Заң

Жол-көлік оқиғалары азаймай тұр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында жол қауіпсіздігіне қатысты ахуалды азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін мәселе ретінде атады.

Президент Жолдауда: «Өткен жылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауымда мен бұл мәселеге ерекше тоқталған болатынмын. Әрине, жұмыстар атқарылып жатыр, дегенмен жол-көлік оқиғаларының саны азаймай отыр. Жыл басынан бері 22 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Мұнда көп нәрсе автокөлік жүргізушілерінің өздеріне байланысты екені анық, себебі жол қозғалысы ережелерін бұзушылар саны аз емес», – деді.

Жолдауда жүктелген міндеттер мен Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің тапсырмасын жүзеге асыру аясында облыстық полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев жақында өңірдегі бірқатар апаттық қауіпті жол учаскелеріне тексеру жүргізіп, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Сонымен қатар ол патрульдік қызметтің дайындығы мен ұйымдастырылған жол бақылауының сапасын бағалады.

Қайсар Әбілекұлының айтуынша, жол-көлік оқиғаларының санын азайту мақсатында облысымызда кешенді жұмыстар жүргізілуде.

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 518 жаңа жол белгісі орнатылып, тоғыз бағдаршам объектісі монтаждалыпты. Сонымен қатар жол таңбалары 11 325 шакқырымға жаңартылып, жол төсемінің жалпы 11 721 шаршы метрі жөнделген. Жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында 30 жол буфері жаңартылып, 3 363 сигналдық бағана орнатылған. Жарықтандыру сапасын жақсарту үшін 6 200 жарық шағылыстыратын катафот қойылса, 4 102 метр қисық сызықты ағаш қоршау ауыстырылды. Сондай-ақ 730 метр жасанды кедір-бұдыр қалпына келтірілген екен.

Қосымша қауіпсіздік шаралары ретінде жолдардың тоғыз учаскесіне жыпылықтайтын шамдар, сондай-ақ жануарлар мен патрульдік көліктердің макеттері қойылған. Қала сыртындағы автожолдардың 53 учаскесінде шулы жолақтар жаңартылып, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер үшін жолдар қауіпсіз әрі ыңғайлы етіліпті.

Жолдағы балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылып отыр. Жаңа оқу жылы қарсаңында оқу орындарына іргелес аумақтар тексеріліпті. Мектептер мен мектепке дейінгі білім мен тәрбие беретін мекемелердің алдындағы жол таңбалары жаңартылып, соған сәйкес ескерту және шектеу жол белгілері орнатылған. Полицейлер жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, автожолдардың жай-күйін, әсіресе оқу орындарының жанындағы және апаттық-қауіпті учаскелердегі бақылауды одан әрі күшейте түспек.

Статистика бойынша, жол-көлік апаттарының ең көп тараған себебі – жылдамдықты асыру. Жүргізушілердің жауапкершілік деңгейін арттыру үшін техникалық бақылау құралдары қолданылуда. Бір жыл бұрын облыстық полиция департаментінде 150 метрге дейінгі қашықтықтағы барлық көлік құралдарын тіркейтін, үш қозғалыс жолағын бақылайтын жаңа аппараттық-бағдарламалық кешендер таныстырылған болатын. Бүгінгі таңда облысымызда үш «Интегра», төрт «Red speed», 38 «Автоураган» кешені, «Hyundai» маркалы автокөліктер базасындағы төрт мобильді «Автоураган» кешені және «JAC» маркалы автомобильдер базасындағы 10 «Арқан» жүйесі және басқа да техникалар жұмыс істеп тұр.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ