Заң

Қылмыспен күрес күшейтіле береді

Облыста соңғы уақытта жасөспірімдер арасындағы қылмыстың белең алып бара жатқаны жиі айтылып, жазылып та жүр. Сонымен қатар жол-көлік оқиғаларының тіркелуі бойынша да біз Алматы мен Түркістан облыстарынан кейінгі төртінші орынға шықтық. Оған қоса интернет-алаяқтық та өршіп барады.

Сондықтан да облыстық полиция департаменті қылмыстың алдын алу, жол-көлік оқиғаларын азайту және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында уақытпен санаспай еңбек етуде.

2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша өңірімізде 3 706 құқықбұзушылық тіркеліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 386 дерекке артқан. Облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Жанаевтың айтуынша, тіркелген құқықбұзушылықтардың 3 009-ы қылмыстық фактілерге жатады.

Осы мақсатта департамент қызметкерлері тұрғындар арасында профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді.

Полиция департаменті жұмысындағы тағы бір жаңашылдық – «Кілемше бойынша қамту» жобасы. Бұл жоба қаланың барлық маңызды нысандары мен аумақтарын, соның ішінде көшелерді, саябақтарды, алаңдарды, көлік тораптарын және басқа да қоғамдық орындарды толық қамтиды. Ол үшін кең ауқымды бейнебақылау желісі орнатылады. Аталған жүйе қауіпсіздік деңгейін арттыру, жедел әрекет ету мүмкіндіктерін кеңейту және қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді.

Сол секілді қала аумағында орнатылған 1 860 бейнебақылау камерасы полиция департаментінің жедел басқару орталығымен байланыстырылған. Аудан орталықтары мен елді мекендерде осындай 735 бейнебақылау камерасы бар.

Биыл облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен бірлесіп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 800 бейнебақылау камерасы және 96 «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешені орнатылған. Сол секілді мемлекеттік мекемелер, білім беру ұйымдары, мектепке дейінгі және медициналық мекемелер, сауда орталықтары және басқа да ұйымдарда орнатылған камералардың бейнеағыны полиция департаментінің жедел басқару орталығының және қалалық басқарма мен аудандық полиция бөлімдерінің кезекші бөлімдеріне шығарылады. Бүгінде жедел басқару орталығы мен кезекші бөлімдерге 14 мың камера қосылған.

Азаматтарды ұстау кезінде әрбір адамның құқықтары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қорғалуы тиіс. Осы мақсатта полиция қызметкерлері азаматтардың адвокатқа қол жеткізу, сот бақылауы, сондай-ақ азаптаулар мен қатыгез әрекеттерден қорғану құқықтарын толық қамтамасыз етуге міндеттеледі.

Бүгінгі таңда департамент қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға және адам құқықтарын қорғау мәдениетін нығайтуға бағытталған түрлі оқу бағдарламалары белсенді іске асырылуда. Бұл полиция қызметкерлерінің кәсіби даярлығын жетілдіруге, сондай-ақ азаматтармен өзара қарым-қатынасты жақсартуға оң ықпал етеді.

Соған қарамастан, шешуді қажет ететін бірқатар маңызды мәселелер де бар. Алыс елді мекендердегі тұрғындармен өзара іс-қимыл деңгейі әлі де жеткіліксіз. Оның негізгі себептерінің бірі – құқық қорғау қызметкерлеріне шамадан тыс қызметтік жүктеменің түсуі.

Бір айта кетерлігі, биыл құқық қорғау саласында атқарылған жұмыстардың барлығы «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асып келеді. Қоғамдағы тыныштықты сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстық полиция департаментінің басшысы, генерал-майор Қайсар Сұлтанбаев аудан тұрғындарымен тұрақты түрде кездесулер өткізіп, профилактикалық іс-шараларға тікелей қатысып, өз қызметкерлеріне үлгі көрсетіп жүр.

Таяуда генерал-майор Қайсар Әбілекұлы Тұрар Рысқұлов ауданында болып, жергілікті жұртшылықпен және қоғам өкілдерімен жүздесті. Сондай-ақ өңірдегі құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Жиында тұрғындар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Азаматтар тарапынан инспекторлардың жетіспеушілігі мен нашақорлыққа қарсы бөлімшенің жоқтығы өзекті мәселе ретінде көтерілді. Департамент басшысы түйткілдерді міндетті түрде шешуге уәде беріп, жақын арада тиісті штат бірліктерін құру және мамандарды қызметтік көліктермен қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын айтты. Сонымен қатар «Ішімдіксіз ауыл» акциясын жүзеге асыруға елеулі үлес қосқан бірқатар азамат алғыс хаттармен марапатталды.

Қайсар Сұлтанбаевтың Тұрар Рысқұлов ауданына сапары білім беру нысандарындағы қауіпсіздік деңгейін тексерумен жалғасты. Сонымен қатар департамент басшысы Құлан агротехникалық жоғары колледжінде болып, жатақхана жанындағы полиция бөлімшесінің және колледждің материалдық-техникалық базасының жағдайымен танысты.

Сапардың тағы бір маңызды бөлігі – Қарақат ауылының «Ішімдіксіз ауыл» бастамасын ресми түрде қабылдауы. Ауыл тұрғындары дүкендерде алкоголь өнімдерін сатпау туралы меморандумға бірауыздан қол қойып, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған айқын қадам жасады. Бұл – құқықбұзушылықтың алдын алуға және жастар тәрбиесіне оң әсер ететін маңызды әлеуметтік жоба.

Мұнан соң Қайсар Әбілекұлы Шу ауданында да кездесу өткізіп, өңірдегі жағдайды саралап, құқық қорғау органдарына жүктелген жаңа міндеттерді нақтылап берді. Шулық тұрғындар жиын кезінде инспекторлардың жұмысына қатысты шағымдарын, жол қозғалысы ережесін жиі бұзатын мопед жүргізушілеріне қатысты мәселені, сондай-ақ буллингке қатысты резонанстық оқиғаны көтерді. Актөбе ауылдық округінің тұрғыны Бақытжан Смағұлов қызына қатысты буллинг ісінің созылып кеткенін айтып шағымданғанда, Қ.Сұлтанбаев тергеуді жеделдетуді және кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті. Аудандық білім бөлімі де мектеп әкімшілігіне қатысты шара қолданылатынын жария етті. Жиын соңында генерал-майор Қайсар Сұлтанбаев «Ішімдіксіз ауыл» жобасына үлес қосқан ауыл әкімдерін, ақсақалдарды, имамдарды және педагогтарды алғыс хаттармен марапаттап, бірқатар бағыттарда көрсеткіштердің әлі де төмен екенін, сондықтан жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.

Осылайша, өңірлердегі кездесулер құқық қорғау саласындағы ашықтықты арттырып, қоғаммен конструктивті диалог орнатуға жол ашты. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асырылып жатқан бастамалар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және жергілікті билік пен халықтың өзара сенімін күшейтуге бағытталған кең көлемді жұмыстардың жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын көрсетті.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ