атынан ұсыныстарын жеткізіп жатты. Мәселен, депутат Оралхан Дәуіт жақында Қордай, Шу, Тұрар Рысқұлов аудандарының шаруалары кепілдендірілген субсидияны ала алмай, әкімдікке шағымданып келгенін айтты. Қазіргі таңда шаруалардың 24 пайыздық несие төлеуі олардың жағдайына өте ауыр соғып жатқан көрінеді. Бастапқыда оның 18 пайызын мемлекет, ал 6 пайызын шаруалар төлеуі керек болған екен. Алайда бұл мәселе әлі шешімін таппапты. «Осы жағдайдың нақты шешу жолдары бар ма?» деген ол әкімнен осы мәселеге көмектесуді сұрады.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша игерілмей жатқан және заңсыз пайдалануға берілген жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, ауыл тұрғындарының пайдалануына беру реті сөз болды. Бұл тақырыптың көтерілуі бекер емес. Өйткені соңғы жылдары мал жаятын жер таппай жүрген тұрғындардың шағымы көбейген. Фракция бұл мәселені «Жер аманаты» жобасы аясында жүйелі түрде шешуді қолға алған болатын.

Бұл мәселе бойынша облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Қанатбек Серікбаев пен облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Данияр Өтеповтің баяндамасы тыңдалды. Бұл бойынша да фракция мүшелері түрлі сұрақтар қойып, тұшымды жауапқа қанықты.

Жалпы фракция отырысында талқыланған тақырыптар бойынша көтерілген мәселелер назарға алынып, әр тапсырманың уақытында орындалуына мән берілді. Жиын нәтижесінде облыс пен өңірлердегі инфрақұрылымдық жобалар мен жер телімдерін тиімді пайдалану, тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыру бағытында нақты шаралар қабылдау қажеттігі бекітілді. Көтерілген мәселелер хаттамаға енгізіліп, тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын болды.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ