Құмар ойындар көсегемізді көгертпейді
Елімізде жыл санап құмар ойындардың құрығына ілінген адамдардың саны артып келеді. Бұл әлеуметтік кеселдің асқынып бара жатқаны соншалық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та құмар ойындарға тәуелділік мәселесіне бірнеше рет назар аударған болатын.
Мәселен Президент Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде лудоманиямен қоғам болып күресу керегін ерекше атап өтті.
«Сол сияқты тағы бір қауіпті кесел – лудомания, яғни құмарпаздық. Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады.
Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады. Біз нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресу үшін кешенді жоспар қабылдадық. Үкімет лудоманиямен күреске қатысты дәл сондай жоспар қабылдауы керек. Құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қою қажет. «Amanat» партиясы фракциясының бастамасымен осы мәселе бойынша тиісті заң жобасы әзірленді. Парламентте қаралып жатқан сол жобаны осы сессияның соңына дейін қабылдау қажет. Біз жастардың құмар ойынға салынып, арзан табысқа ұмтылуына жол бермеуіміз керек» деген Қасым-Жомарт Кемелұлы адал еңбекпен тапқан табыс қана берекелі болатынын тағы бір мәрте еске салды.
Сондықтан да бүгінде лудоманияның алдын алу, қоғамдық ортадағы тұрақтылықты, тұрғындардың психикалық саулығы мен адамгершілік құндылықтарын, әсіресе өскелең ұрпақтың рухани болмысын қорғау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті де бұл іске өз үлесін қосуда. Департамент басшысының орынбасары Нұрбол Рахметовтің айтуынша, жыл сайын заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактілері анықталып, жолы кесіледі.
Мәселен, былтыр осындай мазмұндағы 4 300-ден аса сайт анықталып, жабылса, 2025 жылдың 10 айында алты мыңнан аса сілтеме бұғатталған.
Құмар ойындарға тәуелділердің басым бөлігі – жастар әрі еңбекке қабілетті азаматтар. Облыстық психикалық денсаулық орталығының психиатр-дәрігері Айдана Оспанованың айтуынша, бұл мәселенің түп-тамыры тереңде жатыр.
Психологтардың пікірінше, жағдай ушығып кетпес үшін ең алдымен жақындары лудоманияға шалдыққан адамды емделу мен сауықтыру қажеттілігіне сендіруі тиіс. Көмек алу үшін облыстық психикалық денсаулық орталығына, сондай-ақ жеке клиникалар мен оңалту орталықтарына жүгінуге болады. Онда мамандар тәуелділіктен арылу үшін кәсіби көмек көрсетеді.
Сондай-ақ психологтің айтуынша, онлайн құмар ойындар тек уақытты ұрлап қоймайды, жастардың бойындағы сенімділік, тұрақтылық, болашаққа деген сенімді жояды. Жеңіліс тапқан сайын олар өз-өзіне сенімсіздік танытып, жалғыздыққа ұшырайды. Қарызға кіру, достарынан ақша сұрау, кейде алаяқтыққа бару – құмар ойынға тәуелді адамның шынайы бейнесіне айналады.
Жалпы мамандар әлеуметтік кеселмен күрес үшін кешенді көзқарас қажет екенін айтады. Қазіргі әдістер бұл мәселені шешуге жеткіліксіз. Жастармен жұмыс істеуде олардың тілін табатын, заманауи форматтағы жобалар қажет. Мысалы, киберспорт секцияларын ашу, онлайн турнирлер өткізу арқылы қызығушылықты дұрыс арнаға бұруға болады. Сонымен қатар қаржылық сауаттылықты арттыру, нақты табыс табу жолдарын үйрететін арнайы курстар жүргізу – бүгінгі күннің басты қажеттілігі. Әлеуметтік желі мен «Tik Tok», «Instagram» арқылы насихат жүргізу де маңызды. Жастарға мотивациялық контент қажет, бірақ ол нақты өмірмен үндес болуы тиіс.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ