Жамбыл жаңалықтары

Токиода атой салған саңлақтар

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев 15-25 қараша аралығында Токио (Жапония) қаласында өткен XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында ел мерейін асқақтатқан өңір спортшыларымен кездесті.

Облыс әкімі XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарының жеңімпаздарына пәтер сертификаттарын табыстады

Биылғы Сурдлимпиада ойындарында Қазақстан намысын 8 спорт түрі бойынша 78 спортшы қорғап, 8 алтын, 4 күміс және 13 қола медаль жеңіп алды. Жүлделер саны бойынша еліміз 81 мемлекеттің ішінде үздік ондықтан көрініп, 9-орынды иеленді.

Жамбыл облысынан 7 спорт түрінен 12 спортшы қатысып, барлығы 6 медальді (1 алтын, 3 күміс, 2 қола) еншіледі.

Жекелей және командалық жарыстарда әулиеаталық спортшылар ерекше көзге түсті. Еркін күрестен Ғабит Есжанов 57 келі салмақта күміс медаль жеңіп алса, 74 келі салмақта белдескен Ғасыр Тұрғынбай қола жүлдені қанжығасына байлады.

Дзюдо спортынан да өңір спортшылары жоғары нәтижелер көрсетті. Анна Краморова жекелей сыннан қола медаль иеленсе, әйелдер арасындағы командалық есепте күміс жүлдегер атанды. Бұл құрамда өнер көрсеткен Фериде Кара оглы да командалық сынның күміс медалін жеңіп алды. Ал ерлер арасындағы командалық жарыста Айдос Түгелбаев бастаған құрама қарсыластарынан оқ бойы озып, алтын медальға қол жеткізді.

Сонымен қатар жеңіл атлетикадан Яна Сибирякова, жүзуден Софья Закутняя, таеквондодан Олжас Рысжанов пен Мәди Сейсенбаев, дзюдодан Эвелина Егембердиева, грек-рим күресінен Абзал Досжанов, үстел теннисінен Күлжәмилә Әділова да тартысты ойын өрнегін көрсетті.

Кездесу барысында аймақ басшысы жоғары нәтижелерге қол жеткізуде аянбай тер төккен спортшыларға алғысын айтып, олардың шыңдалуына еңбек сіңірген бапкерлерге ризашылығын білдірді.

Салтанатты іс-шарада XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарының жеңімпаз-жүлдегерлеріне Тараз қаласынан берілетін 1, 2 және 3 бөлмелі пәтерлердің сертификаты, барлық жарысқа қатысушылар мен олардың жаттықтырушыларына Түркия мемлекетінде өтетін сауықтыру оқу-жаттығу жиынына жолдама табысталды.

Еркін күрестен күміс жүлде иеленген Ғабит Есжанов пен дзюдодан жеке бапкер Хайрулла Лұқманов мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың алдағы жетістіктерге шабыт сыйлайтынын атап өтті.

Жылы шырайдағы кездесу естелік суретке түсумен қорытындыланды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі