Жастар

Жастар қанатының жаңа бөлімшесі ашылды

Жуырда Қазақ ұлттық сушаруашылығы және ирригация университетінде «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты бөлімшесінің салтанатты ашылу рәсімі мен сайлау конференциясы өтті.

Іс-шараға «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов пен Қазақ ұлттық сушаруашылығы және ирригация университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Кәмшат Түсіпова қатысты.

Жиын барысында Дауыл Ынтықбайұлы жастардың партиялық жобаларға белсенді қатысып жүргенін атап өтті.

Дауыл Бейсенқұловтың айтуынша Жұмысшы мамандықтары жылы аясында «Қазфосфат» зауытының базасында 300 жұмысшы жастың қатысуымен «Жұмысшы жастар аманаты» форумы өткізілген. Сондай-ақ «Жастарға жұмыс» жобасы аясында 50-ден аса жұмыс беруші 500-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынған үлкен жәрмеңке ұйымдастырылыпты. Қатысушылардың ішінен 36 адам жұмысқа орналасқан.

Ал университет ректоры Кәмшат Түсіпова «Жастар рухы» жастар қанатының жұмысына оң бағасын беріп, болашақта барлық бастамаларға қолдау көрсетілетінін айтты.

Конференция қорытындысы бойынша университет жанынан құрылған бөлімшенің төрағасы болып Нұрдәулет Тұрар сайланды. Алдағы уақытта жаңа бөлімше тарапынан нақты жобалар мен әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар жүзеге асырылады деп күтілуде.

Сымбат ҚУАНЫШ