Қақпа жасауға қажыр-қайрат керек
Ұста қашанда қазақ қоғамына қадірлі, абыройлы маман болған. Бүгін де шеберлер заман көшінен тыс қалмай, темірден тұрмысқа керекті бұйымдар жасап, кәсіптерін жүргізуде. Тараз қаласының тумасы Болат Амангелді де темірден түйін түйіп, табысын еселеп жүрген жандардың қатарынан. Ол ең алғаш еңбек жолын құрылыс саласында бастаған. Сонда жүріп қақпа жасаумен айналысып көру керек деген ой түйеді. Сөйтіп бар ынта-жігерімен осы іске құлшына кіріседі. Қазір Болат Амангелдінің бұйымдары еліміз бойынша сұранысқа ие.