Жұмыр жоспар жұмыссыздық деңгейін төмендетті
Жуырда «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі аймақтық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмыстары, жастар жұмыссыздығын төмендету мәселелері және Жұмысшы мамандықтары жылы аясында қолға алынған бастамалар жан-жақты талқыланды.
Күн тәртібіне шығарылған алғашқы мәселе бойынша облыс әкімдігі білім басқармасының техникалық және кәсіптік білімді дамыту орталығының директоры Айбар Сапарғали баяндама жасады. Баяндамашының айтуынша, жаңа оқу жылынан бастап барлық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысы «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы негізінде жүргізілуде. Бұл – бұрын жүзеге асырылған «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасының жалғасы, бірақ мазмұны жаңартылып, Мемлекет басшысының «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» идеологиялық қағидасымен үндестірілген.
Мұнан кейін баяндама жасаған облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадыралиевтың айтуынша, биыл жастарды жұмыспен қамту жоспары 20 903 адам болып белгіленсе, 2025 жылдың 1 желтоқсанына дейін жұмыспен қамту орталықтарына 26 мыңнан аса жас жүгінген екен. Нәтижесінде 19 414 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланғаны белгілі. Бұл – еліміздегі еңбек нарығын тұрақтандыру, жастарды нақты кәсіпке баулу және өндіріс саласында сұранысқа ие мамандар даярлау ісін күшейтуге бағытталған маңызды бастама. Осыған орай, жыл басынан бері облысымызда жастарды техникалық жұмысшы мамандықтарға баулу бағытында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтқанда, жастарға өндіріс орындарының тыныс-тіршілігі, зауыттардың жұмысы, техникалық құрал-жабдықтары мен жұмыс барысын кеңінен таныстыру және жастарды жұмысшы мамандықтарға тарту мақсатында «Alashprom», «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің зауыттарына экскурсиялар ұйымдастырылған. Бұл туралы кеңес отырысында облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты Еңбек мобильдігі орталығы мекемесінің директоры Адилхаир Атин баяндады.
Жиын соңында баяндамашылар қатысушылардың сауалдарына жауап беріп, көтерілген мәселелер аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ