Әлеумет

Басты бағдарымыздың бірі – баламалы энергия

Энергетика – ел экономикасын қамтамасыз ететін өмірлік маңызды жүйе. Оның тұрақтылығы мен тиімділігі әр үйдегі жайлы тұрмысқа, елдің қарқынды дамуына және сенімді түрде алға жылжуына тікелей әсер етеді.

Энергетика бүкіл экономиканың қозғаушы күші болғандықтан, сондықтан тәуелсіздік жылдарында оның дамуына айрықша басымдық берілді. Кейінгі жылдарда еліміз жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытын барынша нығайтып жатыр. Бұл ретте облысымыз жаңартылатын энергия көздерінің қуаты бойынша республикада көшбасшылардың қатарында екенін айта кеткен жөн.

Бүгінде облысымызда жалпы қуаты 571,3 МВт жаңартылатын энергия көздерінің 22 нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 6 су электр стансасы, 10 жел электр стансасы және 6 күн электр стансасы бар.

Соңғы 4 жылдың ішінде облыста бірқатар ірі және кіші қуаттағы жобалар іске асырылды.  Атап айтқанда, 2021 жылы құны 49 миллиард теңгені құрайтын қуаты 100 МВт «Жаңатас» жел электр стансасы пайдалануға берілсе, қуаты 9,2 МВт құрайтын «Тасөткел» су қоймасындағы су электр стансасының екінші кезеңі іске қосылды.

2022 жылы Жамбыл ауданындағы қуаты 50 МВт «AEC ASA» күн электр стансасы және Талас ауданында жалпы қуаты 13,5 МВт құрайтын «Шенгелді», «Шенгелді-2» және «Новатэкс ЖЭС» 3 жел электр стансасы (әрқайсысының қуаты – 4,5 МВт) жобалары іске асырылды.

Облыстың ЖЭК нысандарын салуға қолайлы болуына байланысты алдағы жылдары облыста жалпы қуаты 2 ГВт құрайтын 2 ірі жобаны іске асыру көзделуде. Атап айтқанда, Мойынқұм ауданында «Total Eren» ЖШС тарапынан қуаты 1 ГВт құрайтын жел электр стансасы, Сарысу және Талас аудандарында Masdar (БАӘ) компаниясы тарапынан қуаты 1 ГВт МВт жел электр стансасы жобаларын іске асыру көзделуде.

Жоспарға сәйкес, 2028-2029 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің саны 2,5 гигаватт қуатымен 24 нысанға дейін жеткізілетін болады. Жалпы алғанда, белгіленген барлық жобаларды іске асыру экологияға зиян келтірмей, өңірді сапалы электрмен жабдықтауға және облысты «жасыл» энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар көптеген баламалы энергия көздерінің салынуы мыңдаған адамның жұмыспен қамтылуына сеп болды. 2028 жылға қарай облыстағы жаңартылған энергия көздері нысандарының саны 24-ке жетіп, жалпы қуаты 2,5 гигаватт болады деп жоспарланып отыр. Мұндай көрсеткіш аймақты энергия қуатымен қамтамасыз етіп қана қоймай, экологиялық тұрақтылықты да қалыптастыруға үлкен үлес қосады. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша, бұл жобалар өңірдің әлеуметтік дамуына да оң әсер етіп, жаңа нысандар ашылған сайын жергілікті халыққа жұмыс орындары көбейеді, ауыл инфрақұрылымы жақсарады, ал табиғатқа зиян мейлінше азаяды.

Жоғарыда атап өткеніміздей жаңартылған қуат көздерін өндіру бойынша өңіріміз үздіктердің алдыңғы қатарында. Алдағы уақыттарда жүзеге асырылатын жобалардың ауқымды екенін ойлап қарасақ, жаңартылған энергия көздерінің көрсеткіші жыл өткен сайын арта түсетіні белгілі. Өйткені жергілікті атқарушы билік «жасыл энергия» мәселесіне айрықша ден қойып отыр. Облыста тұрғын үй құрылысы қарқын алып, өнеркәсіп пен ауылшаруашылығы секілді негізгі салалардың жүйелі дамуы энергетикалық жүктемені арттырып отырғаны белгілі. Бұл аймақ экономикасының ахуалын арттыру үшін энергетика саласын дамытумен тікелей байланысты екенін көрсетеді. Сол үшін облыста энергетика саласына инвестиция тарту, баламалы энергия көздерін өндіру, энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, жаңа қосалқы стансалар салу, электр бағаналары мен желілерді жаңарту секілді шаруаларды атқару өзекті мәселе ретінде күн тәртібінен түспейді.

Сымбат ҚУАНЫШ