Брифинг

Шаһар шырайлана түседі

Кеше «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихатын өткізіп, осы жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Шаһар басшысының айтуынша, қаңтар-қазан айларының қорытындысымен Тараз қаласының негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасқан. Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімінің көлемі 570,2 миллиард теңге, инвестиция – 171,0, құрылыс жұмыстары – 76,1, ауылшаруашылығы өнімі 21,8 миллиард теңге деңгейінде қалыптасқан. Сол секілді бөлшек сауда 325,5 миллиард теңге, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 325,9 мың шаршы метрді құраған.

Қаңтар-қазан айының қорытындысымен Тараз қаласында жалпы 49 867 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде шағыны – 7 494, орта кәсіпкерлік нысан – 50, жеке кәсіпкерлер саны 40 420 болса, 1 903 шаруа қожалық бар. Тіркелген субъектілердің 44 442-сі бүгінде нақты жұмыс істеп тұр. Олардың қатарында 50 орта кәсіпкерлік, 37 034 жеке кәсіпкерлік және 1 699 шаруа қожалығының жұмысы ырғақты. Ал 5 425 кәсіпкерлік субъектісі қазіргі уақытта жұмыс істемейді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жаңадан тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік нысандар 5 981-ге артыпты. Биыл 76 683 тұрғын шағын және орта кәсіпкерлік арқылы жұмыспен қамтылса, өндірілген өнім көлемі 400,8 миллиард теңгені құраған. Сондай-ақ «Бірыңғай кешенді» кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы және «Өрлеу» бағдарламасы аясында «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы Тараз қаласы бойынша 19,8 миллиард теңгеге 131 жоба қаржыландырылған екен. Пайыздық ставкаларды субсидиялау тетігімен 7,6 миллиард теңгеге 31 жоба, «Банк кредиттері бойынша кепілдік беру» құралы арқылы 3,3 миллиард теңгеге 72 жоба кепілдендірілген көрінеді. «Өрлеу» бағдарламасы аясында 4,7 миллиард теңгеге тағы 28 жоба қаржыландырылды.

Қала тұрғындарын жиі толғандыратын сауалдардың бірі – көше жарығы. Биыл 85 көшеге жарықшамдары орнатылыпты. Оның ішінде 65 көше аяқталса, 20 көшенің жұмыстары келесі жылы да жалғасады. Қаладағы көпқабатты 308 тұрғын үйдің ауласы самаладай жарқырап тұр.

Есепті кезеңде 61,4 шақырымды құрайтын 108 көше орташа жөндеуден өткен. Одан бөлек, 2024-2025 жылдары «Құмшағал», «Шөлдала» тұрғын алқаптарындағы және 28 саяжайдағы 320 көшеге қиыршық тас жол салынған. Сондай-ақ ұзындығы 35,3 шақырым болатын 18 жаяу жүргінші жолдары пайдалануға берілген. Биылға 17 шақырым арық жүйесін жаңартуға бюджеттен 600 миллион теңге бөлініпті. Қазір қаладағы Желтоқсан, Қазыбек би, Төле би, Байзақ батыр, Сүлейменов көшелері және «Қаратау», «Жайлау», «Аса», «Жансая» ықшамаудандарымен «Химпоселок» аумағында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.

Тараздық тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында жүзеге асқан игіліктің бірі – «Ұлы дала» ықшамауданы жанындағы «Түйте» каналының 1,7 шақырымына абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, халық игілігіне берілуі. Алдағы уақытта «Үшбұлақ» және «Қарасу-2» каналдарын да жаңғырту жоспарда бар екен. Сондай-ақ «Үшбұлақ» су арнасының бірінші кезеңде 1,2 шақырымын, ал «Қарасу» каналының 1,3 шақырымын абаттандыру жоспарда бар. Жобада каналдардың жағалауын саябақ ретінде көгалдандыру, воркаут, спорт алаңшалары және зейнеткерлерге арналған демалыс аумағы қарастырылған. Мұнымен қатар Достастық жәрмеңкесі аясында «Гидрокешен» саябағын абаттандыру және «Төрткүл» керуен сарайын қайта жаңғырту жұмыстары басталыпты. Сол секілді биыл «Сеңкібай» каналын механикалық тазалау жұмыстарына 44,1 миллион теңге қаржы бөлініп, жұмыстар жүргізіліп, толығымен аяқталған.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ