Буллинг белең алмасын десек...
Ел іші болған соң тентектердің кездеспей тұрмайтындығы белгілі. Бірақ түсініспеушіліктен туындаған текетірестің соңы татуласумен түйінделіп жатса, қанекей. Ал кейде мәселе ушығып кетсе зардабының ауыр болатындығы сөзсіз. Осы орайда балалар мен жасөспірімдер арасында буллингтің белең алуы бәрімізді де ойландыруы керек.
Әлімжеттік, буллинг сынды әрекеттер әлем бойынша көптеген жеткіншектердің психологиялық және физикалық денсаулығына әсер етіп отырғаны жасырын емес. Бұл базбіреулер үшін жәй ғана қалжыңдасу болып көрінуі мүмкін. Ал шындап келгенде өзгенің өміріне қауіп төндіру қылмыстың іс болып саналады. Мұндай жағдайлар мектепте, көшеде, интернетте және кез келген ортада орын алуы ықтимал. Буллингтің құрбаны болған бала өз-өзіне деген сенімділігін жоғалтып, күйзеліске ұшырайды.
Расында да қазіргі ахуал мүлде басқаша сипат ала бастағандай. Көп жағдайларда буллинг жай мазақтаудан басталып, жәбірленушінің психологиясына терең із қалдыратын қысымға ұласуда. Сонымен қатар әлеуметтік желілер дамыған сайын, кибербуллинг фактілері де көбейуде. Сондықтан да құзырлы органдар тарапынан шұғыл шаралар қолға алынып, олқылыққа жол бермеуге баса назар аударылуда.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстардың жалпы саны 9,7 пайызға төмендеген. Мектеп инспекторлары мен жауапты мамандардың жұмысының арқасында жасөспірімдер арасындағы буллингпен ұштасқан ауыр қылмыстар – 87,5 пайызға төмендеген, ал орташа ауырлықтағы қылмыстар – 21,4 пайызға азайған. Сондай-ақ қылмыстардың нақты түрлері бойынша оң өзгерістер байқалады. Денсаулыққа ауыр зиян келтіру – 33,3 пайызға төмендесе, ұрлық– 14,3 пайызға кеміген. Ал бұзақылық, буллинг сынды қылмыстар – 28,6 пайызға азайған.
Байқағанымыздай, бүгінде жауапты мамандар ата-аналармен, білім беру ұйымдарымен және басқа да субъектілерімен бірлесе отырып, профилактикалық іс-шараларды жандандыра түсуде. Осы орайда жыл басынан бері 2 424 рейд ұйымдастырылған.
Жалпы жасөспірімдер арасындағы агрессияның салдары көбіне түсінбеушіліктен, көңіл бөлудің жетіспеушілігінен немесе біреуді төмендету арқылы өзін биік сезінуге тырысудан шығады. Кейде үйдегі жағдай қиындаған кезде жасөспірім мектепте өзгеге қысым көрсетіп, өз эмоциясын солай шығарады. Кейде керісінше үнемі үндемейтін, ішіне көп сыр сақтайтын тұйық оқушы сыныптастарының мазағына оңай ілінеді. Осы орайда біз бірқатар ата-аналарды әңгімеге тартып, пікірлеріне құлақ түрген едк. Тараз қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Жұпаркүл Сәрсенова буллингтің алдын алу үшін әр отбасында жүйелі жұмыс жүргізілуі керек екенін айтады.
Ал психологтар әрбір ата-ана өз баласымен ашық әңгімелесіп, мектеп қабырғасындағы оғаш әрекеттердің алдын алуы керектігін айтады. Сонымен бірге мамандар баланың өзі агрессорға айналып кетпес үшін, айналасына деген құрмет пен сүйіспеншілікті арттыру қажеттігін алға тартып отыр.
Сымбат ҚУАНЫШ