Саясат

Кәсіпкерліктің орнықты дамуына жағдай жасау қажет

«AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов партия жұмысының стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде бизнесті қолдау мен дамытуға ерекше мән беріп, бұл бағыттағы жұмыстарды нақты әрі жүйелі жүзеге асыруды тапсырған болатын. Осыған сәйкес, партия жанынан Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылған еді. Жақында «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы ұйымдастырылды. Жиын облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек пен «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұловтың тең төрағалығымен өтті.

Кеңес отырысына облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарушы директоры Қанат Әубәкіров, «Zhambyl Invest» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басқарма төрағасының міндетін атқарушы Нұрбол Қайранов шақырылды. Одан бөлек, аумақтық филиалдардың төрағалары, аудан әкімдерінің салалық орынбасарлары мен бөлім басшылары және кәсіпкерлер ZOOM платформасы арқылы қатысты.

Үйлестіру кеңесінің міндеті – кәсіпкерліктің орнықты дамуына жәрдемдесіп, қолайлы бизнес-ортаны қалыптастыру және әкімшілік кедергілерді барынша азайту, экономиканың инвестициялық тартымдылығын арттырып, отандық кәсіпкерлерді және олардың заңды мүдделерін қорғау. Сонымен қатар бизнестің экспорттық әлеуетін дамытуға жәрдемдесіп, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін дамытып, кәсіпкерлік саласындағы проблемалық мәселелерді талдап және заңнаманы реттеуді жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу, кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік және партиялық бағдарламалардың іске асырылуына мониторинг жүргізу де жүктелген.

Жиынның күн тәртібінде өңірдегі бизнес өкілдерінің өзекті мәселелері талқыланып, оны шешудің жолдары қаралды. Алғашқы сөз облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевқа берілді.