Жамбыл жаңалықтары

Тараз қаласында бокс орталығы ашылды

Әулиета өңірі талай таланты, талай дарынды тұлғаларды тудырған топырағы киелі мекен. Құт дарыған өлкемізден аты әлемге әйгілі көптеген спорт саңлақтары да шыққаны баршаға белгілі. Оның ішінде әлемдік додаларда қазақтың туын көкте желбіреткен боксшыларымыз да аз емес. Содан да жұртшылық Жамбыл бокс мектебін чемпиондар ұстаханасы деп атап кеткен.

Кеше Тараз қаласындағы Олимпиада резервін даярлау орталығының спорт кешенінен «Жамбыл» бокс орталығы ресми түрде ашылып, пайдалануға берілді.

Орталықтың ашылу салтанатына облысқа жұмыс сапарымен келген Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп арнайы қатысты.

Жиында облыс әкімінің орынбасары, облыстық бокс федерациясының президенті Серік Сәлемов сөз алып, ізгі тілегін арнады.

Келесі кезекте сөз алған Шахмұрат Мүтәліп бокс орталығының жұмысына табыс тіледі.

Бұдан кейін, орталықтың лентасы қиылып, көпшілік ғимаратты аралап көрді. Нысан әмбебап залмен, кіші залмен жаттығу залымен, қонақүймен және асханамен жабдықталған. Орталықты аралау барысында Шахмұрат Мүтәліп Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпековті сөзге тартты. Н.Ақүрпеков орталықта жатақхана, моншаға дейін бар екенін әңгімеге арқау етіп, федрация тарапынан боксшыларымызға көрсетіліп жатқан қолдаулар үшін алғысын жеткізді. Өз кезегінде федерация басшысы жастарға жағдай жасалса, мотивация берілсе, облыстан талай әлем, Олимпиажа чемпионы шығатынына сенім білдірді.

Айта кету керек, енді облыстың ересектер құрамасы мен жасөспірімдер құрамасы осы жерде жаттығатын болады. Сонымен бірге жасөспірімдердің оқу-жаттығу жиындары мен түрлі жарыстар да осы орталықта өтеді.

Бұдан кейін Шахмұрат Мүтәліп облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне барып, оның жұмысымен танысты. Одан кейін Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз Арена» спорт сарайында жаттықтырушылармен және атақты спортшылармен кездесті.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ