Сапалы диалог – сапалы қызмет
2-4 желтоқсан аралығында облыстың денсаулық сақтау ұйымдарында ерекше мазмұнды, кәсіби деңгейде ұйымдастырылған оқыту жұмыстары өтті.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – медициналық мекемелердегі жанжалды жағдайлардың тәуекелдерін азайту, пациенттерді қолдау қызметінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ дәрігер мен пациент арасындағы өзара сыйластыққа негізделген сауатты қарым-қатынасты дамыту.
Оқытуды медицина саласында мол тәжірибесімен танылған мамандар, атап өтсек, медицина ғылымдарының докторы, Алматы қаласындағы Тұран университетінің психология кафедрасының профессоры Марат Асимов, Салидат Қайырбекова атындағы Денсаулық сақтауды дамыту ұлттық орталығының сыртқы кешенді бағалау жөніндегі сарапшысы, ұлттық және халықаралық JCI аккредитациясына дайындау бойынша кең тәжірибеге ие Магира Жакыпбекова жүргізді.
Тренингке өңірдегі медициналық ұйымдардың бас дәрігерлері мен олардың орынбасарлары қатысты. Мұндай оқыту – саланың ішкі мәдениетін жаңғыртып, медициналық қызмет сапасын арттыруға жасалған маңызды қадам. Өйткені кез келген жанжалдың алдын алуда да, пациентке қызмет көрсету стандарттарын жақсартуда да көшбасшылардың рөлі айрықша.
Тренинг барысында дәрігер мен пациент арасындағы сыйластықтың маңызы, жанжалдар туындауына әсер ететін негізгі факторлар, оларды болдырмау тетіктері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар пациентті қолдау қызметінің жұмысын күшейтуге арналған практикалық әдістер ұсынылып, нақты жағдайлар арқылы талдау жүргізілді.
Қатысушылардың айтуынша, бұл оқыту медициналық ұйымдарда жаңа коммуникациялық мәдениет қалыптастырып, қызмет көрсету сапасына оң ықпал етеді. Ең маңыздысы – мұндай шаралар пациенттердің дәрігерге деген сенімін арттырып, денсаулық сақтау жүйесінде өзара түсіністік пен құрмет мәдениетін нығайтады.