Еңбек адамы

Талайға үлгі Тайырбек

Халықты әуре-сарсаңға салып, әлемді бір тарының қауызына сыйдырған коронавирус пандемиясы да көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Елден ес, ерден дес кеткен сол бір қиын кезеңде де адамгершілігін жоғалтпай, ешқандай өтем күтпей жақсылық жасап, елден алғыс алған азаматтар аз болған жоқ. Еңбегімен елге сыйлы сондай азаматтың бірі – кәсіпкер Тайырбек Төлентаев.

Тайырбек Төлентаев 1974 жылдың 29 қаңтарында Өзбекстан Республикасының Сырдария облысы, Ворошилов ауданына қарасты Социализм ауылшаруашылығы кеңшарында дүние есігін ашқан.

Жастайынан талапты болған Тайырбек 1993-1997 жылдары Ташкент ирригация және ауылшаруашылығын механикаландыру институтында білім алады. Жоғары оқу орнын бітірген жас маман еңбек жолын Ташкент қаласындағы «ТАПОИЧ» авиация зауытында шебер-механик қызметінен бастайды. Ал 1998-2000 жылдары тағдыр жолы кейіпкерімізді Оңтүстік Кореяға алып барды. Чанг-Вон мен Масан қалаларындағы әйгілі «Samsung», «Hyundai», «LG» компанияларында роботтарды басқарушы болып еңбек етіп, үлкен тәжірибе жинайды. Кейін еліне оралған соң сауда саласына бет бұрып, 2000-2003 жылдары «Зулхаё» сауда компаниясына менеджер болып жұмысқа орналасып, филиал директоры лауазымына дейін көтерілген.

Тағдырын Қазақстанмен байланыстыру Тайырбек Анарқұлұлының өміріндегі ең маңызды шешімдердің бірі болды. 2003 жылы облысымызға қоныс аударып, жаңа ортада жаңа белестерді бағындыруға бел буды. Алғашында Тараз қаласындағы «Сенім» баспаханасында экспедитор, 2005-2008 жылдар аралығында «Дүйсен және К» техникалық қызмет көрсету орталығында механик болып жұмыс істеп, кейін «Атакент» сауда орталығының құрылыс бөлімін басқарған.

Кейіпкеріміз 2013 жылдан бастап Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылындағы «Аман-Ата» шаруа қожалығы мен «Аман-ата» наубайханасының басшысы болып, он жылдан астам уақыт ішінде ауыл халқына қызмет ететін, күнделікті нан өнімін ұсынып отырған өндірісті дамытуға күш салды. Кәсіп иесі қайырылымдылық шараларын өткізіп, карантин кезінде халыққа нан жеткізуді мақсат тұтып, сауапты іспен айналысқан. Бүгінде наубайханада 12 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Тайырбек Төлентаев бүгінде еңбегінің жемісін көріп, жас ұрпаққа үлгі болып отыр. Ол маңдай тер мен табан аудармай атқарған тірлігінің арқасында «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған. Сонымен қатар еліміздің және Қырғыз Республикасының бірнеше марапаттарына ие болған.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ