Жаңалықтар

Жамбылда «Асқақ рухты Әулиеата» республикалық әдеби-мәдени байқауының жеңімпаздары марапатталды

Жамбыл облысында ІІ «Асқақ рухты Әулиеата» республикалық әдеби-мәдени байқауының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды arainfo.kz

Салтанатты кешке облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, жеңімпаз қаламгерлерді марапаттады.

Әдеби шара барысында поэзия оқылып, «Ашық микрофон» форматында жырсүйер қауым белсенділік танытты. Өңір басшысы Жамбыл жерінің рухани мұрасы мен байқаудың ұлттық әдебиеттегі маңызына тоқталды.

Байқау нәтижесі бойынша «Поэзия» номинациясында Ж.Жабаев атындағы жүлде Олжас Қасымға (ШҚО) бұйырды. «Проза» аталымында Б.Момышұлы атындағы жүлдені Бейбіт Сарыбай (Алматы облысы), «Драматургия» бойынша Ә.Қалдыбаев атындағы жүлдені Маржан Ершу (Астана) иеленді.

Сондай-ақ әдеби сын, сатира, балалар әдебиеті және көркем аударма номинациялары бойынша да үздіктер анықталды. К.Ахметова атындағы арнайы жүлде атыраулық ақын Әлия Дәулетаеваға табысталды.

Барлық жеңімпаздарға диплом мен 1 миллион теңге көлеміндегі қаржылай сертификат берілді. Байқауға еліміздің әр өңірінен 130-ға жуық қаламгер қатысқан.