Жаңалықтар

Қазақстандық ғалымдар қант өндірісі қалдығынан құнды материалдар әзірлеп шығарды

Сәтбаев университетінің ғалымдары қант өндірісінен шығатын негізгі қалдық – қант қызылшасының сығындысын тиімді қайта өңдеу арқылы жаңа материалдар алу әдісін ұсынды, деп хабарлайды arainfo.kz

Аталған қалдық қант өндірісіндегі жалпы биомассаның 80 пайызына дейін жетеді.

Зерттеуді постдокторант Faisal Kholiya мен PhD докторанты Меруерт Иманбек қауымдастырылған профессор Сана Қабдрахманованың жетекшілігімен жүргізген. Ғалымдар гидротермалдық синтездің заманауи технологияларын қолдана отырып, тағам және фармацевтика саласына жарамды жоғары сапалы пектин, 35 пайызға жуық шығымы бар целлюлоза, сондай-ақ өлшемі 8–14 нанометр болатын фотолюминесцентті көміртекті кванттық нүктелер алды.

Жаңа материалдар азық-түлікті сақтау, дәрілік заттарды жеткізу жүйелері, медициналық визуализация және қолданбалы нанотехнология салаларында кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді.

Жоба жетекшісі Сана Қабдрахманованың айтуынша, бұл зерттеу ауыл шаруашылығы қалдықтарын жоғары қосылған құны бар премиум-материалдарға айналдырудың тиімді үлгісі саналады.

Ғылыми жұмыстар Сәтбаев университетінің Ө. Байқоңыров атындағы Тау-кен және металлургия институтына қарасты «Химиялық үдерістер және өндірістік экология» кафедрасы базасында жұмыс істейтін халықаралық R&D орталығында жүргізілген.

Зерттеу нәтижелері ауыл шаруашылығы қалдықтарын қайта өңдеу өнеркәсіптік деңгейде іске асатын, тұрақты әрі экономикалық тиімді процесс екенін көрсетті. Бұл ауылдық өңірлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға және елдің ғылыми-технологиялық әлеуетін арттыруға жол ашады.