Білгім келген бір сұрақ?

Құрылыс саласы қалай дамыды?

Тәуелсіздік туралы сөз қозғала қалса, азаттықтың алғаш ақ таңы атқан кездегі елең-алаң шақ ойға еріксіз оралатыны ақиқат. Өйткені ата-бабамыз сан ғасырлар бойы аңсаған еркіндікке еліміздің қалай қол жеткізгенінен бөлек, басқа қонған бақтан айырылып қалмау жолында не істелгенін жас ұрпақ біліп жүруі үшін өткенге бір сәт үңілген де артық болмайды.

ӨТКЕН КҮНДЕ БЕЛГІ БАР

КСРО ыдырап, егемендікке қол жеткізген алғашқы жылдар еліміз үшін аса ауыр кезең болды. 1990 жылдардың басында экономиканың көптеген саласы тоқырауға ұшырап, қарапайым халық жоқшылық пен алмағайып заманды, сындарлы сәтті бастан кешті. Ел ішінде жұмыссыздық белең алып, әлеуметтік жағдай құлдырады. Бірақ халқымыз сол тұста төзімділік таныта отырып, қиындықты бірге еңсерді. Уақыт өте келе ел еңсесін тіктей бастады. Тұралаған экономиканың тамырына қан жүгіріп, әр салаға жан бітті. Оның ішінде Әулиеата өңірі де қайта түлеп, тәуелсіздік жылдарында құрылыс саласында қарқынды жұмыстар жүргізілді. Жылдар бойы назардан тыс қалған әр ауылда тіршілік жанданды. Шалғай елді мекендерге дейін жол, жарық тартылып, мектеп, клуб, ауылдық дәрігерлік амбулатория, спорттық кешен секілді жаңадан салынған әлеуметтік нысандар елге есігін айқара ашты. Бір кездері қаңырап бос қалған Қаратау мен Жаңатас қаласының да екінші тынысы ашылып, көркейе түсті. Түрлі кәсіпорындар іске қосылып, жұмыс орындары көбейді.

Құрылыс саласының қанат жаюы аймақтың бұрынғы келбетін түбегейлі өзгертті. Әсіресе облыс орталығы – Тараз қаласының дамуы өңір үшін өркениетке жасалған үлкен бетбұрыс болды. 2000 жылдардан бастап шаһардың инфрақұрылымы жаңарып, мәдени нысандар, тұрғын үйлер салына бастады. Қаланың қақ ортасында бой көтерген түрлі зәулім ғимараттар Тараздың заманауи келбетін қалыптастырды. Бұған шаһардың тарихи болмысын айшықтайтын «Тектұрмас» этно-тарихи кешені, шығыстық сәулет бедерін сақтай отырып салынған «Көне Тараз» тарихи-этномәдени орталығы секілді айтулы нысандардың ашылуы зор үлес қосты. Қарқынды жүргізілген құрылыстың арқасында ішкі туризмнің тынысын кеңейтуге де ерекше екпін берілді. Тараздың әлеуметтік-экономикалық өсу динамикасы тәуелсіздік жылдарында бірінен соң бірі салынған «Астана», «Бәйтерек», «Ұлы дала», «Шапағат», «Балауса», «Қарасай» сияқты ықшамаудандармен де өлшенетінін айта кетуіміз керек. Сонымен қатар көптеген жаңа тұрғын алқаптардың салынып, мыңдаған отбасының қоныс тойын тойлауы да сөз етуге тұрарлық. Бұрын бос жатқан аумақтарға елдің қоныстанып, қажетті инфрақұрылым және әлеуметтік нысандармен қамтылуына құрылыс саласының тигізген септігі зор.

 

НЫСАНДАР УАҚЫТЫЛЫ ТАПСЫРЫЛУДА

Осының ішінде биыл облыс әкімдігі құрылыс басқармасы арқылы сметалық құны 299,6 миллиард теңгені құрайтын 178 жобаға қаражат бөлініп, ауқымды жұмыс қолға алыныпты. Оның 108-ін осы жылы тапсыру жоспарланған болса, бүгінгі таңда 61 нысанның құрылысы аяқталған екен. 47 нысан жыл соңынде ел игілігіне берілетін болса, 70 нысан келер жылға өтпелі көрінеді. Бұл жөнінде облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаев қай салада қандай нысан қашан пайдалануға берілетінін тарқата айтып берді.

Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, білім саласында 22 нысан тапсырылуы қажет болса оның оны осы жылға, қалғаны келер жылға жоспарланыпты. Одан бөлек, «Келешек мектептері» жобасы бойынша төрт мектеп ел игілігіне ұсынылған. Денсаулық сақтау саласындағы 9 нысанның үшеуінің құрылысы келер жылы аяқталады. Спорт саласында биыл – 5, алдағы жылы 8 нысан пайдалануға берілмек. Мәдениет саласындағы 12 нысанның екеуін, ауылшаруашылық саласындағы 6 нысанның үшеуін, ішкі істер саласындағы үш әкімшілік ғимараттың екеуін, 46 тұрғын үйдің 26-сын, 63 инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның 14-ін келер жылы пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ биыл пайдалануға беріліп жатқан 1 415 пәтердің 361-і мемлекет есебінен қаржыландырылса, 54 пәтер облигация арқылы сатып алынуда.

 

ҚОНЫСТОЙДЫҢ КӨБЕЙГЕНІ ҚУАНТАДЫ

Халықты баспанамен қамту бағытында  жыл сайын бюджеттен қомақты қаржы бөлініп келеді. Кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде іске асырылуда. Коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне 40 174 азамат тіркелген болса, оның 30 045-і әлеуметтік осал топтағы азаматтар екен.

Осы жылдың 11 айының қорытындысымен жалпы бөлінген 86,9 миллиард теңгенің 71,6 миллиард теңгесі игеріліпті. Қазіргі уақытта жыл қорытындысымен бөлінген қаржының 95,2 пайызын игеруге күш салынып жатса керек. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шұғыл шығындарға арналған резерві есебінен дамуға бағытталған іс-шаралар өткізу бағдарламасы бойынша 4,2 миллиард теңге игерілмей қалуы мүмкін екен. Себебі келісім шарт талаптарына мердігер келіспей отырған көрінеді. Қараша айының қорытындысы бойынша 77 137,0 миллиард теңгенің 71 602,2 миллиард теңгесі игеріліп, меже 93 пайызды құрапты.

Тараз қаласындағы құрылыс жұмыстарының жай-күйіне келсек, шаһарда екі көпір құрылысын салу және Талас өзені арқылы өтетін көпірді жаңғырту қолға алынған болатын. Атап айтқанда, Абай көшесінің темір жол үсті арқылы өтетін жол өткелі мен жаяу жүргіншілер өткелі бөлігінің құрылысын салу мақсатында мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке 16,9 миллиард теңгеге өтінім ұсынылған. Қазіргі таңда көпір құрылысын жүргізу үшін жол бойындағы жеке тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандарды мемлекет мұқтажына қайтаруға 1,8 миллиард теңге, нысандарды сүру жұмыстарына 285,04 миллион теңге қаржы қарастырылып, тиісті шаруалар атқарылуда. Сондай-ақ Абай және Сыпатай батыр көшесінен Жамбыл даңғылына дейінгі аралықты қамтитын жобада Тараз қаласындағы теміржол, өнеркəсіптік аймақ арқылы эстакада салу қарастырылған. Бүгінде мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім ұсынылған. Аталған эстакада салынған жағдайда ел аузында «Горбатый мост» атанып кеткен жерүсті көпіріндегі үлкен көлік кептелісі едəуір азайып, қаланың шығыстан кіреберіс жолына, 14-ықшамауданға тікелей қатынауға мүмкіндік тумақ. Бұдан бөлек, тараздықтар үшін көптен бері жыр болып келе жатқан кəріз суына қатысты мәселе шешімін таппақ. Ол үшін де арнайы жобаны жүзеге асыру, яғни кәріз суын тазарту кешенін салу қолға алынуда. Өйткені шаһардың шайынды суы бүгінде іргеде жатқан Жамбыл ауданындағы 217 гектар аумақтағы сүзгі алаңына құйылып жатыр. Аталған орын шамадан тыс толғандықтан, Аса өзені мен жерасты суларының ластану қаупі туындауда. Бұл тұрғыда сөз етіліп отырған кəріз суын тазарту кешенінің құрылысын салу арнайы әзірленген «Жол картасы» бойынша жүзеге асады. Соған сəйкес Еуропа Қайта құру жəне даму банкінен грант бөлініп, техникалық және экономикалық негіздеме жасалып, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алыныпты. Жобаны қаржыландыру «Бəйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының еншілес ұйымдары арқылы мемлекеттік бағалы қағаздарды, ұлттық даму құралдарын шығару тетіктерін пайдалана отырып жүзеге асырылмақ.

Тараз қаласынан екі аудан құрылғанда Байзақ ауданының Талас ауылы, Талас стансасы мен Қызылжұлдыз елді мекендері, Жамбыл ауданынан Шайқорық, Шайқорық стансасы, Танты, Қоңыртөбе, Бектөбе, Қызылшарық, Сұлутөр, Кемел, Түркісіб, Жалпақтөбе, Ақбұлым секілді елді мекендері шаһар құрамына енгені белгілі. Бүгінде бұл тұрғын алаптары толығымен құжаттандырылған. Жаңадан құрылған екі аудан қаланың аумақтық тұтастығын қамтамасыз етіп, бүкіл қаланы бақылауға, жалпыұлттық қызметтерді аумақтық ұйымдастыруға, төтенше жағдайлар кезінде күштерді жедел ұйымдастыруға мол мүмкіндік беруде. Бір айта кетер жайт, қалаға қосылған елді мекендерге қатысты бұрыннан бар мəселелерді зерделеу жұмыстары жүргізіліп, оларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету ісін кезең-кезеңімен шешу жөнінде тиісті жұмыстар атқарылуда.

Бүгінде көне шаһарда халықты баспанамен қамтамасыз ету ең маңызды мәселенің бірі болғандықтан көпқабатты тұрғын үйлер салынып, шетінен халыққа үлестірілуде. Мысалы, «Шапағат» ықшамауданында 16 көпқабатты тұрғын үйдің дені пайдалануға берілген. Бұған қоса аталған ықшамауданның егжей-тегжейлі жоспарлау жобасында 351 жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу, 82 бес қабатты көппəтерлі тұрғын үй салу, жалпыға бірдей орта білім беретін мектеп, балабақша, емхана, халыққа қызмет көрсету орталығын ашу қарастырылған. Сондай-ақ өрт сөндіру бекеті, əкімшілік ғимараты, жол бойындағы қызмет көрсету нысандары, саябақ, инженерлік, коммуналдық қойма құрылыстарының аумақтары, коммерциялық қызмет көрсету нысандары, перзентхана, спорт кешені, мəдениет үйі, мешіт секілді нысан құрылысын жүргізу көзделген.

«Ұлы дала» ықшамауданында 34 көпқабатты тұрғын үйдің 12-сі пайдалануға тапсырылса, қалған тұрғын үй құрылысы əлі де жүргізілуде. «Балауса» ықшамауданында 22 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сəйкес мұнда 2 мектеп, 3 балабақша, онкологиялық диспансер, көпсалалы аурухана, профильді емхана, лицей-интернат бой көтереді. Сонымен қатар «Салтанат сарайы», инновациялық шығармашылық орталығы, денешынықтыру-сауықтыру кешені, инженерлік құрылымдар, кəсіпкерлік нысандар ашылатын болады. Қаладағы А.Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алабына қосымша 66 көпқабатты үйдің жобалық-сметалық құжаттамалары əзірленіп, сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке тиісті өтінім ұсынылып қойған. Одан бөлек, «Қарасай» шағынауданының да жоспарлау жобасы əзірленді. Мұнда да көпқабатты тұрғын үйлермен қатар түрлі əлеуметтік, коммерциялық нысан халыққа қызмет көрсететін болады. Жеке инвестициялар есебінен іске асырылып жатқан жобалар да қаланың əлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып отыр. Осы жылға Тараз қаласында 260 пәтер сатып алу жоспарланған. Олардың денінің құрылыс жұмысы, яғни дайындығы толықтай аяқталып, шетінен конкурсқа шығарылды. Желтоқсан айында ішінара қалған пәтерлер конкурсқа шығарылуда. Жалпы жыл соңына дейін жоспарланған пәтерлер сатып алынатын болады. Келер жылға 400 пәтер сатып алу жоспарланса, олардың да құрылыс жұмыстары осы жылдың өзінде қарқынды жүргізіліп жатыр.

Жалпы Тараз қаласы бүгінде түлеп, түрленіп келеді. Шаһарда түрлі ғимараттар бой көтеріп, кішігірім жолға дейін жөнеделуде. Үйлердің қасбеттері әрленіп, аулалар жаңғыртылуда. Құрылыс саласының қарқынын, жүргізіліп жатқан қызу жұмыс пен жүзеге асырылып жатқан жобалардың нәтижесін өңірдің кез келген елді мекенінен көруге болады.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ