Еңбек адамы

Үртай шебер үйренуден жалықпайды

Кәсібін сүйіп, ісіне адалдық таныту – әрбір еңбек адамына тән ең асыл қасиет. Қай кезеңде де елдің дамуы мен өңірдің өркендеуі қарапайым еңбек адамынан басталатыны белгілі. Осындай өз ісінің жауапкершілігін сезініп, қолынан келетін кәсібін дамытып, нәпақасын адал еңбегімен тауып жүрген жанның бірі – Үртай Қараева.

Кейіпкеріміз Мойнықұм ауданының тумасы болғанымен, қазір Тараз қаласында тұрады. Үш баланың анасы қолымнан келмейді демей, тұрмыстық техника жөндеп күн көріс қамын жасап жүр.

Осылайша оның қолынан келетін істі көршілері көріп, таңырқай бастады. Кейіпкеріміз өзінің істен шыққан техникаларын іске қосқаннан кейін ақырындап туған-туыстың, тамыр-таныстың өтініштерін орындай бастады. Өз бетімен үйреніп, Құдай берген қабілетінің арқасында дос-жаранның арасында  «Шебер Үртай» атанды. Содан бір күні әлеуметтік желіге тұрмыстық техника жөндеймін деген хабарландырумен шыққаннан кейін кейіпкеріміздің кәсібі одан әрі домалады.

Тұрмыстық техника жөндеуде әбден машықтанып алған ол үйінің ескірген электр сымдарын да өзі жаңғыртып, қайта жаңалай береді. Өз балаларының киімдерін тігіп жүріп, ақыры оның да ауқымын ұлғайтты.  Киім кең болса тарылтып, тар болса кеңейтіп береді. Осылайша қарап отырмай іс тігетін қабілетін де кәсіпке айналдырып отыр. Үртай Қараеваның шеберлігіне көз жеткізген  таныстары оның көмегіне жиі-жиі жүгінеді.

Үртай Ғабдырахманқызы кір жуатын, тігін тігетін машина, шаңсорғыш, қысқа толқынды пеш, үтік– қысқасы, теледидар мен тоңазытқыштан басқасының бәрін талғамай жөндей береді. Қажетті бөлшектерді базар, дүкен  аралап жүріп алып келеді. Өз кезегінде  тұтынушылар да еңбегіне лайықты ақысын төлеп жатады.

Кейіпкеріміздің бұл әулетке келін болып түскеніне ширек ғасырдың жүзі болыпты. Жолдасы Талғатбек мектепте күзетші болып жұмыс істейді. Бір отбасының тірегі, аяулы жар, ардақты әке Талғатбек Ақжановтың да еңбегі  жан-жары мен балаларының алдында  елеусіз қалған емес. Үртай біраз уақыт баламен үйде отырды. Ара-тұра қоғамдық жұмыстарға да шыққаны бар. Көбіне тігін тігіп, сиырын сауып, сүт пен майын сатып, күнкөрісін жасап келеді.

Кейіпкеріміз 5 ай бойы техника жөндеу арқылы тапқан қаражатына заманауи электрлі сүт тартқыш машина сатып алған. Оның айтуынша, қазір сол сүт тартқыш машинаны пайдаланып, жұмысын едәуір жеңілдетіпті.

Ол  алдағы уақытта шағын болса да өз шеберханасын ашуды көздеп жүр. Арасында үйдің жанынан дүңгіршек болса да салып бер деп жолдасына қолқа салып  қояды. Анасының көзіндей болып қалған ескі тігін машинаны осы уақытқа дейін қолданып келді. Қазір іс тігіп жүрген тігін машинасын несиеге алып, оның ай сайынғы төлемін техника жөндеп өтеп жүр. Жаңаның аты-жаңа.  «Бұйырса, өз құнын өзі өтейді» деп шүкіршілік етіп қояды. Бесаспап кейіпкеріміздің құрылыс жағынан да хабары бар. Қабырғаның сылағы түссе, есік-терезенің бояуы кетсе, өзі сылап, сырлай береді. Есігінің алдына бау-бақша егеді. Үйінің маңайын тап-тұйнақтай қылып жинап, гүлдендіріп қойған. Дала жұмыстарына жолдасы жәрдемдеседі. Балаларын да еңбекке жақын етіп тәрбиелейді.

Адам адал несібесін еңбектен ғана табады. Бұл тұрғыда іскерлігімен ілгері ұмтылған кейіпкеріміздің өмір жолы  көпке үлгі.

Сымбат ҚУАНЫШ