Цифрлық Қазақстан

Полигондар цифрландырылады

Қаланың тазалығы мен санитарлық жағдайы күнделікті жүйелі бақылауды қажет етеді. Қоқыс уақытылы шығарылмаса, қала көркі бұзылады, тұрғындардың өмір сапасы төмендейді. Бүгінде тұрмыстық қалдықтарды басқару тек техникаға ғана емес, заманауи цифрлық технологияларға сүйеніп жүргізіледі.

Алдағы уақытта Тараз қаласында да контейнерлік алаңдардың жағдайы картамен белгіленіп, техниканың қозғалысы GPS-трекерлер арқылы бақыланатын болады. Сонымен қатар, тұрғындар QR-код арқылы iKomek 109 диспетчерлік қызметіне шағым немесе өтініш жібере алады. Осындай кешенді жүйе қаланың санитарлық ахуалын жақсартуға, коммуналдық қызметтердің тиімділігін арттыруға және тұрғындардың кері байланысын жедел қабылдауға жағдай жасайды.

Орталық басшысының айтуынша, қала аумағында бүгінде 390 қоқыс алаңы бар. Соның 207-сі өңірлік геоақпараттық жүйеге (e-jambyl) енгізілген. Бұл қаланың санитарлық инфрақұрылымын нақты есепке алуға және тиімді бақылауға оң ықпал етеді. Қоқыс алаңдарының басым бөлігі – «Жасыл ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі (350 бірлік).

Қаланың инфрақұрылымын жаңарту мақсатында 200 алаңды кезең-кезеңімен жаңарту жоспарланып, жаңа үлгідегі алаңдарға QR-кодтар орнатылуда. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл QR-кодтар арқылы тұрғындар iKomek 109 диспетчерлік қызметіне жедел шағым немесе өтініш жібере алады. Сондай-ақ, арнайы техникаға орнатылған GPS-трекерлер маршруттарды оңтайландыруға, рейстерді бақылауға және қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда 138 жаңартылған қоқыс алаңына QR-кодтар орнатылған, ал жоба толық аяқталған соң барлық алаңдар біртұтас цифрлық бақылау жүйесіне қосылады.

Цифрлық технологияларды енгізу қала тұрғындары үшін қолайлы, ашық экожүйе қалыптастырады. Қоқыс шығару процесінің онлайн бақылауы, контейнерлердің картамен белгіленуі, QR-код арқылы шағым беру – барлығы тұрғындардың қатысуын жеңілдетеді, қызмет сапасын арттырады және қаладағы санитарлық ахуалды жақсартады.

Сонымен қатар, цифрлық жүйе коммуналдық қызметтердің шығынын азайтып, жұмыстардың тиімділігін арттырады. Осылайша Тараз қаласы цифрлық технологияларды пайдалану арқылы қалдықтарды басқарудың ашық, заманауи және қауіпсіз моделін қалыптастырып отыр. Бұл қадам тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, қала тазалығын қамтамасыз етуге және экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған нақты шара болмақ.

Айжан ӨЗБЕКОВА