Халықтың талап-тілегі жерде қалмайды
Әр аудандағы қоғамдық тірліктің қызу ортасынан «AMANAT» партиясының филиалдары қай кезде де табылады десек қателеспейміз. Мәселен, Мойынқұм ауданында аталған партияның филиалы соңғы уақытта бірқатар маңызды бастамаларды жүзеге асырыпты. Біз бұған «AMANAT» партиясы Мойынқұм аудандық филиалының төрағасы Манарбек Көшкімбаевпен әңгімелесу барысында қанық болдық.
Атап айтқанда, Мойынқұм ауданында партия қызметкерлері тарапынан тұрғындармен кездесулер тұрақты түрде өткізіліп, әлеуметтік мәселелер уақытында зерделенеді екен. Инфрақұрылымдық жобалардың орындалуы тұрақты бақыланып, ауылдық жердегі түйткілдердің түйінін тарқату мақсатында жүйелі жұмыстар үздіксіз жүргізіліп келеді.
Өз сөзінде М.Көшкімбаев елдегі саяси үрдістерге де тоқталып өтті. Ол елде өткен бұрынғы сайлау науқанының маңызын атап өтіп, бұл кезеңде партияның жауапкершілігі арта түскенін жеткізді. Аудан тұрғындарының пікірін тыңдап, ұсыныстарын жинақтау, сайлау алдындағы ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүйелі жүргізу филиалдың басты міндеттерінің бірі болғанын әңгіме өзегіне айналдырды.
Аудандық филиал осы күні әлеуметтік ахуалды жақсартуға бағытталған бірнеше бастаманы сәтімен жүзеге асырып келеді. Оның ішінде тұрғындардың күнделікті тұрмысындағы ең өзекті мәселелерді шешуге арналған жобалар ерекше назарға алынған. Осы ретте филиал төрағасы қоғамдағы қаржылық мәдениетті қалыптастыру және азаматтардың қарызға тәуелді болмауына бағытталған бастаманың мәнін тілге тиек етті.
Жалпы «AMANAT» партиясы Мойынқұм аудандық филиалы көтерген мәселелер мен іске асырып жатқан жобалар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етіп отырғаны анық. Тұрғындармен ашық диалог орнатып, ел ішіндегі түйткілдерді дер кезінде анықтау филиал жұмысының басты тетігіне айналғаны аңғарылады. Партия өкілдері алдағы уақытта да осы бағыттан таймай, нақты нәтижеге жұмыс істеуді көздеп отырғаны қуанарлық жайт. Аудан халқының тұрмысын жақсарту, жастар мен жас отбасыларды қолдау, инфрақұрылымды күшейту секілді шаруалар күн тәртібінен түспейтін міндет екені баршаға аян. Қоғам мен билік арасындағы байланыс нығайған сайын, жергілікті бастамалардың да жемісі артатынына күмән жоқ.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ