Қоғам

Орманды өрттен қорғау – ортақ міндет

Еліміздің баға жетпес байлығы – көз тартарлық табиғаты, орманы мен жануарлары. Орман-тоғай – Жер-Ананың адамзатқа берген шексіз сыйы. Он сегіз мың ғаламдағы тіршілік атаулының құт мекені – табиғат, соның ішінде орман десек қателеспейміз. Сондықтан табиғатты аялау мен оның қадір-қасиетін сезіну – барша адамзатқа парыз.

Табиғатты қорғау, оның әрбір байлығына жанашырлық таныту, сондай-ақ оларды дала өрттері мен түрлі апаттардан сақтау – маңызды міндеттердің бірі. Осы жауапты істің алдыңғы шебінде «Қазавиаорманқорғау» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының Жамбыл авиациялық бөлімі тұр.

Бөлім басшысы Бауыржан Төлепбергеновтің айтуынша, Жамбыл авиациялық бөлімшесі – Қазақстан ормандарын әуеден қорғау және орман шаруашылығына авиациялық қызмет көрсету міндетін атқаратын «Қазавиаорманқорғау» кәсіпорнының маңызды құрылымдық бөлігі.

Қызметкерлер штаттық құрам бойынша толық жасақталған. Жыл сайынғы демалыстар аяқталғаннан кейін барлық қызметкерлер медициналық тексерістен өтіп, теориялық және практикалық дайындықтан өтеді. Тиісті сынақтар мен емтихандар тапсырылып, мамандардың кәсіби даярлығы расталады. Сонымен бірге 2026 жылы жеке қорғаныс құралдарын жаңарту жоспарланып отыр екен. Көлік, байланыс құралдары, өрт сөндіру техникалары тексеріліп, консервацияланған. Қыс мезгілінде барлық техниканың ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нормалық талаптарға сай жетіспейтін жабдықтар толықтырылады.

2026 жылға әуелік патрульдеу және орман қорын қорғау бойынша ұшу сағаттары да белгіленіпті. Жоспарға сай 2-3-сыныпты тікұшақтар үшін – 380 сағат, ал ұшақтар үшін 350 сағат деп анықталып отыр екен. Осылайша «Қазавиаорманқорғау» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының Жамбыл авиациялық бөлімшесі жаңа маусымды толық дайындықпен қарсы алуды көздеп отыр.

Ал облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Медет Үрістеновтың айтуынша, облыс аумағындағы мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 4 миллион 425 мың гектарды құраса, 2 миллион 311 мың гектары орманмен қамтылған. Бұл облыс аумағының 30,8 пайызын құрайды.

Алдын алу шараларының тұрақты жүргізіліп жатқанына қарамастан, өрт қаупі жоғары маусымда облыстың орман қоры аумағында жалпы 50 орман өрті тіркеліп, тілсіз жау 33 807,91 гектар аумақты қамтыпты.

Өрттердің шығу себептеріне келсек, 3 жағдай азаматтардың өрт қауіпсіздігін сақтамауынан, 26 жағдай найзағайдың түсуінен, 6 оқиға жақын орналасқан елді мекендер аумағынан өрттің орманға өтуінен тіркелген. Бір өрт орман ішіндегі учаскеден көршілес учаскеге тараса, 14 жағдайда себептері анықталмапты.

Сонымен қатар материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында 2025 жылы жергілікті бюджеттен 100 миллион теңге бөлініп, өрт сөндіру техникалары, патрульдік автокөліктер және пилотсыз ұшу аппараттарын сатып алуға бағытталған. Қазіргі таңда 9 патрульдік автокөлік сатып алынып, орман мекемелеріне жеткізіліпті. Сондай-ақ орман шаруашылықтарының арнайы есепшоттары есебінен қосымша 1 «Нива» автокөлігі алынған. Бұдан бөлек, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы 1,8 миллиард теңгеге 59 өртке қарсы техниканы лизинг арқылы сатып алу жоспары іске асырылып жатыр екен.

Сондай-ақ облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Дархан Қалдырбектің сөзіне сүйенсек, орман және дала алқаптарындағы өрт қауіпсіздігін күшейту мақсатында арнайы құжат әзірленген. Атап айтқанда, «Облыс аумағындағы табиғи өрттердің алдын алу жөніндегі шаралар туралы» облыс әкімінің қаулысының жобасы департамент мамандарымен бірге дайындалып, уәкілетті мемлекеттік органдармен толық келісуден өткен.

Маманның айтуынша, облыс аумағында 377 елді мекен бар. Солардың ішінде мемлекеттік өртке қарсы қызметтің 20 өрт сөндіру бөлімі өздерінің қызмет көрсету радиусына кіретін 106 елді мекенді қорғайды. Ал қалған 271 елді мекенді қорғау үшін жергілікті атқарушы органдар кезең-кезеңімен 36 өрт сөндіру бекетін құруды жоспарлап отыр. Осыған байланысты облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасымен бірлесе отырып, 2021-2025 жылдарға арналған өңірді дамыту жоспарына өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізіліпті. Яғни 13 шалғай елді мекенде өрт сөндіру автомобильдері мен арнайы бейімделген техникалары бар өрт сөндіру бекеттерін кезең-кезеңімен құру мүмкіндігі қарастырылған. Бүгінгі күні облыс аумағында 23 өрт сөндіру бекеті құрылған. Аталған бекеттердің жауапкершілік аймағында халық саны 211 мыңнан асатын 78 елді мекен орналасқан. Өрт сөндіру бекеттері шалғай аумақтардағы өрт қауіпсіздігін күшейтуге және оқиға орындарына дер кезінде жетуге мүмкіндік береді.

Облыс аумағындағы орман қорын күзету мен қорғау жұмыстары жауапты мекемелердің тұрақты бақылауында және алдағы маусымдарда да бұл бағыттағы шаралар күшейтіле бермек.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ