Ауыл шаруашылығы

Агросектордың әлеуеті жоғары

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген бойда КСРО құрамында болған өзге де мемлекеттер секілді өз экономикамызды жаңғыртуға, ауылшаруашылығы секторын реформалауға белсене кірісті. Бұл қазақ елінің ауылшаруашылығы саласындағы дамуының жаңа кезеңі еді. Жүргізілген реформалардың оң нәтижесінде агроөнеркәсіп кешенінде көп деңгейлі жүйе қалыптасты.

ТҮСІМ МОЛ БОЛДЫ

Тәуелсіздік жылдарындағы толайым табыстар өз алдына бір бөлек әңгіме. Біздің айтпағымыз – биыл аталған салада қол жеткізген жетістіктерді тақырыпқа арқау ету. Облыста ауылшаруашылығы саласын қолдау мақсатында осы жылы 29,2 миллиард теңге қаржы бөлініп, соның 29,1 миллиард теңгесі игеріліпті. Облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтың айтуынша, бұл қаражат 5 мыңнан астам шаруаға субсидия ретінде жеткізілген. Қаржылай қолдаудың және атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері ауылшаруашылығы саласында 458,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3,1 пайызға өсіп, республика бойынша өңіріміз алтыншы орынға табан тіреуге мүмкіндік алған.

Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, жиналған өнімдердің 451,6 мың тоннасы қоймаларға сақтауға қойылған. Оның ішінде 436,9 мың тонна пияз, 1,8 мың тонна картоп, 540 тона сәбіз, 12,1 мың тонна басқа да өнім түрлері бар. Бұдан бөлек, 888,7 мың тонна егіншаруашылығының өнімдері Ресей, Қырғыз Республикасы, Пәкістан, Өзбекстан, Әзербайжан секілді шетелдерге экспортталыпты. Оның ішінде көрші мемлекеттерге 410 мың тонна пияз жөнелтіліп, республика бойынша бірінші  орынға шығып отыр екенбіз.

Биыл 498,4 мың гектар алқапқа 99,7 мың тонна минералды тыңайтқыштар, яғни 39 мың тонна аммиакты селитра, 21 мың тонна аммофос, 39,7 мың тонна басқа да тыңайтқыш ендіру жоспарланса, есепті кезеңде 487,7 мың гектар алқап үшін 97,5 мың тонна минералды тыңайтқыш қолданылған. Осы жылға көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін Үкімет тарапынан 24,3 мың тонна дизель отыны бөлінген екен. Көктемгі дала жұыстарына – 20 мың тонна, күзгі дала жұмыстарына – 4,3 мың тонна қарастырылған. Дизель отынын тарату үшін 8 өңірлік таратушы операторлар айқындалып, тарату бағасы 1 литр үшін 254 теңгені құрапты. Бөлінген жанар-жағармай шаруаларға толық таратылып берілген.

Аймақтағы ауыл шаруашылығы саласы соңғы жылдары тұрақты дамып, өңір экономикасының өзегі ретінде өз әлеуетін айқын көрсетуде. Өңірде өндірілетін жалпы ауылшаруашылық өнімдерінің 52 пайыздан астамын малшаруашылығының құрауы бұл бағыттың стратегиялық маңызға ие екенін дәлелдейді. Бүгінгі таңда аймақтағы жалпы мал басы 3,7 миллионға жетіп, оның ішінде мүйізді ірі қара – 441,1 мыңды, қой-ешкі – 3,1 миллионды, жылқы – 179,7 мыңды, түйе – 8,3 мыңды, ал құс саны 1,8 миллионды құрап отыр. Бұл көрсеткіштер өңірдегі малшаруашылығының қарқынды дамып, нақты нәтижелерге қол жеткізіп жатқанын аңғартады. Мемлекеттік қолдаулар мен жүйелі жұмыстардың арқасында саладағы өндіріс көлемі де айтарлықтай артқан. Соның нәтижесінде ет өндіру көлемі 2,7 пайызға өсіп, 96 056,4 тоннаға жетсе, сүт өндіру 1,6 пайызға ұлғайып, 196 747,1 тоннаны құрады. Жоғары көрсеткіш – сала еңбеккерлерінің тынымсыз еңбегінің, сондай-ақ тиімді мемлекеттік бағдарламалардың нақты нәтижесі.

Өңірдің өнімдері ішкі нарықты қамтып қана қоймай, шет мемлекеттерге де кеңінен экспортталуда. Жыл басынан бері 4 629,9 тонна ет және 539,8 тонна шұжық өнімдері Қырғызстан, Катар, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей, Сауд Арабиясы, Иран және Германия сынды мемлекеттерге жөнелтілді. Экспорт құрылымында 675,1 тонна сиыр еті, 1 419,6 тонна қой еті, 0,4 тонна жылқы еті, 1 721,5 тонна құс еті және 813,1 тонна малдың ішкі өнімдері бар. Осылайша, өңірдегі малшаруашылығы саласы экономиканың берік тірегіне айналып, өнім өндіру көлемін арттырумен қатар экспорттық әлеуетін де кеңейтіп келеді. Жүйелі қолдау, тиімді саясат және еңбеккерлердің үздіксіз еңбегі аймақтың ауылшаруашылық саласын жаңа белестерге жетелей түсуде.

 

МАЛ ҚЫСТАТУ НАУҚАНЫ СӘТТІ ӨТУДЕ

Облыстың кең жазира даласында малшаруашылығы жылдан-жылға өрісін кеңейтіп, тіршілік тамыры тереңдей түсуде. Мыңдаған қосыны мен қорасы қатар тізілген шопандар ауылында тіршілік қысы-жазы тоқтамайды. Шаруалар мал жайып, оның санын төлі есебінен көбейтуден бөлек, бүгінде оны семіртіп сатудың да пайдасы мол екенін жете түсінген. Мысалы, тоғыз ірі мал бордақылау алаңы өңірдің ет өндірісіндегі бетке ұстар нысандарының бірі. Осы арқылы азық-түлік қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуіне зор үлес қосылуда. Оған қоса, сүт және сүт өнімдерін өндіру ісі де өңірде жанданып келеді. атап айтқанда 50-ден 400 басқа дейінгі сауын сиыры бар 15 мың тонналық 43 шаруа қожалығы мен 400 бастан жоғары 4 мың тонна сүт беретін екі агроқұрылым жыл он екі ай тыным таппай, шаруасын шалқытып отырған жайы бар.

2025-2026 жылғы мал қыстату науқанына да өңір алдын ала қамданып, 450,1 мың бас ірі қара, 3,2 миллион уақ мал, 183,6 мың жылқы және 8,3 мың түйені аман-есен қыстатуда. Қыс қыстығын жасамай қоймайды, алайда шаруаны шатқаяқтатып алмас үшін, малға да қолайлы жағдай керек. Сол қажеттілікке сай биыл 2,2 миллион тонна пішен, 480,3 мың тонна сабан, 119,9 мың тонна пішендеме және 92,1 мың тонна сүрлем дайындалыпты. Бұдан бөлек, қыс ұзаққа созылатын болса пайдаға асырылады деген есеппен өткен жылдан қалған 206,3 мың тонна шөп қосымша қор ретінде сақтаулы тұр.

Жалпы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бүгінде асыраушы сала экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналып, табиғаты шаруашылыққа қолайлы облысымызда ауылшаруашылығы саласы жыл санап алшаң басып келеді. Алдағы уақытта суармалы алқаптардың аумағын ұлғайту, заманауи ауылшаруашылығы техникаларын сатып алу, асыл тұқымды мал санын арттыру, ақылды фермалар мен цифрландырылған өндіріс орындарын ашуға күш жұмсалатын болады.

 

ТАЗА АУЫЛ ДӘМІ – «ДәмЕлі»

Ауылшаруашылығы өнімдерінің нарықтағы орны айрықша. Жылдар өткен сайын табиғи таза өнімге деген сұраныс артпаса, кеміген емес. Тұтынушы талғамы сапаға ауысқан заманда еңбегінің шынайы нәтижесін көріп, , кәсібін бірізге түсіріп отырған кәсіпкерлердің еңбегі айрықша бағалы. Осындай азаматтар ауыл экономикасының дамуына серпін беріп, ел тұрмысының нығаюына өз үлесін қосып келеді. Солардың бірі – «ДәмЕлі» жеке кәсіпкерлігі арқылы облыс халқына сапалы сүт тауарларын ұсынып отырған Серік Абдраманов. Іскер азамат бизнесін бастамас бұрын ұзақ жылдар бойы мемлекеттік құрылымдарда қызмет етіп, мол тәжірибе жинаған.

Тұрғындарға ауылшаруашылық саласындағы азық-түлік өнімін таза қалпында жеткізуді мақсат етіп, осы жауапкершілігі жоғары кәсіп түрін ашу туралы ойға Серік дүкен сөрелерінде айлар бойы бүлінбей тұра беретін сүт өнімдерін көргенде келген. Айлап сақталатын тауарларды көргенде сапасына күмәнданып, «Табиғи өнім ұзақ уақыт сақталмайды» деген қарапайым түсінік ойынан шықпай, «Өз баласына ішкізе алмаған айран-сүтті өзгеге қалай ұсынуға болады?» деген сауал жанын жиі мазалай бастайды. Балалары дүниеге келген сәттен бастап көкейіндегі күмән-күдік ұлғая түсіп, табиғи өнім өндіруге деген ықыласын арттырған екен. Осы ой оны кәсіптің көзін табуға жетелеп, жаңа істі бастауына түрткі болған.

Жеке кәсіпкерлік алғашқы өнімін нарыққа 2024 жылдың көктемінде шығарды. Өндіріс ошағы Меркі өңірінде, ауасы мөлдір, суы таза жерде орналасқан. Бұл аймақтың шөбі шүйгін, табиғаты көркем. Мұндай жерде сауылған малдың сүті де ерекше болады. Өнімнің сапасы мен дәмі ауыл таңының самалындай жан сарайыңды аша түседі. Қоспасы көп, ұзақ сақталатын өнім көбейген заманда «ДәмЕлі» халыққа табиғилықты қайта ұсынуды мақсат етіп отыр.

Қазіргі таңда компания айран, қымыз, піскен айран, ашымық және қаймақ секілді барлығы бес түрлі өнім түрін шығарады. Тауарлар қарапайым болғанымен, халыққа ең жақын, табиғилықты анық жеткізетін ас түрлері.

Бизнесте есімі енді таныла бастағанына қарамастан кәсіпкерліктің алғашқы қадамдары сәтті болды. Былтыр «Қазақстанның үздік тауары – 2024» көрмесіне қатысып, «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалисті атаныпты. Сол сәтте қымыздың дәмін көрген сарапшылар «қазақтың горилласы» деп жоғары баға беріпті. Халықтың сенімі мен мамандардың бағасы олардың дұрыс бағыт таңдағанын көрсетіп отыр.

Жеке кәсіпкерлікті дөңгелетіп отырған ерлі-зайыптылар бәсекелестіктен қорықпайды. Өйткені сүт өнімдерінің нарығы кең және әр өндірушінің өз орны бар. Десе де ірі өнеркәсіптік брендтермен бәсекелесе алмайтынын түсінеді, әрі алдарына ондай мақсат та қоймапты. Өйткені «Дәм Елі» – шағын партиямен дайындалатын, өздерінің табиғи шикізатынан жасалған, дәстүрлі технологиялар мен табиғи дәмді сақтайтын фермерлік өнім. Дәл осы ерекшеліктері оларды ірі өндірушілерден айырып тұрады.

Алайда сұраныстың өндірістен жылдам өсуі кәсіпкерлер үшін қуаныш емес, сынға айналып отыр екен. Анығын айтқанда «Instagram» әлеуметтік желісіндегі парақшалары «@dameli_product» арқылы түрлі аймақтан түсетін тапсырыс жиілеген. Бірақ цехтің шағын болуы мен құрал-жабдықтың аздығы өнімді үлкен көлемде өндіруге мүмкіндік бермейді. Сондықтан іскер азамат бүгінде кәсіп аясын кеңейтуге жағдай жасау бағытында жұмыс істеп жатыр. Өндірісті жаңғыртып, қуаттылықты арттыруды жоспарлауда. Алайда олар үшін сапаны сақтау маңызды болғандықтан, барлығы біртіндеп әрі жауапкершілікпен жүзеге асырылуда.

Алдағы бес жылда жас кәсіпкерлік бірқатар маңызды әрі шынайы мақсаттар қойып отыр. Ең алдымен, Тараз қаласында шағын фирмалық дүкендер ашуды жоспарлайды, бұл тұтынушыларға жақын болуға және балғын өнімге тұрақты қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Басқа қалаларға тауар жөнелтіп, филиал ашу секілді жоспарлар әзірге ойда жоқ, себебі сүт өнімдерін тасымалдау мен сақтау үшін елеулі шығындар мен талаптар қажет. Сондықтан алдымен жергілікті нарықтағы позицияны күшейтуді көздейді.

Ассортимент бойынша жақын болашақта құрт пен сары майды қосу, сондай-ақ наринэ мен балалар йогуртының өндірісін қайта жандандыру жоспарланып отыр. Бұл өнімдер олардың желісін толықтырып, табиғи әрі пайдалы сүт өнімдеріне деген сұранысты көрсетеді. Міне, аталған кәсіпкердің ісін тәуелсіздік таңындағы татымды тірліктің бірі деуге болады.

Биыл өңірдің ауылшаруашылығы саласы айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Ауыз толтырып айтарлық жұмыстардың барлығы – тәуелсіздік жылдары қалыптасқан мүмкіндіктер мен мемлекет ұсынған қолдаудың жемісі. Егемендік бізге өз даму жолымызды таңдауға, ауылшаруашылығы экономикасын тиімді басқаруға және жаңа биіктерге ұмтылуға жол ашты. Тәуелсіздіктің арқасында ауыл-аймақтың әлеуеті артып, бүгінгі табыстардың негізі қаланды. Сондықтан биылғы көрсеткіштер – бір жылдың нәтижесі емес, тәуелсіз ел болып қалыптасқаннан бергі тұрақты еңбектің, жүйелі саясаттың және ауылдағы еңбек адамдарының маңдай тері.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ