Бюджеттік бағдарламалардың берері мол
Бүгінде Қордай ауданында қазынадан қаралған қаржы есебінен жүзеге асырылып жатқан жұмыстар өз нәтижесін беруде. Әр салада бюджеттік бағдарламалардың тиімді іске асырылуы мен бюджеттік жобалардың орындалуы үнемі бақылауда болуының арқасында жоспарланған жұмыстар көптің көңілінен шығуда. Атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, тұрғын үй, инженерлік инфрақұрылым, тұрғындарды ауызсумен жабдықтау, елді мекендерді газдандыру, әлеуметтік саланың әлеуетін арттыру бағыттары бойынша құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілген.
ТҰРҒЫНДАР ТАЗА АУЫЗСУМЕН ҚАМТЫЛУДА
Мысалы, білім саласына келетін болсақ, Республика күні қарсаңында «Келешек мектептері» жобасы аясында Қаракемер және Қарасу ауылдарында 300 орындық екі мектептің пайдалануға берілгені баршаға аян. Жаңа нысандардың ашылу салтанатына облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің өзі қатысқан еді. Сол секілді Сортөбе ауылында бір ауысымда 200 адамды қабылдайтын емхана салынған болатын. Сондай-ақ иммундық-биологиялық препараттар шығаратын биофарм зауытын және осы кәсіпорынның базасында субстанция өндірісі цехын салу жұмыстары жүргізілді. Үлкен Сұлутөрде жаңа спорт кешені бой көтеруде.
Тұрғын үй құрылысы да қарқын алып, Қордай ауылының «Батыс» ықшамауданында 60 пәтерлі екі көпқабатты тұрғын үй бой көтерді. Аухатты ауылындағы жаңа тұрғын алабта электр желілері жүргізілді. Қарасай, Еңбек және Керу ауылдарына газ құбырын тарту жұмыстарының екінші кезеңі жүзеге асуда. Қайнар ауылында 3 800 гектар суармалы алқапты ылғалдандыру үшін қысыммен су беретін құбырдың жұмысы аяқталды.
Биыл ауданда жол жөндеу, инфрақұрылым, мектеп, балабақша құрылысы сияқты бағыттарға 14 миллиард 200 миллион 419 мың теңге бөлініпті.
Қордай ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ануар Абсеитов ауданда орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланатын елді мекендер саны 37-ге жеткенін, яғни 90,2 пайызды құрайтынын айтады. Тұрғындар санына шаққанда, орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелеріне қосылғандар саны 155 875 адам болса, қосылмағандар саны 1,1 пайыз деңгейінде ғана екен.

АВТОЖОЛДАР ТАЛАПҚА САЙ
Қордай ауданында автомобиль жолдарының ұзындығы 1343,3 шақырымды құраса, 308 шақырымы республикалық маңызы бар, 275,5 шақырымы аудандық маңызы бар, ал 760 шақырымы елді мекен көшелері екен. Қордай ауданы аумағында жергілікті маңызға ие автомобиль жолдарын күтіп-ұстау, яғни жолдарды ағымдағы жөндеу, жол белгілерін сызу және жол белгілерін орнату мақсатында тиісті жұмыстар өз деңгейінде жүргізілген.


«ДОСАЛЫ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен жасалған келісімшартқа сәйкес ауылдық елді мекендер мен аудандық маңызы бар автомобиль жолдарында орналасқан бейнекамералар қалпына келтіріліпті. Қыркүйек-қазан айларында Қордай ауылында, оның ішінде Жібек жолы, Төле би, Қазыбек би көшелерінде, орталық кеден посты мен орталық саябақ аумағында, сондай-ақ Шу қаласына шыға берісте орналасқан бейнекамералардың сымдары жөнделген.
Қордай ауданы аумағында жылдамдықты шектейтін 18 «Сергек» бейнебақылау камерасы 10 елді мекенде орнатылып, толықтай іске қосылған екен. Аталған камералар аудандық полиция бөлімі арқылы интеграцияланған. Атап айтқанда, бұл камералар Қайнар, Сарыбұлақ, Қақпатас, Бетқайнар, Жамбыл, Степное, Әлжан ана, Қарасу, Өтеген және Масаншы елді мекендерінің аумағында іске қосылған. Барлық бейнебақылау камералары орталықтарда, елді мекендердің кіреберіс және шығаберіс жерлерінде орнатылған. Нақты орналасу орындары ауыл әкімдері мен полиция бөлімдерінің келісімі бойынша қауіпті аймақтар ескеріле отырып таңдалған. Қазіргі уақытта осы камералар құқық қорғау органдарына қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және құқықбұзушылықтың алдын алуға үлкен көмегін тигізіп жатса керек.
ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕР УАҚЫТЫЛЫ ТӨЛЕНУДЕ
Ауданда әлеуметтік осал топтарды қолдауға да қомақты қаражат бөлінген екен. Атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй көмегі, мүгедектер мен үйде оқитын балаларға арналған әлеуметтік төлемдерді тиісті отбасылар мен азаматтар тұрақты алуда.
Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған іс-шаралар жайлы біз аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ақсана Елеусізовадан сұраған едік.
Бөлім басшысының айтуынша, 2025 жылы кедейшілік деңгейінен төмен тұратын отбасыларды мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекпен қамтамасыз ету мақсатында 166 527,0 мың теңге қарастырылыпты. Есепті кезеңде 220 отбасыға немесе 1 164 адамға жалпы сомасы 116 639,0 мың теңге көмек төленіпті.
Ауданда халықты жұмыспен қамту жұмыстары 2025 жылы кең көлемде жүргізіліпті. 2025 жылдың 1 қарашасына дейін ресми түрде жұмыссыздар есебінде 1 444 адам тіркеліпті. Ал жыл басынан бері 6 163 азамат жұмыспен қамту бойынша өтініш білдіріп, олардың ішінде әлеуметтік қорғау шараларымен 4 106 адам қамтылған екен. Бұл азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету барысында жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, қысқа мерзімді оқу курстары, кәсіби біліктілікті арттыру бағытындағы шаралар ұсынылған.
Жалпы мемлекет үшін бюджет қаржысының тиімді жұмсалуы мен қандайда бір жоба бойынша дайындалған сметалық құжаттардың талапқа сай орындалуы маңызды. Бұл тұрғыда Қордай ауданы істі арнайы бекітілген тәртіппен жүргізуде. Атқарылған жұмыстардың көлемі мен сапасы уақытылы тексеріліп, бақылау бір сәтке де назардан тыс қалмаған. Қаржыны үнемдеу немесе қайта бөлу қажеттігі секілді қажеттіліктер туындағанда да басым бағыттар ескерілуде, яғни қаржы негізінен басым шығындарға, аяқталмаған жобаларды аяқтауға және әлеуметтік қажеттіліктерге бағытталып отыр. Бір айта кетер жайт, келесі жылға арналған бюджеттік жобалар қазір дайындық кезеңінде тұр. Бюджетті қалыптастыру барысында халықтың ұсыныс-тілектері ескерусіз қалмайды.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ