Руханият

Әсері бөлек әдеби-сазды кеш

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде ақын, журналист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Ғайни Әлімбекқызының шығармашылығына арналған «Сен берген гүл» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Ақынның поэзиясы мен журналистикадағы жолын жас буынға кеңінен таныстырып, туған жерге, ел мен ұлтқа сүйіспеншілік, адамгершілік пен ізгілік тақырыбын тереңірек ұғындыруды мақсат еткен кеш ақын туралы арнайы дайындалған бейнероликпен ашылып, көпшілік назарына «Сен берген гүл» шығармасының сахналық көрінісі ұсынылды. Бұл қойылым кештің лирикалық тынысын айқындап, ақын өлеңдерінің нәзік иірімдерін көрерменге жақындатты. Бұдан бөлек, Ғайни Әлімбекқызының Тараз қаласына арналп жазған жырлары оқылып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Ақын өз туындыларында қаланың тарихи болмысын, рухани құндылығын, киелі орда ретіндегі келбетін терең сезіммен өрнектейді.

Ғайни Әлімбекқызының облыстық «Jambyl» телеарнасындағы отыз жылға жуық қызметі өңірлік журналистиканың дамуына үлкен серпін бергені атап өтілді. Оның «Айна», «Айша бибі», «Өмір-өткел», «Жомарт жүрек», «Ғұмырнама», «Тараз төрінде» сынды бағдарламалары телеарнаның алтын қорында сақтаулы. Сонымен қатар түсірген деректі фильмдері мен тарихи жобалары бүгінгі жас журналистер үшін үлгі-өнеге.

Жиынға келген қатысушылар ақынның шығармашылық жолына жоғары баға беріп, оның әрбір туындысы ұлттық рух пен туған жерге деген махаббатты насихаттайтынын ерекше атап өтті. Шығармалары жас буынның әдебиетке қызығушылығын оятып, поэзия әлемін терең тануға жол ашатыны да сөз болды.

Сымбат ҚУАНЫШ