Әлеумет

Басқаны қорлау – өзіңді жоғалту

Өмірден тартқан азабының салдарынан ба, әлде тағдыр жолында талайға таланып, шекесіне тигендіктен бе, әйтеуір сондай сақ әрі адуынды адамдар болады. Үнемі ашуланып, екі иінінен дем алып, әлдекімде қалып кеткен өшін ала алмай жүргендей әркімге бір кіжінеді, кемсітеді. Жан баласын аямайды. Сөйтіп адамдардың әлсіздігін бетіне басқаннан ләззат алады.

Әлеуметтік желіде сурет салып, сол арқылы табыс тауып жүрген мүгедектігі бар жасөспірім қыз болатын. Талантты арудың өнеріне тәнті едім. Мүгедектер арбасында отырған талдырмаш қыздың тағдыры ешкімді бейжай қалдырмағаны анық. Оның саусақтары икемге келмей, семіп қалған еді. Алайда тағдырына мойымаған бойжеткеннің талабы таудай. Өз оқырмандарының сұрағына ақжарқын жауап беріп, емен-жарқын араласқанды ұнататын. Қаламды тістеп ақ қағаз бетіне салған суреттері жанды жылытатын.

Тікелей эфирде талайларды талантымен таң қалдырып отырған арудың эфиріне бірде екі жігіт кірді. Салған жерден сұрақ жаудыра бастады. Оларды қыздың қашаннан бастап мүгедектер арбасында отырғанынан бастап, қалай дәретке баратынына дейін қызықтырды. Одан бөлек, «Сені ешкім алмайтынын білесің бе? Туа алмайтыныңды ше? Негізі ақыл-ойыңда да кемістік бар сияқты ғой» деген сынды орынсыз зілге толы пікірлерін жаудыра бастады.

Онсыз да тағдыры талқыға түсіп, саусақтары икемге келмейтін бойжеткен әлгі екеуді эфирден аластату үшін анасын жанұшыра шақырды. Жанды жеріне тиген сұрақтардан дәрменсіздікпен өксіп-өксіп жылаған қызына не болғанын ә дегеннен ұға қоймаған анасы абдырап қалды. Қарқылдап күліп, жан ауыртарлық сұрақтарын дамылсыз жаудырып жатқан екі жігіттің даусын естігенде барып, байғұс шеше тікелей эфирді сөндіріп үлгерді. Бірақ сол уақыт аралығында қыздың жанұшыра жылаған кейпі оқырмандарының көз алдында қалды.

Мүгедектігі бар қыз эфир арқылы түскен табысына дәрі-дәрмек алып, табыс тауып отырғандықтан, араға апта салып, қайта оралып, оқырмандарымен өз ойын бөлісе бастады.

Өзгенің көңіліне қарамай, пасықтығын таныта ауыр сөйлетіндердің құрбаны болған тағы бір кейіпкеріміз – Айдана. Шағын ІТ-компанияда жұмыс істейтін бойжеткен соңғы айларда жұмысынан жылап шығуды әдетке айналдырған. Ол бөлім басшысы Ерланның үнемі келемеждеп сөйлейтінінен мезі болғанын айтады. «Мынаны да дұрыс істей алмайсың ба?», «Әй, сенен хатшы да шықпайды ғой». Қызметкер басшысынан осындай сөздерді күн сайын ести берді. Ең сорақысы, бұл сөздер әріптестерінің көзінше айтылатыны еді.

Алғашқы кезде бойжеткен өзін кінәлап, шынымен әлсізбін деп ойлап жүреді. Бірақ бір күні түскі асханадағы түскі ас үстінде ұжымның алдында бөлім басшысы тағы да Айдананы менсінбей сөйлейді. Сол сәт қасындағылардың бірі «Сіз адамның қадірін таптап тұрсыз» деп айтып салады да, бөлім басшысы әңгіме ауанын басқа арнаға бұрып жібереді.

Кейін басшының бұрынғы жұмыс орнында да қызметкерлерді қорлайтын әдетімен көзге түскені белгілі болады. Жоғары талап қоюды «басқару деген осындай болуы керек» деп түйген ол, өз сенімсіздігін басқаларды төмендету арқылы жасырып келген сыңайлы. Кейін тексеріс жүргізіліп, бөлім басшысына ескерту беріліп, алқа алдында кешірім сұрауға міндеттеледі.

Психологтар мұндай жағдайда өзгені қорлайтын адамның ішкі күйзелісі, комплекстері немесе билікке деген шамадан тыс құштарлығы болатынын айтады.

Қасыңдағы адамды қордау кейде опасыздыққа да алып келеді. Айрандай ұйып отырған отбасыны да ойран ететін осы сезім. Сөзімізге дәлел Айша мен Ерланның оқиғасы. Олар сүйіп қосылған бес жыл бірге тұрған жұп еді. Бірақ уақыт өте келе Ерланның мінезі өзгере бастайды. Оған Айшаның үйді қалай жинағаны немесе тамақты қалай жасағаны, бәрі-бәрі ұнамайтын. Алғашында жас келін бәрін өзінен көрді.

Күн өткен сайын күйеуі өз үстемдігін күшейтіп, әйелінің киіміне, достарымен қарым-қатынасына, тіпті жұмыс таңдауына да араласа бастайды. Ол жиі айқайлап, қорқытып, өзінің пікірін мәжбүрлі түрде тыңдатып, қабылдатқысы келеді. Сол уақыт аралығында Айша күннен-күнге кішірейіп, жүрегін қорлық сезімі меңдеп кеткенін біліп, өзгеруге талпынады.

Иә, адамды қорлау, жүрегіне жара салып, намысын таптау – күштіліктің белгісі емес, керісінше сенімсіздіктің көрінісі. Әлдекімді кемсіту арқылы ешкім өз құндылығын арттыра алмайды, керісінше өз беделін жоғалтады. Ең шынайы күш ол басқаларды түсіну, сыйлау және қолдау арқылы көрініс табады.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ