«Газ баллон» акциясы басталды
Қылышын сүйретіп қыс та жетті. Мінезі қатал осы бір маусымда қауіп те, қатер де арта түседі. Әсіресе тұрмыстық жағдайда немесе көлікте газ баллонын дұрыс қолдануға мән бермеу тұрғындарға үлкен қауіп төндіріп, оның соңы жарылыс немесе өртке әкеліп соғуы мүмкін. Осындай тәуекелдердің алдын алу мақсатында еліміз бойынша 1 желтоқсаннан бастап «Газ баллон» республикалық акциясы басталды.
Акцияның басты мақсаты — газ баллонды пайдалану кезіндегі құқық бұзушылықтардың және авариялық жағдайлардың алдын алу. Облысымызда да акция аясында профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Айлық акция барысында облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері автокөлігі газбаллонмен жабдықалған жүргізушілер арасында түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырып, қауіпсіздік шараларын егжей-тегжейлі түсіндіруде. Паркингтерде құтқарушылар тұрғындарға газ баллонды қауіпсіз пайдалану қағидаларын, авариялық жағдайлардың туындау себептерін және газдың маңайға тарауы мен өрттің алдын алу үшін қажетті шараларды жан-жақты баяндап беруде.
Профилактикалық жұмыстар облыстық және республикалық маңыздағы жолдарда да жалғасын табуда. Жүргізушілерге жабдықты уақытылы техникалық тексеруден өткізіп отырудың және барлық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаудың маңыздылығы тұрақты ескертілуде.
Акция аясында «Көпқабатты тұрғын үйлерде газ баллонын қолдану кезіндегі қауіпсіздік талаптарының сақталуы мен электр құралдарын дұрыс пайдалану» және басқа да маңызды бағыттар бойынша Тараз қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлер араланып, тұрғындарға ескерту жұмыстары жүргізілді.
Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының аға анықтаушысы Азат Амангелдінің айтуынша, қай маусымда болмасын қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау – аса маңызды талап.

Осындай бағыттағы іс-шаралар аудандарда да кең көлемде жүргізілуде. Мәселен, 1-5 желтоқсан аралығында Жуалы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері «Газ баллон» республикалық акциясы аясында тұрғын үйлерде, әкімшілік, қоғамдық ғимараттарда, сауда орталықтарында, газ құю стансаларында қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша түсіндірме жұмыстарын өткізді. Іс-шара барысында 720 тұрғын үй мен 2 448 адам, 29 әкімшілік ғимарат, 36 сауда орталығы, 156 автокөлік және 3 газ құю стансасы қамтылды.
Ал жақында Тұрар Рысқұлов ауданының төтенше жағдайлар бөлімі мектеп оқушылары үшін қауіпсіздік тақырыптарына арналған ашық сабақ ұйымдастырды. Сабақ барысында балаларға улы газдан сақтану, тұрмыста өрт қауіпсіздігін сақтау, сондай-ақ мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелері туралы маңызды ақпарат жеткізілді. Құтқарушылар әр тақырып бойынша нақты мысалдар келтіріп, қауіп төніп тұрған жағдайда дұрыс әрекет ету тәртібін түсіндірді. Сонымен қатар, оқушыларға М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына түсу талаптары мен мамандықтың ерекшеліктері таныстырылды.
Сондай-ақ халықаралық еріктілер күніне орай Тараз қаласы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде «АMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының еріктілері үшін «Ашық есік» күні ұйымдастырылды. Іс-шара кезінде қатысушыларға өрт сөндіру бөлімінің қызметі, арнайы техникалар, жабдықтар және қызметтік жарақтар таныстырылды. Өртсөндірушілер өздерінің арнайы киімдерінің ерекшеліктерін, авариялық-құтқару жұмыстарының кезеңдерін және төтенше жағдай кезіндегі әрекет ету тәртібін жан-жақты түсіндірді. Мұндай іс-шаралар жастардың құтқару қызметіне деген қызығушылығын арттырып, қоғамда қауіпсіздік мәдениетінің қалыптасуына ықпал етеді.
Құтқарушылардың әр күні осылай қарбаласқа толы. Облыс аумағында 1-8 желтоқсан аралығында орын алған төтенше жағдайлар мен оқиғаларға тоқталсақ, бұл аралықта облыс аумағында жедел кезекшілік бойынша 12 төтенше жағдай орын алыпты. Оның ішінде табиғи сипатта 2 жағдай тіркелсе, бағымызға орай қаза болғандар мен ауруханаға жатқызылғандар болмаған. Техногендік сипаттағы 10 жағдай орын алып, бұл бойынша да зардап шеккендер тіркелмеген. Жедел ақпарат келіп түспеген.
Облыстың төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері тарапынан 61 рет шығу жүзеге асырылған. Оның ішінде өрт сөндіру бөлімдері 41 рет шақыртуға барса, оның 10-ы өртке, 28-і жану оқиғаларына, үшеуі авариялық-құтқару жұмыстарына қатысты болған. Нәтижесінде 1 адам құтқарылып, қауіпсіз орынға көшірілгендер болған жоқ.
Жедел-құтқару жасағы 20 рет шықса, оның 19-ы авариялық-құтқару жұмысына, біреуі іздеу-құтқару жұмысына байланысты екен. Бұл бағытта да құтқарылған немесе қауіпсіз жерге көшірілген адамдар болмаған.
Апта ішінде «Қазгидромет» облыстық филиалынан 4 дауылдық ескерту келіп түсуіне байланысты тиісті шаралар қабылданған. Облыс тұрғындарын хабардар ету үшін ұялы байланыс операторларына 11 хабарлама жіберіліпті.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ