Ербол Қарашөкеев Сурдлимпиада жеңімпаздарына пәтер сертификатын табыстады
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Токио (Жапония) қаласында 2025 жылғы 15-25 қараша аралығында өткен XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында ел мерейін асқақтатқан өңір спортшыларымен кездесті, деп хабарлайды arainfo.kz
Биылғы Сурдлимпиадада Қазақстан намысын 8 спорт түрі бойынша 78 спортшы қорғап, 8 алтын, 4 күміс және 13 қола медаль жеңіп алды. Жүлделер саны бойынша еліміз 81 мемлекеттің ішінде үздік ондықтан көрініп, 9-орынды иеленді.
Жамбыл облысынан 7 спорт түрінен 12 спортшы қатысып, барлығы 6 медальді (1 алтын, 3 күміс, 2 қола) еншіледі.
Жекелей және командалық жарыстарда әулиеаталық спортшылар ерекше көзге түсті. Еркін күрестен Ғабит Есжанов 57 кг салмақта күміс медаль жеңіп алса, 74 кг салмақта белдескен Ғасыр Тұрғынбай қола жүлдені қанжығасына байлады.
Дзюдо спортынан да өңір спортшылары жоғары нәтижелер көрсетті. Анна Краморова жекелей сыннан қола медаль иеленсе, әйелдер арасындағы командалық есепте күміс жүлдегер атанды. Бұл құрамда өнер көрсеткен Фериде Кара Оглы да командалық сынның күміс медалін жеңіп алды. Ал ерлер арасындағы командалық жарыста Айдос Түгелбаев бастаған құрама қарсыластарынан оқ бойы озып, алтын медальға қол жеткізді.

Сонымен қатар жеңіл атлетикадан Яна Сибирякова, жүзуден Софья Закутняя, таеквондодан Олжас Рысжанов пен Мәди Сейсенбаев, дзюдодан Эвелина Егембердиева, грек-рим күресінен Абзал Досжанов, үстел теннисінен Күлжәмилә Әділова да тартысты ойын өрнегін көрсетті.
Кездесу барысында аймақ басшысы жоғары нәтижелерге қол жеткізуде аянбай тер төккен спортшыларға алғысын айтып, олардың шыңдалуына еңбек сіңірген бапкерлерге ризашылығын білдірді.
Еркін күрестен күміс жүлде иеленген Ғабит Есжанов пен дзюдодан жеке бапкер Хайрулла Лұқманов мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың алдағы жетістіктерге шабыт сыйлайтынын атап өтті.
Жылы шырайдағы кездесу естелік суретке түсумен қорытындыланды.