Жаңалықтар

Олимпиада жүлдегері Дәулет Шабанбай 3 жылға сотталды

Павлодарда Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Дәулет Шабанбайға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды arainfo.kz

Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот спортшыны Ұлттық ұлан қызметкерлеріне  күш қолданды деп танып, үш жылға бас бостандығынан айырды.

Сотта белгілі болғандай, оқиға биыл 17 қыркүйекте болған. Мас күйдегі спортшы Павлодар қаласындағы вокзал маңында Ұлттық ұланның үш әскери қызметшісімен жанжалдасып қалған. Әскери қызметшілер оны тоқтатып, жеке басын куәландыратын құжаттарын көрсетуді сұраған.

Айыптау тарапының дерегінше, осы кезде Дәулет Шабанбай балағат сөздер айтып, сарбаздардың бірін итеріп, екіншісін жұдырықпен ұрған. Жанжал барысында тағы бір әскери қызметші де соққы алған. Нәтижесінде спортшы оқиға орнында ұсталды.

Сот процесі кезінде айыпталушы кінәсін толық мойындап, жазаны жеңілдетуді сұраған. Алайда мемлекеттік айыптаушы оны төрт жылға бас бостандығынан айыруды талап етті. Істі қараған судья Айгүл Ахметова сот үкімімен Дәулет Шабанбайды үш жыл мерзімге бас бостандығынан айырды.