Әлеумет

Ерекше балаға ерекше көңіл қажет

Қордай ауданындағы мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығында ата-аналармен жылдық қорытынды жиналыс өтті.

Басқосу барысында жыл бойы атқарылған жұмыстарға сараптама жасалып, ата-аналармен тығыз байланыс орнатылды. Отырыста мүгедектігі бар балалардың даму деңгейі, ішкі тәртіп пен тазалық мәселе егжей-тегжейлі баяндалды. Сондай-ақ ата-аналарға бағыт-бағдар беру мақсатында LED экраннан балалардың бейнероликтері қойылып, әр баланың мамандармен қарым-қатынасы көрсетілді. Орталық мамандары балалардың жетістіктері туралы ақпараттармен бөлісіп, қолдау көрсету жолдарын талқылады. Сонымен қатар ішкі тәртіп пен тазалық, орталықтағы күн тәртібі, өзін-өзі күту дағдылары мен тәрбие мәселелері де әңгіме өзегіне айналды.

Ал «Жылы сөздер шеңбері» тренингі кезінде ата-аналар бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп, қолдау атмосферасын қалыптастырды. Одан бөлек, «Мен баламды көзінен танимын» атты психологиялық жаттығу арқылы ата-аналар балалары жайлы ойларын ортаға салды. Ал додекаэдр әдісі бойынша сұрақ-жауап ойыны жүргізілді.

Жиын соңында орталық басшысы көпшілікке алғысын білдіріп, алдағы оқу жылына арналған жоспарларымен бөлісті.

Мұндай жиындар ата-аналар мен ұстаздар арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.

Назик ЖАМАНҚҰЛОВА,

Қордай аудандық мүгедек балаларды

оңалту және бейімдеу орталығының әдіскері