Мәдениет

«Талас» театры жеңіс тұғырында

Қостанай облысының Меңдіқара ауданында сатирик-жазушы, этнограф-ғалым Сейіт Кенжеахметов атындағы дәстүрлі «Мірдің оғы» республикалық әзіл-сықақ театрларының байқауы өтті. Осымен бесінші рет ұйымдастырылған байқауға еліміздің әр өңірінен 8 театр ұжымы қатысты.

Өнер бәсекесіне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылбек Боранбаев, жазушы-сатирик Нұрлыбек Жұбатқан, ҚР Мәдениет қайраткері Бауыржан Орда қазылық етті.

Байқау екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде өнер ұжымдары Сейіт Кенжеахметов шығармаларынан үзінді орындады. Ал екінші кезеңде театрлар еркін тақырыпта қойылым ұсынып, әдемі әзіл, орынды қалжың арқылы қоғамда орын алып жатқан көкейкесті мәселелерді орынды көтере білді.

Тартысқа толы болған байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлде Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, «Мірдің оғы» әзіл-сықақ театрына бұйырды. Ал облысымыздан қатысқан «Талас» халық театры I орынды иеленіп, тағы да мықтылықтарын дәлелдеді. Театрдың жетекшісі – Жанар Мырзамбетова. Қазылар алқасының ұйғарымымен екінші орынға Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы «Бозжыра» әзіл-сықақ театры лайық деп таналды. Үздік үштікті Арқалық қалалық «АБАДАН» әзіл-сықақ театры түйіндеді.

С.НҰРБОЛҚЫЗЫ