Жаңалықтар

Қазақ ұлттық су шаруашылығы университетінде Абай мұрасына арналған рухани кеш ұйымдастырылды

Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінде «Ұлттық құндылықтар бастауы – Абай» атты әдеби-сазды кеш өтті, деп хабарлайды arainfo.kz

Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің Кітапханалық-ақпараттық орталығында қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын ұлықтауға арналған «Ұлттық құндылықтар бастауы – Абай» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды.

Іс-шараны университеттің әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Мақсат Несіпжанұлы ашып, Абайдың «Толық адам» ілімінің бүгінгі қоғам үшін маңыздылығына тоқталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған бұл тұжырым жас ұрпақты адамгершілікке, білімге, жауапкершілікке тәрбиелеудің темірқазығы екені атап өтілді.

Кеш бағдарламасы мазмұндылығы және рухани тереңдігімен ерекшеленді. 3-курс студенттері Кеңесбай Анеля мен Сәкен Еркеназ дайындаған «Абайдың өмірі мен шығармашылығы» атты презентация көрерменге ақынның дара болмысын қайта ашты. «Ашық микрофон» бөлімінде студенттер Абай өлеңдерін жатқа оқып, поэзия әлемінің сырлы үнімен залды әсерге бөледі.

Музыкалық бөлімде 1-курс студенті Жамбыл Ерасылдың орындауындағы «Ерке сылқым» күйі мен «Экология» білім беру бағдарламасының студенттері шырқалған «Желсіз түнде жарық-ай» әні кештің сәнін аша түсті. Сонымен қатар, Абайдың 7-қара сөзі сахналанып, ұлттық нақыштағы би қойылымы ұсынылды.

Кеш аясында «Ұлы халықтың – ұлы Абайы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, студенттер «Абайдың өмір жолы» тақырыбындағы Kahoot! ойынында өз білімдерін сынады. Белсенді қатысушыларға арнайы марапаттар табысталды.

Бұл кеш – студенттердің рухани дүниесін байытып, ұлттық мұраға деген қызығушылығын арттырған тағылымды шара болды.