Аналар – ұлттың рухани иммунитетін күшейтуге ұйытқы
Қоғамның өркендеуі ең алдымен отбасының берекесі мен ұлттық құндылықтардың сақталуына байланысты екені даусыз. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі осы қағиданы берік ұстана отырып, елдің рухани қауіпсіздігі мен идеологиялық тұтастығына үлес қосатын ауқымды жобалар мен бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Солардың ішінде «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы және оның аясында әзірленген «Салауатты сана» кешенді бағдарламасы – жас ұрпақ тәрбиесіне бағытталған стратегиялық маңызы бар бастамалар.
«Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасының негізгі мақсаты – отбасындағы татулықты нығайту, жас буынның жүрегіне мейірім мен адамгершілікті ұялату, ұлттық дәстүр мен мәдени мұраға құрметті арттыру. Бұл бағытта Аналар кеңесі мемлекеттік органдармен, білім беру ұйымдарымен, этномәдени бірлестіктермен және азаматтық қоғам институттарымен өзара тығыз байланыс орнатып, көпсалалы үйлесімді жұмыс жүргізіп келеді.
Бүгінде жобаның арнайы жол картасы әзірленіп, оның негізінде елдің барлық аймақтарында жүйелі іс-шаралар қолға алынған. Соның жарқын мысалы – Жамбыл облысы. Өңірде 10 аудан мен 1 қалада, 23 этнобірлестік пен 4 ұйым жанынан құрылған 38 Аналар кеңесі, оған қоса 152 ауылдық округтегі Аналар кеңестері тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын, тәрбиелік мәні зор кездесулер мен акцияларды үздіксіз өткізіп келеді.
Өткен жылы Жамбыл облыстық Аналар кеңесі «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында «Қауіпсіздік сағаты» бастамасын іске қосты. Қазіргі таңда қоғамда өзекті мәселеге айналған буллинг пен кибербуллингтің алдын алу – балалардың психологиялық амандығына тікелей байланысты кешенді міндет. Осы мақсатта Аналар кеңесі прокуратура, денсаулық сақтау саласының мамандары және педагогикалық қауыммен бірлесіп, өңірдегі барлық білім беру мекемелерінде кең ауқымды түсіндіру-ағартушылық жұмыстарын жүргізуде.
Өткізілген кездесулерде ата-аналарға баланың мінез-құлқындағы өзгерістерді дер кезінде байқап, оған дұрыс реакция таныту, интернеттегі қауіпсіздікті сақтау, әлеуметтік желідегі тәуекелдерден қорғау, құқықтық жауапкершіліктің мәнін түсіну және буллингтің алдын алу тетіктері туралы жан-жақты ақпарат берілуде. Әрбір жиналыс – ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігін арттыруға, отбасындағы тәрбиенің рөлін қайта бағамдауға, қоғамдағы қауіп-қатерлерге селқос қарамаудың маңызын ұғындыруға бағытталған.
Бүгінгі қоғамның тұтастығына қауіп төндіріп отырған келеңсіз құбылыстар – нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм мен ысырапшылдық. «Салауатты сана» бағдарламасы дәл осы бес дертпен күресте жасөспірімдер мен жастардың дүниетанымын дұрыс бағытта қалыптастыруға арналған пәрменді құралға айналып отыр. Статистикалық деректердің өзі бұл мәселелердің қаншалықты өткір тұрғанын көрсетеді: елімізде 400 мыңға жуық азамат құмар ойынға тәуелді, 200 мыңнан астам бала бөтен адамның атымен бәс тігеді, ажырасулардың 40 пайызы мен қылмыстың 20 пайызы лудомания салдарынан орын алады. Ал нашақорлық бойынша ресми есеп 18 мың адамды қамтыса да, мамандар нақты сан кемінде 200 мыңға жуықтайтынын айтады. Бұл – ұлт қауіпсіздігі мен отбасы тұтастығына үлкен қатер.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблеяның 23-сессиясында бұл мәселеге арнайы тоқталып: «Ассамблея нашақорлық, құмарпаздық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресуде маңызды рөл атқарады. Балалар мен жастарды қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз», – деген болатын. Мемлекет басшысының осы сенімі мен тапсырмасына сүйене отырып, Аналар кеңесі бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі күшейтіп келеді.
Жамбыл облыстық Аналар кеңесі жастарды қоғамдағы теріс құбылыстардан сақтандыруға, дұрыс таңдау жасауға, жауапкершілік сезімін арттыруға бағытталған көптеген жобаларды жүзеге асырып жатыр. Өйткені бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен аналар елдің ертеңіне алаңдап, ұлттың рухани иммунитетін күшейтуге ұйытқы болып отыр. Бұл – мәдениетті ұлт қалыптастыру жолындағы өлшеусіз еңбек.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып, биыл Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесі «Балам, заңнан аттама!» атты әлеуметтік жобаны бастады. Бұл бастама – жас буынның құқықтық сауаттылығын арттыруға, отбасы мен қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін күшейтуге бағытталған ауқымды жұмыс. Жоба аясында өңірдегі барлық мектептерде, жоғары оқу орындары мен колледждерде TED-X форматында ашық кездесулер өткізіліп, жастармен еркін диалог орнатылуда.
Жалпы алғанда, атқарылып жатқан барлық іс-шаралардың түпкі мақсаты – буллинг пен кибербуллингтің, жалпы жастардың моральдық, құқықтық және психологиялық тұрақтылығын нығайту. Қорытындылай айтқанда, Аналар кеңесінің бастамалары – тек тәрбие мен мәдениетке шақыру емес, қоғамның болашағына жасалған стратегиялық инвестиция. Бұл – аналардың жүрегінен туған, ұлттың келешегін қалыптастыратын үлкен азаматтық міндетті атқару жолындағы ортақ күш-жігер.
Эльмира Мырза-Ғали,
облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы,
«Анаға тағзым»
орталығының директоры