WhatsApp хабарлама да енді келісімшарт саналады
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов тауар немесе қызмет сатып алу кезінде жасалған кез келген хат алмасу, аудио-бейнежазба және онлайн келісім заң жүзінде келісімшарттың бір бөлігі болып саналатынын мәлімдеді, деп хабарлайды arainfo.kz
Депутаттың сөзінше, заңнамаға тұтынушылардың құқықтарын кеңейтуге бағытталған маңызды өзгерістер енгізілген. Енді тараптар арасындағы WhatsApp-хабарламалар, телефон арқылы сөйлесулер, бейнежазбалар, сондай-ақ жарнамада айтылған уәделер де келісімшарт ретінде қарастырылады.
Сондай-ақ депутат келісімшарт талаптары орындалмаған жағдайда тұтынушының алдымен ақшаны қайтаруды талап етпей-ақ, тікелей сотқа жүгінуге құқылы екенін атап өтті. Оның айтуынша, сот мұндай істер бойынша арызды қабылдауға міндетті.
Егер сот тұтынушы құқығының бұзылғанын анықтаса, кәсіпкер тек қаражатты қайтарып қана қоймай, қосымша айыппұл да төлейді.
Мұрат Әбенов бұл өзгерістер онлайн мәмілелер саны артып отырған қазіргі кезеңде аса маңызды екенін айтты. Оның пікірінше, жаңа норма тұтынушыларды қорғауды күшейтіп, азаматтар мен кәсіпкерлер арасындағы даулы мәселелерді азайтуға мүмкіндік береді.