Трамп бірнеше елдің азаматтарына АҚШ-қа кіруге тыйым салды
АҚШ Африка мен Азиядағы бірқатар елдердің азаматтарына елге кіруге толық тыйым енгізді, деп хабарлайды arainfo.kz "Риа Новости" агенттігіне сілтеме жасап.
Ресми ақпаратқа сәйкес, Буркина-Фасо, Мали, Нигер, Оңтүстік Судан және Сирия азаматтарына АҚШ-қа кіруге толық шектеу қойылды. Сондай-ақ бұрын ішінара шектеулер қолданылған Лаос пен Сьерра-Леоне елдерінің азаматтарына да толық тыйым енгізілді.
Сонымен қатар, бұған дейін тыйым салынған Ауғанстан, Гаити, Иран, Йемен, Ливия, Мьянма, Конго Республикасы, Сомали, Судан, Чад, Экваторлық Гвинея және Эритрея азаматтарына қатысты шектеулер өз күшінде қалды.
Ал Ангола, Антигуа және Барбуда, Бенин, Кот-д’Ивуар, Доминика, Габон, Гамбия, Малави, Мавритания, Нигерия, Сенегал, Танзания, Тонга корольдігі, Замбия және Зимбабве азаматтарына АҚШ-қа кіруге ішінара шектеулер енгізілді. Түрікменстан азаматтарына қатысты талаптар керісінше жеңілдетіліп, иммиграциялық емес визалармен елге кіруге рұқсат берілді.
Ақ үйдің мәлімдеуінше, аталған шектеулер 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Айта кетейік, бұған дейін Ауғанстан, Мьянма, Чад, Конго Республикасы, Экваторлық Гвинея, Эритрея, Гаити, Иран, Ливия, Сомали, Судан және Йемен азаматтарына қатысты енгізілген шектеулер өз күшінде қалады.