Білім

Елімізде 2025 жылдың басынан бері 91 мыңнан астам педагог біліктілігін арттырды

ҚР Оқу-ағарту министрлігі педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді, деп хабарлайды arainfo.kz

2025 жылдың басынан бері республика бойынша орта білім беру жүйесінің 91 мыңнан астам педагогі тегін біліктілікті арттыру курстарынан өтті.

Біліктілікті арттыру бағдарламалары бастауыш сынып мұғалімдерін, қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттағы педагогтерді, сондай-ақ дене шынықтыру пәні мұғалімдерін қамтыды. Сонымен қатар ұстаздар инклюзивті білім беру, көшбасшылық, инновациялар мен цифрлық құзыреттілік бағыттары бойынша білімдерін жетілдірді.

Министрлік мәліметінше, 70 мыңға жуық педагог «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында оқудан өтсе, 18 мыңға жуығы «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтында курстан өткен.

Бұдан бөлек, Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы, Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы және Арнайы әрі инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығында да педагогтерге арналған тегін оқыту курстары ұйымдастырылды.