Қоғам

«Әр баланың қауіпсіздігі маңызды»

Балалар қауіпсіздігі мен олардың эмоциялық әл-ауқаты – қоғамның ең маңызды мәселелерінің бірі. Соңғы жылдары жасөспірімдер арасындағы буллинг, қысым көрсету, интернеттегі агрессия жиі талқыланатын тақырыпқа айналды. Осы орайда облыстық ата-аналар кеңесінің төрайымы Назима Дәрменқызымен сұхбаттасып, өңірдегі қазіргі жағдай, ата-аналардың рөлі және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында сөз қозғадық.

– Назима Дәрменқызы, ұлт мұраты мен ұрпақ тәрбиесі қай кезде де бір-бірімен біте қайнасып жатқан құндылықтар. Бұл тұрғыда заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп тектен тек айтқан жоқ. Дегенмен, кейінгі жылдары еліміз бойынша буллинг пен жасөспірімдер арасындағы қысым деңгейінің арта түскені бәрімізді де алаңдатып отыр.  Жалпы, біздің облыстағы ахуал қандай?

– Биыл республика бойынша жасөспірімдер арасында тіркелген құқықбұзушылықтар 33 пайызға артып отыр. Ал Жамбыл облысында бұл көрсеткіш, керісінше, 3,3 пайызға төмендеген. Бұл – өңірдегі алдын алу шараларының жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын көрсететін нақты нәтиже. Әртүрлі деңгейде ұйымдастырылған түсіндіру жұмыстары, психологтардың қызметін күшейту, мектептердегі профилактикалық іс-шаралар мұндай оң өзгерістерге ықпал етіп келеді.

Дегенмен біз үшін ресми статистикадан бөлек, балалардың күнделікті ортадағы эмоционалдық жағдайы мен өзін қаншалықты қауіпсіз сезінетіні аса маңызды. Осы мақсатта облыста 61 мыңнан астам оқушыны қамтыған кең көлемді сауалнама жүргізілді. Нәтижесінде бірқатар жасөспірімдер ақша бопсалауға қатысты деректерді растады. Бұл – мәселені жасырмай, ашық айту қажеттігін айқын көрсетіп отыр. Себебі кез келген белгі, кез келген шағын ғана шағым – баланың тағдырына әсер ететін маңызды сигнал.

– Кейбір балалар буллингті дұрыс ажырата алмайтынын айттыңыз. Бұл қандай жағдайды білдіреді?

– Иә, бұл – жиі кездесетін құбылыс. Балалардың көпшілігі өздеріне жасалған қысым мен әлімжеттікті «жанжал», «ойын», «әзіл» деп қабылдайды. Мұның себебі – олардың буллингтің не екенін нақты білмеуі. Эмоциялық, психологиялық, физикалық немесе кибербуллингтің айырмашылықтарын түсінбейді. Сонымен қатар кейбір жасөспірімдер намыстанып немесе қорқып, өздеріне жасалған озбырлықты мойындағысы келмейді. «Мен әлсіз көрінгім келмейді» деген сезім немесе «ешкім көмектесе алмайды» деген ой олардың ішкі қарсылығын күшейтіп, мәселені тереңдетіп жібереді.

Сондықтан мектептерде буллингтің салдары, белгілері мен түрлері туралы ақпаратты жүйелі түрде түсіндіру аса қажет. Бұл тек балаларға ғана емес, барлық ата-аналар мен ұстаздар үшін де маңызды.

– Ата-ана баласының мектепте немесе интернетте қысым көріп жүргенін қалай байқай алады?

– Буллингтің белгілері әр балада әртүрлі байқалады. Бір бала тұйықталып кетсе, екіншісі ашуланшақ бола бастайды. Кейбір балалар мектепке барудан бас тартып, түсініксіз қорқыныш білдіреді. Телефонды жасырып ұстау немесе әлеуметтік желіден мазасыздану да назар аударуға тұрарлық. Сондай-ақ заттарының жиі жоғалуы немесе бүлінуі, еш себепсіз пайда болатын жарақаттар, ұйқы мен тәбеттің бұзылуы да  ата-аналарды ойландыруы тиіс. Бұл өзгерістер тек буллингтің ғана емес, баланың психологиялық күйзелісінің де көрінісі болуы мүмкін. Сондықтан ата-ананың қырағылығы мен баласына деген қамқорлықты дер кезінде көрсетуі – ең басты қорғаныс.

– Егер бала қысым көргенін жасырса, ата-ана қалай сөйлескені дұрыс?

– Бала қысым көргенін айтпайтын жағдайлар өте көп кездеседі. Мұндайда ата-ананың бірінші міндеті – баланың өзін қауіпсіз сезінуіне жағдай жасау. Кінә тағу, «Неге айтпадың, кім кінәлі?» деп тергеу баланы одан сайын тұйықтап жібереді. Әңгіме әрдайым жылы қарым-қатынаста басталғаны дұрыс. Мысалы: «Соңғы кезде сенің шаршаңқы не көңілсіз жүргенің байқалады. Қаласаң, сөйлесіп көрейік. Мен сен үшін әрқашан осындамын» деген сияқты сөздер баланың қорғаныс сезімін емес, сенімін оятады.

Егер бала бірден ашыла қоймаса, бұл оның ата-анасына сенбейтінін білдірмейді. Көп жағдайда балалар жағдайды айтуға дайын болмайды, себептерін өздері де түсіндіре алмайды немесе қорқады. Ата-ана үшін ең маңыздысы – оның жанында екенін сезіндіріп, асықтырмай, қысым жасамай қолдау көрсету. Баланы тыңдай білу, оның сезімдерін жоққа шығармау – үлкен психологиялық көмек. Бала өз эмоциясын дұрыс жеткізе алсын деген мақсатпен ата-ана жанама түрде де сұрақтар қоя алады. Мысалы, «Сен мектепте өзіңді қалай сезініп жүрсің?» немесе «Саған қиындық тудырып жүрген бір жағдай бар ма?» деген секілді сұрақтарды қойып көруге болады.

Ең бастысы – ата-ана баланың сөзін бөлмей, «бұл түк емес» демей тыңдауы керек. Осындай сенімді атмосфера қалыптасқанда ғана жасөспірім өзіне не болғанын бөлісуге бейім болады. Баланың жан дүниесі өте нәзік, сондықтан оның әрбір сөзіне мұқият қарау маңызды.

– Егер керісінше, бала өзі басқаларды қорқытып жүрсе, бұл жағдай қалай реттеледі?

– Агрессия көрсететін бала – үнемі қорқынышты немесе қиын мінезді бала емес. Көп жағдайда ол – ішкі жан дүниесімен күресіп жүрген, эмоцияны басқаруды білмейтін жасөспірім. Агрессияның артында әртүрлі себеп жатады. Кейбір балалар ата-анасының назары жетіспесе, оны сыртқы ортадан іздейді. Кейбіреулер үйдегі түсініспеушілікті немесе эмоционалды ауырлықты мектепте көрсетеді. Ал кейбір балалар өздерін әлсіз сезінгендіктен, басқаларды қорқыту арқылы «күшті» болуға тырысады.

Жағдайды шешу үшін кешенді жұмыс жүргізу қажет. Мектеп психологы, сынып жетекшісі және ата-ана бірігіп, баламен жеке сөйлеседі. Алдымен оның әрекетінің себебі анықталады. Агрессияның тамырын таппай, мәселені тек тыйыммен немесе жазамен шектеу нәтиже бермейді. Сол себепті балаға эмоцияларды басқаруды үйрететін арнайы жаттығулар, өзін-өзі реттеу тәсілдері беріледі. Сонымен қатар баланың өзін қоғамда қабылданғанын, бағаланғанын сезінуі үшін әлеуметтік дағдыларды дамыту бағытында жұмыс жүргізіледі.

Ең бастысыбалаға «Сен жамансың» деген көзқарас қалыптастырмау. Мұндай сөз оны одан әрі оқшаулап, агрессиясын тереңдетуі мүмкін. Керісінше, ата-ана мен мұғалімдер оның мінез-құлқын түзетуге бағытталған қолдау көрсетсе, бала біртіндеп дұрыс бағытты қабылдай бастайды. Әрбір агрессордың артында естілуге, түсінуге мұқтаж бала тұрады.

– Кибербуллинг туралы не айтар едіңіз? Баланы интернеттегі қысымнан қалай қорғауға болады?

– Кибербуллинг  –  бүгінгі балалардың ең жиі ұшырасатын қауіптерінің бірі. Интернет кеңістігі шексіз болғанымен, ондағы тәуекел де мол. Балалар кейде онлайн әлемді шынайы өмірден бөлек деп ойлайды, сондықтан ондағы қауіптің салдарын дұрыс бағамдай алмайды. Осы себепті ата-ананың баламен ашық сөйлесуі  – ең маңызды шара.

Интернеттегі жеке ақпаратты қорғау, бөгде адамдармен байланысқа түспеу, кез келген қорлайтын хабарламаға жауап бермеу   – балаға ерте жастан үйретілетін дағдыларға айналуы тиіс. Бұл ережелерді түсіндіру барысында ата-ана баланы қорқытпай, керісінше, оның қауіпсіздігіне ортақ жауапкершілік бар екенін айтуы қажет.

Балаға алғашқы реакцияның қаншалықты маңызды екенін түсіндіру керек. Егер ол онлайнда қорлайтын немесе мазасыздандыратын хабарлама алса, дереу ата-анасына айтуы тиіс. Дәлел ретінде скриншот жасатып, жағдайды бірге талқылау  –  дұрыс шешім. Бала өзін кінәлі немесе әлсіз сезінбеуі үшін ата-ана оны эмоционалдық қолдауды бірінші орынға қойғаны абзал.

Қазіргі таңда «Komek Stop Bullying Jambyl» Telegram арнасына түсіп жатқан өтініштер балалардың интернеттегі қысымға жиі тап болатынын көрсетеді. Бұл  –  өңірде онлайн қауіпсіздік мәселесін де ерекше назарда ұстап отырғанымыздың дәлелі. Кибербуллинг тек виртуалды ортада сақталатын мәселе емес, ол баланың психологиялық саулығына тікелей әсер етеді. Сондықтан қауіпсіз интернет дағдыларын қалыптастыру  –  қазіргі заман ата-анасының негізгі міндеттерінің бірі.

– Әлімжеттік баланың психикасына кері әсер ететіні белгілі. Мұндай жағдайда қандай қолдау көрсетілуі тиіс?

– Ең бастысы – баланы жалғыз қалдырмау. Кәсіби психологтың көмегі, сондай-ақ қауіпсіз әрі қолдаушы отбасылық атмосфера өте маңызды.

Білім басқармасы тарапынан облыста психологиялық қызметтің жұмысы күшейтілген, 2025-2026 оқу жылына арналған бірыңғай жоспар бекітілген, «Өркен» институтының әдістемелері барлық білім беру ұйымдарына таратылған.

Біз үшін әр баланың психологиялық саулығы  бірінші орында тұрады.

– Балалар кейде өз мәселесін жасырғысы келеді. Сенімді байланыс қалай қалыптасады?

– Бұл – үздіксіз процесс. Бала ата-анасының оны түсінетініне және сынамайтынына сенуі қажет. Күнделікті қысқа әңгіме, баланың көңіл-күйіне мән беру, пікірін сыйлау –сенімге бастайтын жол. Біз көптеген мәселелердің түп-төркіні дәл осы – отбасындағы қарым-қатынас екенін көріп отырмыз.

– Құқықбұзушылық пен буллингтің негізгі себептері қандай деп ойлайсыз?

– Бұл  бір ғана фактордан тұрмайды. Үйдегі тәрбие, әлеуметтік желідегі зорлық контенті, балалар арасындағы мүліктік немесе әлеуметтік айырмашылық, мектептегі тәрбие жұмысының әлсіздігі – барлығы әсер етеді.

Жамбыл облысында алдын алу жұмыстарын күшейту мақсатында «Балалардың құқықтарын қорғау және құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі 2025-2026 жылдарға арналған Жол картасы» бекітілген. Бұл құжат – жүйелі жұмыстың негізгі тірегі.

– Мектептегі буллинг үшін ата-анаға айыппұл салу қалай жүзеге асып жатыр?

–ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі кодексіне сәйкес, бала тәрбиесіне салғырт қарағаны үшін ата-анаға жауапкершілік қарастырылған. Бұл шара бірінші кезекте жазалау емес, ата-ананың баласына қатысты жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Айыппұл тек ескертулерден кейін, жағдай қайталанғанда ғана қолданылады.

– Сөз соңында қандай түйін жасар едіңіз?

– Біз үшін ең бастысы – әр баланың қауіпсіздігі мен психологиялық саулығы.

Жамбыл облысында көрсеткіштің төмендеуі – жұмыс нәтижесі, бірақ бұл тоқтауға себеп емес.

Әр ата-ана, әр педагог, әр бірлестік – баланы қорғау ісінің бір бөлігі.

Біз бәріміз бірігіп жұмыс істесек қана қауіпсіз, әділ және мейірімді орта қалыптастыра аламыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айжан ӨЗБЕКОВА