Жүкті әйелдерге көрсетілетін медициналық көмек күшейтілді
Денсаулық сақтау министрлігі ЖРВИ мен пневмония жағдайларының өсуіне байланысты жүкті және босанған әйелдерге медициналық көмекті күшейтті, деп хабарлайды arainfo.kz
Министрлік тарапынан өңірлерге пульмонологтар, инфекционистер, реаниматологтар, сондай-ақ медициналық жоғары оқу орындары мен республикалық клиникалардың акушер-гинекологтарынан құралған көпбейінді көшпелі командалар жіберілді. Бұл шара медициналық көмектің сапасын арттыруға және өңірлік мамандарға әдістемелік қолдау көрсетуге бағытталған.
Сапар барысында 1000-нан астам медицина қызметкеріне консультация беріліп, оқыту жүргізілді. Мамандар вирустық инфекциялары бар пациенттерді емдеу тәсілдерін пысықтап, ауыр жағдайларда практикалық көмек көрсетті. Сонымен қатар пациенттерді маршруттау мен ұйымдастырушылық процестерге талдау жасалды.
Жүкті әйелдерге ерекше назар аударылып, қорытындысы бойынша 2000-ға жуық болашақ анаға, оның ішінде ауыр жағдайдағы пациенттерге бейінді мамандардың қатысуымен медициналық көмек көрсетілді.
Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық жағдайды бақылауды жалғастырып, ана мен бала денсаулығын қорғау бағытындағы жұмыстарды күшейте беретінін мәлімдеді.